12 наурыз «Қазақ әдебиетінде» жарияланған Шархан Қазығұлдың «Қазаққа нигилизм қауіпті ме?»мақаласынан кейінгі ой.
Адам-жеке субьект, бірнеше адам-топ, бірнеше топ кісі-қоғам. Қоғам әр қилы болуы мүмкін, ең бастысы оны құрайтын негізгі бөлшек- адам болып табылады. «Бес саусақ бірдей емес» деп бекер айтылмаған. Әрбір адам өз алдына индивидум, өз алдына бір бөлек дүние. Олай болса осыншама бір-біріне ұқсамайтын адамдар қоғамда қалайша тіл табысуы керек деген сұрақ ойымызға келеді. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп ұлы Абай айтып кеткендей адамның бүкіл өмірлік жолы, іңгәләп туылғаннан бастап ақтық сапарға аттанғанша өлеңнен ғана емес махаббаттан да тұратыны хақ. Қоғамдық қарым-қатынастың шам-шырағы да осы махаббат сияқты. Вен психологы Альфред Адлер былай деген екен: «Айналасына көңілі толмайтын кісі, өмірдегі ең үлкен қиындықтарға тап болаы және өзгелерге аса зор қауіп төндіреді. Мұндай пенделер бар адамзаттық жамандықтың бастауы». Аталмыш ойдың мағынасы адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Қанша тырысса да білместіктен өзі құрған торға өзі келіп түседі. Адам бар да, хайуан бар. Алғашқысы жүрекпен, соңғысы жүрексіз. Адам кейпіндегі хайуан-адамзаттың қас жауы дегенге сайып келеді. Біз мұсылман қауымы дүниенің ақыреттілігіне сенеміз. Олай болса адамдар арасында махаббат жоғалған күні ақыр заман болатыны да рас. Қатыгездік пен тас жүректіліктің бастауы ретінде мен-менділікді (эгоизм), өмірден жалығу немесе бос белбеулікті (пассивность, меланхолоизм), жалпы жалығу немесе мойынсұнуды (пофигизм) және барлық адами игіліктерді жоққа шығаруды (нигилизм) қарастыра аламыз. Кез келген адамның ішінде «мен-менділік» жатыр. «Мен-менділік» керек пе, ол қорқынышты ма, адамға қауіпті ме, келер зардап қандай деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Алдымен мәселенің мән-жайын ашып алайық. Эгоизм (латынша ego-«мен»)-өз қара басының пайдасын жеу, өзгелердің пікіріне, қызығушылығына қарағанда өзінің пікірін, қызығушылығын қарастыру қамына жұмсалатын адам ойының әрекеті. Қалыптасқан пікір, дәстүр бойынша эгоизмге керағар-альтруизм. Спецификалық көзқарас бойынша эгоизмнің келесі түрлерін атап өтуге болады: рационалдық пен иррационалдық және гедонизм. Ағартушылық дәуірінде адам белсенділігінің әмбебаптық қайнар көзі ретінде эгоизм ұстанымы кең танылды. Терминнің өзі ХVIII ғасырда пайда болды. ХVIII ғасырдың Француз ойшылы Гельвеций «саналы эгоизм» теориясын алға тартты. Л.Фейербах ойына сүйенген Н.Г.Чернышевский 1860 жылғы «Современник» газетінде басылып шыққан «Антропологический принцип в философии»атты мақаласында «саналы эгоизмнің» өзіндік теориясын ұсынды. Чернышевскийдің «Не істеу керек» кітабынан үзінді: «-Шынында, сергей ойлы кісілердің «адамды табыстың есебі жүргізеді» деген сөзі рас-ау.. -Олар дұрыс айтады. Әлгі жоғарғы сезімдер, асыл мақсаттар дегендердің бәрі өмірдің толассыз ағысында әркімнің өз пайдасы үшін ұмтылуының жанында түк емес. Және алдыңғы айтылған анықтауыштардың түп тамыры пайдаға ұмтылудан