Жақында бір досымның үйіне қыдырып барып қалдым. Досымның аздап тірлігі бар екен. Күте тұруға тура келді. Есік алдында ас ішетін орындықтары бар-ды. Соған барып жайғастым. Қолыма телефонымды алып таныстарыма хабарласа бастадым. Дастархан басында қалам мен бір жапырақ қағаз жатқан-ды. Қолыма қаламды алып, параққа әлденені енді түртіп болғаным сол еді, досымның анасы үйден шығып келеді екен.
- Сәлеметсіз бе!-дедім
- Халің қалай балам?Оқуың қалай?
- Бәрі жақсы апай, оқу да жақсы. (кезінде мектепте психологиядан сабақ берген-ді)
- Үй-іші қалай? Апаңның денсаулығы қалай?-деп барлығын бастырмалатып сұрап жатыр. Мен де барлығының жақсы екенін жеткізіп бақтым. Хал-жағдайымызды сұрасып болғаннан соң:
- Жаңа осында қалам мен парақ тастап кеткен ем?Көрмедің бе?
- Мен оған...
- А жарайды, жаңа телефонмен сөйлесіп отырып әлдене түртіп отыр едің ғой. Әлі өлең жазып жүрсің бе?-деді.
- Жоқ, қазір уақыт болмай кетті ме? Әйтеуір қым-қуыт тіршіліктің қамымен жүрміз ғой.
Мектепте оқып жүргенімде осы апайға (досымның анасына) риза болатынмын. Өз мамандығын шын жақсы көретін. Әр баланың мінезін, көңіл-күйін бақылап, апта сайын психологиялық тест алып отыратын. Кейде бір тығырыққа тірелгенде апайымнан көмек сұрауға асығатынмын. Бүгін де апайым мені үйден бақылап отырса керек-ті. Қолына бір газетті ала шығыпты. Сәлден соң:
- Жақында өзім құрастырған бір психологиялық тестім газет бетіне шығыпты. Соны саған ала шықтым. Жаңа телефонмен сөйлесіп отырып, әлденені шимайлап отыр едің. Негізінен, телефонмен сөйлесіп отырып адамдар қолына қарындаш түссе, көзіне түскен қағазды шимайлай бастайды. Осы суреттерге қарап мінезді айқындауға болады. Мен сенің мінезіңді «беске» білемін ғой. Сонда да қарап шық, мен де өз тестімді сынап көрейін – деді.
Қағазымды ашып енді “Мен...” – дей бергенім сол еді,қағазымды қолына алып, газеттің бетін ашып оқуға ыңғайлап қойды. Сонымен оқуға кірістім. Телефонмен сөйлескенде қандай суретті көп саласыз? Тақырыбы осылай екен.
Яғни, Сіз телефонмен сөйлесіп отырып қандай суретті көп саласыз.
Қол қою Ширатпа немесе ирек сызықтар Квадрат және торкөз Үй және симметриялық суреттер Гүл, табиғат, күн, бұлт Шахмат Дөңгелек, айқыш-ұйқыш суреттерҚол қою
Менмен, өзімшіл адамдар қол қойғанды жаны сүйеді. Яғни сіз де сондай жандардың қатарынансыз, өзіңізді қатты бағалайсыз әрі жақсы көресіз. Мұны тым жаман қасиет деп айта алмаймыз, дегенмен айналаңыздағы жандар сенім арта алады ма? Осыны ойланып көріңіз.
Ширатпа немесе ирек сызықтар
Мұндай суретті жиі шимайлайтындарда үлкен проблема бар деген сөз. Тығырықтан шығатын жолды, амалды таппай көп қиналады. Егер сызықтар жуан болатын болса, онда оның жанына тым маза бермейтін анық.
Квадрат, тор көз
Бұл да мазалайтын бір істің бар екендігін аңғартады. Мұнда салынған суреттегі әрбір сызықтарға қарап (көлеміне қарай ) қиындықпен күресетін артық күштің керектігін білдіреді.
Үй және симметриялық суреттер
Мұндай жандар ұқыпты келеді және дұрыс шешім қабылдай алатындар. Олар мақсатына жетуде өзіне не керектігін жақсы біледі. Артқа шегінбейді, қолға алған ісін соңына жеткізеді.
Гүл, табиғат, күн, бұлт
Өмірге құштар және көңілді жүретін адамдар үнемі осы суретті салады. Ойлауы және қиялы мықты болғандықтан ұжым арасында оқ бойы алда жүреді. Жабырқауға жол бермейді және оптимист.
Шахмат
Үнемі алда жүргенді жақсы көреді, жеңілісті мойындағысы келмейді. Егер біреумен сөзге келіп қалғанда оның көзқарасымен ешқашан келіспейді, кешіріммен қарамайды және жол да бермейді.
Дөңгелек, айқыш-ұйқыш суреттер
Айналаңыздағы адамдардың бұлар жайлы пікірі жаман емес. Олар серіктестікке, келісімге келуге әрқашан дайын жандар. Бұлар өздерін ешқашан жалғыз сезінбейді, әрдайым адамдармен ойында, сырын бөлісіп жүреді.
Ал менің шын мәнінде қағаз бетіне жазғаным танысымның нөмірі ғана болатын...