Өзің білме
блог
"Ең жаман қарғысты білесің бе?"-деп сұраған еді бір мұғаліміміз кезінде. Әркім әрқилы естіген "сөйлемдерін", "тіркестерін", "баталарды" қарғысқа теліп, айта жөнелді. "Жерге кіргір", "тұқымың құрығыр", "көсегең көгергір (қарғыстай естілгенімен, мұның бата екенін ұқпағандар да бар еді), "Құдайдан жеткір",... аналарының ашуына тиіскенде еститін сөздері, біреуге кесірі тигенде еститін сөздері... әйтеуір жамырай жөнелдік. "Таппадыңдар" деді апайымыз. "Енді қандай қарғыс?" - деп, барлығымыз аң-таң болдық. Жер бетіндегі ең жаман қарғыстарды біз ғана естігендей, бұдан да басқасы бар ма дегендей таңырқап. "Онда мен айтайын. Біліп жүріңдер. "Өзің білме, білгеннің тілін алма" деген - ең жаман қарғыс" - деді апайымыз. Әрине, ол кезде әншейін тіркестей, болмашы болып көрінген. Байыбына барып, сөз мәнін ұқпағанымыз да анық. Қазір ойланып қарасам, расында да, ең жаман қарғыс сол екен-ау. Бұл сөзді маған ешқашан ешкім айтпағанына қатты қуанамын... Ешкімге ешқашан ешкім айтатындай жағдай тудырмаса екен...
Н.ғ.: ...жазбаларымды жазбасам да болады, бірақ ойыма, бойыма, миыма, санама сыймаған соң, еріксіз жазамын. Бір күні оларды басқалай шығарудың тәсілін тапқанда, жазбасымақ пен өлеңсымақтарым да тоқтар. Әзірге шыдауларыңызға тура келеді. Кешірім өтінемін... Рахмет.