"Өзіңмен алыс өлгенше..."

Бұрын, бұрын болғанда енді 1-2 жыл бұрын маған әсер етпейтін дүние болмайтын. Көшеде көрген әділетсіздік, автобустағы мәдениетсіздік, айтылып жатқан сапасыз әндер, түсірілген сапасыз клиптер, арсылдаған әйелдер, тырсылдаған жаңбыр, бұлттанған күн... жалпы жаныма жақпайтын дүниелер көп болатын. Жасырмайын, әсіресе діни фанатизм мен қазақ әншілері мен әндеріне шағым көп айтатынмын. Олардың ізденбейтініне, той әндеріне құмар болатынына, еш еңбек еткісі келмейтіндеріне налитынмын. Сонымен қатар, «тупо» ұнамайтын әншілер болатын. Олардың не қылығын жаратпаймын, не сөйлеген сөзін, бір маска киіп алып, ел алдында ойнап жүргендей көрінетін.

Тілеулес адамдарды тауып алып, ал кеп айызың қанғанша жамандағанда жаның кіріп қалардай болатын. Ал сосын, сосын... бәрі өзгерді. Бір кітаптан оқығаным бар еді, адамның айтқан сөзі өзіне қайтып келеді деген. Яғни, қаншалықты сен жаман сөздер айтып, жаман ойларыңды сыртқа шығарған сайын өмірің де соған байланысты құралады. Жалпы адам бойындағы жеккөрушілік сезімі адамның аурасына, одан кейін ойларына, одан кейін сөздеріне ұласып, тіпті ауру тудыратын да өз ойлары дейді. Ал біз бақытты өмір сүргіміз келеді ғой. Ал бақытты болу үшін бақытқа жетелейтін іс-әрекеттер жасауымыз керек.

Әрине, азаматтық позиция, өз ойың болуы маңызды. Бірақ, біздің сөздеріміз басқалардан бұрын, өзімізге қаншалықты әсер етіп жатқанын ойламайтын сыңайлымыз. Бастапқы кезде өз ойымды іште сақтап қалуға біраз қиналдым, ұнамайтын нәрсемді неге ұнамайды деп айтпауым керек, сапасыз болған соң сапасыз деп айтуым керек қой дейтінмін. Бірақ біртіндеп, ашуға берілместен бұрын ойланатын болдым, бұл сөзім не шешеді, бұл іс-әрекетімнен кімге зиян келеді, арты не болады дей келе, бар кесірді кейін өзім тартатыныма көзім жете бастады.

Солай, солай, көп жағдайда үндемей, мән бермей жүре беруді әдетке айналдырдым. Тіпті әділетсіздік көріп тұрсам да, демек ол адам соны тілеп алған шығар, біреу жамандық істеп жатса, сол саған бақыт әкелсе, бақытты болып кетші, айналайын деп. Сапасыз дүниелер жасаса, сол саған ақша әкелсе, бақыт тапсаң, риза болшы дейтін болдым. Ең бастысы өз ішімде жаман ойлар мен жаман сөздерді қалыптастырмауды басты мақсат еттім.

Бірдеңе айтар болсаң, оның шындық екеніне, оны айтуға міндетті екеніңе, бұл жақсы сөздер екеніне көз жеткізгенде ғана айт дейтін сөздерді оқып, қанша сол ережені ұстанбақ болсам да, кей-кейде ұмытып, бәрібір ашуға булығатын кездер болады. Алайда, әлі күресіп келемін өзіммен. Өз ойларыммен, өз сөздеріммен, өз іс-әрекеттеріммен...



Бөлісу: