Әсем музыка жанымды еліткенде... Түні бойы жауған ақ жаңбырдың тырсылы терезе сыртынан естілгенде... Ауыл жақта көз жеткісіз қырдан немесе биік таудан құлайтын күн, енді үлкеееен ғимараттардың арқасына тығылып, қызарып барып кеш кіргенінде... Дамыл таппайтын қала көліктері түн ауа саябыр тапқанында... Көңілдің күйі кетіп, барар бағытым белгісіз бақша кезгенімде... Таң ата тұнған тыныштықты жарып, тіршілік сыйлап күн көкке ұшқанында... Түн пердесін сыдырып шағын бөлменің үлкеееен терезесінің ескі пердесін жұлқи тартып, алдымнан жарық әлем жарқ ете қалғанында... Үлкееен асхананың бір бұрышындағы төрт кісілік үстелде алдыма қойған асты тәбетсіз туысқанымда... Сөзін түсінбейтін сансыз ұлттың арасында өз тілімде іштей күбірлегенімде... Бірі мініп, бірі түсіп алыс пен жақынға аттанған адамдар нөпірі көп автобус аялдамаларында... Қараңғы түнектерді бұзып барар жеріңе жеткізетін метро бекеттерінде... Батыс пен шығысқа, оңтүстік пен солтүстікке көөөөп вагондарды шғарып сап, күтіп алатын пойыз станцияларында...
Ауызыма келген әдемі шумақтарды қағазға түсіре алмай, қаламсабымның басын кеміргенімде... Ештеңеге зауқым соқпай қолымды басыма қойып әппақ етіп боялған бөлменің үстіңгі қабырғасына ұзақ қадалғанымда... Сабырым кетіп саябыр таппай әлдебір жақтарға асыққанымда... Көшеден қайтып жатақхана алдына келіп жарығы жанбаған жалғыз бөлмеге кіргім келмей біраз кідіргенімде... Қалтамда жүрген телефоныма алыс жақтардан қоңыраулар шалынғанында...
Бәрін де қойшы... Мен ауылды сағынғанымда... Өзіңді ойладым,күнім!