тұрады. Кейбір зерттеушілердің пайымдауынша, саналы эгоизм тіршілік үшін ұзақ жылдар бойы жалғасқан үздіксіз күрес кезінде қалыптасып, атадан балаға беріледі. Бұл бір ғана пенденің бойында емес, ортақ мақсатпен байланған адамдар тобында болады. Ең ақиқаты, адамға ұқсас түрлердің арасында, пендемен өмір үшін күрес кезінде қатар жүрген түр тірі қалады. Оның әсіресе, өзара қорғану сезімі өте күшті, ортақ қорғану сезімі жеке басты сақтау сезімінен биік тұрады. Ал, жеке басты сақтау сезімі жоғары болғанда, кейде ру немесе тайпаға шығын келеді. Яғни эгоизм мақсаты, ойлары бір жерден шыққан топ адамдардың өздерін сақтау, қайткен күнде де аман қалу мүддесінен туындаған. Сөйтіп Чернышевский эгоизм- жаңа заманның жаңалығыи емес о заманнан келе жатқан, ұрпақтан ұрпаққа берілетін қасиет деген пікірге бой ұрды. Қазіргінің эгоизмі топтық формада емес жекелей болып келеді. ¬Өз өмірін баянды қылмақ үшін адам әр түрлі әрекетке баратыны сөзсіз. Осыған байланысты эгоизм рационалдық, иррационалдық болып жіктеледі. Рационалдық эгоизм саналы түрде өз іс-қимылына жауап берсе, иррационалдық эгоизм-бейберекеттілік, ұзаққа апармайтын үрдіс. Эгоизмді екі жақты саралауға болады: бірі жақсы, екіншісі бұрыс. Не десек те эгоист болу, болмау әркімнің өз шаруасы болса да оның қоғамдық өзгеріске әкеліп соқтыратынын қалай жасырамыз. Біз қазірдің өзінде эгоистпіз, не дейін мен де эгоистпін. Құнанбайдың Абайға айтқан «жайдақ суы» болғым келмейтіні шындық. Ананың көңіліне, мынаның көңіліне қараймын деп тарлықтан қиналып, қиындық шегіп, азап тартқым келмейді. Осы өмірден кейін тағы өмір бар. Бұл өмірде азап шеккен адам о дүниеде бақыт табады дейтіндер көп. Оны мен мозахизм (өзін-өзі қинау) деп түсінем. Жоқ, мен біреуді алдап, ала жібін аттап, адам өлтіріп, зорлық-зомбылық көрсет демеймін. Керісінше жүрегің махаббатқа толы болсын, тек сол махаббатың құрбаны, біреудің ойыншығы, қолшоқпары болып кетпе деген ойым. Өмірде эгоизмнен де қорқынышты жайттар бар. Солардың бірі- жалығу. Аталмыш мәселе туралы Абайдың бір ғасыр бұрын қалай айтып кеткеніне тоқталайық. Абай Құнанбаевтың жиырмасыншы қара сөзі: «Тағдырдың жарлығын білесіздер- өзгерілмейді. Пәндеде бір іс бар жалығу деген. Ол- тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі жора тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласының құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де ақырында тағы келіп жетеді. Ақылы түгел, ойлы адамның бір баласы байқаса осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңілі аз ба, көп пе жалығады. Аның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суи бастайды. