Өзіме-өзім келіп алайын...
блог
...Үмітті қалай жағар екенсің,
Көп күтіп бүгін көз ілді төзім.
Мені сен қалай табар екенсің,
Жоғалтып жүрсем өзімді-өзім?!.
Ертең мұңдарға күйеді Еркешің,
Жүргенде бүгін сыр айтпай бір сен.
Мені сен қалай сүйеді екенсің
Өзімді-өзім ұнатпай жүрсем?!.
Өткеннен іздеп себептің басын,
Көңілге, мейлі, қарамай күл,сен.
Мені сен қалай керек қыласың,
Өзімді-өзім қаламай жүрсем?!.
Орныма менің мүсін ертесің,
Сен жүрген шыңға шығалмай жүрсем.
Мені сен қалай түсінер екенсің,
Өзімді-өзім ұғалмай жүрсем?!.
Біліп ал, егер сезіп білмесең,
Сенімен жұмбақ болып сырласам.
Мені сен қалай кезіктіресің,
Өзімді-өзім жолықтырмасам?!.
Шықпайды жанның жаман әуені,
Жүрегім жалғыз жеңіп маңайын.
Сен келмей тұр маған, әуелі
Өзіме-өзім келіп алайын...
Алматы
23.03.12.