Пәлен жерде алтын бар...

Пәлен жерде алтын бар...
жеке
блог

Университетте студенттер күніне орай, бастарыңнан өткен қызықты оқиғаны жазып әкеліңдер деп тапсырма берді.

Сессия жүріп жатқан кез. Дәл ертең қатал апайдың сабағынан сынақ тапсырамыз деп, жанталаса дайындалып жатқанбыз. Бірде түнгі клубта ұйымдастырылып жатқан мерекелік кешке шақыру қағаздары қолымызға түсті. Су тегін! Өзіміз бес қыз едік, шақыру билеттері де санап қойғандай, бесеу екен. Оқуға бас қойғанымыз соншалық, екінші курсты бітіргелі жатсақ та, түнгі клубтың табалдырығын бір аттап көрмеппіз. Барайын десек, күні ертең емтихан, бармасақ көп қызықтан құр қалардай боп, қайта-қайта ойымыз бөлініп, билет жаққа жалтақтай береміз. Мұндай мүмкіндік екінің біріне бұйыра бермейді. Ақыры тәуекелге бел буып, қызық болсын деп, емтиханға дайындықсыз баруды ұйғардық. «Қыздар-ау, ертеңгі емиханды ойласаңдаршы, қайдағы түнгі клуб?», деген группаласымыздың сөзіне құлақ аспадық.  Жатақхана «қақпасы» 23:00-де тарс жабылатынын білеміз, ертерек шығып, таксиге қол көтердік. Таксисттің үстінде көк туымыз бейнеленген спорт киімі бар, сірә, споршы болса керек. Аздап сақал жібергеніне қарап, оның дінге жақындығын байқадық. Көзінен де иманды жігіт екені көрініп тұр.

Иә, қайда бет алдыңдар, қыздар?

Қорғалжын тас жолы 2a... «Оскар» түнгі клубы

Ата-аналарың біле ме клубқа бара жатқандарыңды?

Білмейді...

Түнгі уақытта қыдыруға болмайды деп ешкім үйретпеді ме сендерге?

Ақыл айта бермеңізші, ағай! Өмірімізде бірінші рет клубқа баруға шешім қабылдадық, кедергі келтірем деп ойламаңыз.

«Қызға қырық үйден тыйым», деген, сендер менің қарындастарым емессіңдер ме? Сендерді бұл жынойнаққа апарсам, менің ағалығым қайсы? Шариғатта бұл жайлы не деп жазылғанын білесіңдер ме?

Аға, біз бәрін білеміз, түсініп отырмыз бәрін, тек бізді райымыздан қайтарам деп әуре болмаңыз.

Обалы не керек, таксист бар ағалық ақылын айтып, біздің онда бармауымызды өтінді. Қырсыққанда, Қорғалжын тас жолын екі айналып шықсақ та, әлгі  түнгі клубты таба алмадық. Көшедегі адамдардан жол сұрап жатырмыз, ешқайсысы білмейді. Ағаның үстінде туымыз бейнеленген спорт киімі, сақалы бар, мәшинесі толған қыз, оған қоса түнгі клубты іздеп таппай жүр, бәлкім содан да болар, жөн сұраған адамдар жауап бергісі келмей қашқақтайды))) «Қыздар, әлі де кеш емес, үйлеріңе қайтыңдар, тегін-ақ апарып тастайын», деп таксист жалынса да, алған бетімізден қайтпадық. Айтқан сөзін тыңдамаған соң, «не істесеңдер де өздерің біліңдер», деп қолын бір-ақ сілтеді. Біз «Мега» орталығының қасынан түсіп қалдық.

Сағат түнгі бірден асты, біз әлі адасып жүрміз. Арада бір сағат өткенде, адамдардан сұрай-сұрай, таптық «Оскарды». Өзі бір елеусіздеу жерде орналасқан екен. Мына қызыққа қараңыз, сонша «азапты» көріп, сонша «белесті» бағындырып жүріп тапқан клубымыздың есігі тарс жабық. Адам аз жиналды деген желеумен мерекелік кешті болдырмапты. «Пәлен жерде алтын бар, іздеп барсаң мыс та жоқ». Қазақтың қай сөзін алсаң да, тектен-текке айтылмағанына тағы да көз жеткіздім. Көңіліміз су сепкендей басылып, көше бойымен келе жатырмыз. Әлгі таксисттің телефон нөмірін де алып қалмаған екенбіз деп өкіндік. Жатақханаға кіре алмаймыз,  қонақ үйден нөмір жалдап, бесеуміз түс көрместен ұйықтап кеттік.

Ертесіне емтиханға кешігіп келдік, ұйқы қанбаған, ешқандай билетке дайын емеспін. «Жауапты студенттерімнің бірі едің, саған не болған?», деп оқытушының өзі аң-таң. Бұл сөздерді естігенше, өлгенім артық еді ғой деп, құлағымның ұшына дейін қызарып мен отырмын. Группаласымды сөйлетіп, дін жолындағы таксистті кездестіріп, барар жерімізден адастырған Алланың ескертуін біз түсінбеген екенбіз. Осы оқиға маған үлкен сабақ болды. Бұдан былай, қандай жұмыс болмасын, бәріне де жауапкершілікпен қарайтын болдым. Laughing