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақұлыққа құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады? Бірақ осы жалығу деген әр нені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын-бәрінің баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Хаттаки ғұмырдың баянсызын, дүниенің әрбір қызығының ақырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын». Адам шыр етіп дүниеге келгеннен бастап ақырет күніне шейін білім-ілім жинаумен өтеді. Сол білім негізінде есейеді, ойы өзгереді, кемелдене түседі. Бірақ кай кездеде асқан білімпаздықпен көзге түскен жандар баянсыз ғұмырдан шаршап, одан жалыққан. Жалығудың түбінде өмірдің сырын толықтай, ақырына дейін танып білуге болмайтындығын мойындауға шамасы жеткен ерлік жатыр ма әлде адам көңілін аулайтын, жаулап алатын дүниеде ешбір қызықтың болмағаны ма белгісіз. Өзімізге белгілі будда монахтары жиған-терген біліміне қарамастан адамзат игілігі үшін үнсіздікті, жан мен тән тыныштығын сақтауды жөн көрген. Бұл не деген әрекет?! Өздеріне назар аудару үшін қолданылатын әдіс-тәсіл ме әлде сол арқылы баянсыздықтан қашу жолы ма тағы белгісіз. Әйтеуір өмірде белгісіз жайттар көп. Біз пенделер соны білгіміз келеді де тұрады. Сағымды қуғандай артынан жүгіре береміз, жүгіре береміз. Неліктен? Адам көргісі келген нәрсені ғана көреді, бірақ өмір идеал емес, ол күтпеген қуаныш, ол күтпеген қайғы, мәңгі өзгеріс. Баянсыз дегені де сондықтан. Алайда күнтізбеде 2010 жыл, ХХІ ғасыр. Абай тоқталып кеткен «жалығу» қазіргі кезде жастар арасында жұқпалы эпидемиялық ауруға айналды. Бесіктен белі шықпаған ұл-қыздар «пофигизмге» әуес. «Пофигизм» дегеніміз барлығына түкіру, мойынсұну. Немесе «маған бәрібір, не қылсаң о қыл» дегенді білдіреді. Абай заманында және оған дейінгілер горизонт шексіздігіне тап болса, қазір біз горизонтқа көз тастайтындардың азайып бара жатқанындығын мойындауға мәжбүрміз. Жастар неден шаршайды, неліктен жалығады және оларды сол үшін айыптау керек пе? Қиын сұрақ. Біз жастар расында өмірден шаршаймыз, әлемді топан су қаптаса да, сол салқынқандылықты сақтаймыз, өмірді өзгерткіміз келмейді, өзгертетін жастар табылып жатса да, саясаттың қармауына түседі де кетеді. Өзіндік дәрменсіздігімізді сезінеміз, тап бір шахмат ойнындағы «пешка» іспеттеспіз. Бізге ана жаққа бар дейді, барамыз, мына партияға кір дейді, кіреміз, ертең министр келеді, қарсы ал дейді, қарсы аламыз. Барғанымыз, кіргеніміз, қарсы алғандығымыз үшін де қуанбаймыз да жыламаймыз, бізге бәрібір, әйтеуір тиіспесе, бағамызды қойып берсе, жайымызға қалдырса болды, сол да жетер деп ой түйеміз. Өмірдің өзгерістеріне бейжай қарау жастар арасында пайда болған жаңа психологиялық толқын. Өмірге осы тұрғыдан қарау дұрыс па, бұрыс па, білмейміз. Білетініміз жалығу эгоизмнен он есе қауіпті, зардабы да мол. Жалығу деген бас қатырмау, ойланбау, ол адамның ұйқыда еместігіне қарамастан санасының ұйықтауы. Жалығудың негізінде бес дұшпанның бірі еріншектік, жігерсіздік пен қорқыныш жатыр. Кезінде психолог Генри Форд былай айтып кетіпті: «Егер табыстың ерекше бір құпиясын бөлектеп алуға болатын болса, ол өзге адамның көзқарасымен қарап, және сол заттарды нақты бұрыштан өз көзіңмен көргендей бақылау ерекшелігіне тікелей байланысты». Бар дегенге ере салатын студент қауымы жалыққан болса, студенттердің тілегін есепке алмайтын билік қауымы- эгоисттер. Сол себепті біздің қоғамда «мен оның орнында болғанда не істер едім» деген ұстаным жетіспейтін сияқты. Осыдан «Даудың басы-Дайрабайдың көк сиыры» болатындығы мәлім. Бойын эгоизм билеп, алайда қоршаған қоғамға бейдай жалыққандар «нигилист» дертіне шалығады. Нигилизм (латынша nihil-ештеңе, ешнәрсе)-адамзат негізінің саналылығын жоққа шығаратын, қоғамда кең таралған адами, мәдени игіліктерді мойындамайтын дүниетанымдық көзқарас. Орта ғасырда нигилизм ілімі қолға алынды. Нигилизм Христостың адами жаратылысын жоққа шығарды. Батыс философиясында нигилизм терминін неміс жазушысы, философ Ф.Г. Якоби енгізді. Кьеркогор нигилизмнің арқауы деп христиандықтың дағдарысын айтқан. Ал М.Хайдеггер нигилизмді әлемдік зіл-залаға апаратын батыс тарихындағы магистральдық қозғалыс деп қарастырған. Нигилистер ойынша құдыретті күш, тәңірдің бар екендігіне саналы дәлел, «реалдық » өмірде, егер оны айқын мағынасында қолдансақ, шындық жоқ. 1858 жылы Қазандық профессор В.В.Бервидің «Психологический сравнительный взгляд на начало и конец жизни» атты кітабында «нигилизм» сөзінің синонимы ретінде скептицизмді келтіреді. 1862 жылы жарық көрген И.С.Тургенев «Отцы и дети» романында «әкелердің» көзқарасын теріске шығарған Базаровты «нигилист» деп атағаннан кейін «нигилист» сөзі жиі қолданыла бастады. Базаров махаббатты, өнерді, әдебиетті, кез келген ұстанымды жоққа шығаратын адам. Базаровтың айтуы бойынша өмір ұстанымнан емес сезінуден тұруы тиіс. Оқырман Базаровты өзінің ойы үшін қорықпай жалғыз күрескен жүрек жұтқандығы үшін сүйді. Дегенмен өмір сезінуден тұрса, әдебиет, өнер сезім әлемі емес пе?! Махаббаттың бойында инстикт жатыр, ол да сезім емес немене?! Мойындамау, жоққа шығару ол да ұстанымның бір түрі. Әкелердің немесе аға буындардың ұстанымын балалары немесе кіші буын келіп бұзады. Содан не өзгереді дейсіз?! Базаров қаншалықты ұстанымнан қашса, соншалықты өзінің жоққа шығару ұстанымынан құтыла алар емес. Бірақ Базаров сияқты кейіпкерлер бізге өзімізді түсіну үшін қажет. Қайда барсаң да ұстаным, ұстанымның шырмауынан шығу қиынға түсуде. Ең қорқыныштысы адами игіліктерді жоққа шығару дегеніміз адами келбеттен айырылу. Адами игіліктерді місе тұтпайтын адамнан жақсылық, қайырым күту де салмағы ауыр жүк. Мұндай адамдардан құралатын қоғам өсіп-өнбейді, қалтасында ақшасы көп болса да, досы аз, түріне қарасаң кәдімгі адам болса да, ішкі жан дүниесі жабайы жануардікіндей болады. Мәселе тек жан дауы емес тән дауы да. Эгоизм, пофигизм, нигилизм- адамдар арасындағы махаббат пен сүйіспеншіліктің жоқтығынан туындайды. Эгоизм зорлық-зомбылыққа, аяусыздыққа, қылмысқа жетелесе, пофигизм суицидке, күйзеліске апарса, нигилизм психологиялық дертке, аса ауыр қылмыстарға баулиды. Эгоизм, пофигизм, нигилизм- бүгінгі күннің мәселесі, одан біздің ертеңгі күніміздің бұлтты не ашық болатыны байланысты. Ары ойланып, бері ойланып, адам шешімді өзі қабылдауы керек деп шештім. Менің парызым тек ой жетелеу. Ең бастысы өмір- Алланың сыйы деп түсіну керек. Өмірден, өмір сүруден бас тартпаңыз, қасыңыздағы адамның да өмірі соншалықты маңызды екендігін ойдан шығармауыңыз керек.