Өзім жайлы ойлар

 Мен әр кезде әрқалаймын: үйде - үндемейтін, бірақ ерке, әрі жалқаумын; мектепте - өз-өзін сенімді етіп көрсеткісі келетін, барлық жағынан мінсіз болғысы келетін, ешкімнің көңілін қалдырмайтын, "ЖОҚ" деп айта алмайтын, анда-санда оптимист, тәртіпті, жауапкершілігі мол, үздік оқушымын; таныс емес ортада - барынша тұйық, сабырлы, бірақ өте сыншылмын. 

Кемшілігім көп: қызық емес нәрсеге деген енжарлық, бәрі білетін ең оңай нәрсені білмей қалу, адамдармен тез араласып кете алмау, өте өзімшіл, мақтаншақ, тез жалыққыш, тым ерке, көңіл-күйім ауа-райынан да тез өзгермелі, ұмытшақ, ренжігіш т.б. көөөөөөөөөөөөөөп.

Артықшылығым аз: іздегенімді таппай қоймаймын, өнерге қатты қызығамын, жалпы жан-жақты болуға, барлық нәрседен ең үздігі болуға тырысамын.

Ал енді жақсыға да жаманға да жатқыза алмайтын мінезім: өзгелердің қателігін тапқанды, оны түзегенді ұнатамын; кейде көмек сұрамаса да өзіме ұнайтындарға көмектескім келеді; адамның көзіне тік қарағанды ұнатамын; мені түсінбейтін адамдарға өз ойымды ашық білдіріп, ақталуға тырыспаймын, оның орнына бір жылап алғанды жөн көремін; ашуланғанды жек көрем, сондықтан да кейде бір адамға деген агрессиямды жинай беруге тура келеді, бірақ ол ақыры бір күні сыртқа шығатынын білемін; мені жөнді білмейтін адам не десе де ренжімеймін, ал егер жақын достарым байқамай айтып қалса да қатты өкпелеймін; ешқандай даусым болмаса да музыканы жақсы көремін, кейде әсіресе ағылшынша жаныма жақын әндерді жаттап, айтып жүремін; толықтау болсамда, би билегенді ұнатамын, кез-келген жанрда болса да барынша мінсіз билеуге тырысамын (тіпті балет билегім келіп кетеді).

Кішкентайымнан сурет саламын, дизайнер болуды талай армандадым, бірақ қазір олар көбейіп кеткендіктен лайықты конкурент бола алмаймын ба деп, одан уақытша бас тарттым.  Қазір "аймақтану" деген мамандыққа түскім келеді. Көптеген шет тілдерін үйренуге қабілетім бар, бірақ өзім қажетті уақыт бөле алмай жүрмін. 

Шет тілдері сияқты шетел әдебиетін де өте қатты жақсы көремін. Қазақ әдебиетінен гөрі, американ әдебиетінен оқыған кітаптарым көбірек. Шытырман оқиғалы, детективті кітаптарды оқығанды ұнатамын, олардан алатын әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Мүмкін, көркем әдебиетті көбірек оқысам, бұл блог әлдеқайда анық, әрі әдемі жазылған болар еді. 

Талғамым өзгелерден тым қатты ерекшеленбейді, кез-келген жерде, кез-келген уақытта не кию керек екенін, не жеу керек екенін білемін. Мен өзіме орташа деңгейде қараймын, анда-санда фотога әдееміііі болып түскім келген кезде ғана болмаса, боянбаймын. Бойым кішілеу болғандықтан, киімді ұзақ таңдаймын, әсіресе аяқ киімді.

Мен тақырыптан ауытқып бара жатырмын-ау, бірақ осылармен қатар, мен адамды алғаш көргендегі әсерлердің бірнешесін жаздым. Ал олардың ең маңыздылары - этика, эстетика. Мен әрдайым көркем сөйлеп, сыпайылық танытуға, артық күлмеуге, адамды тым жалықтырып жібермеуге тырысамын. Сондықтан, мен үшін адаммен өз көзқарасымды бөлісумен қатар, оны ТЫҢДАУ - ең сыйлы құрмет.

Мен үшін достық махаббатттан артық. Махаббаттың шыңына жете алмасамда, достыққа адал бола алатыныма сенімдімін! Мен бір адамға ғана шын ғашықпын, оны ұмыта алмай жүргеніме талай жыл болды...

Ендеше, осыменен аяқтайын. Мен туралы басқадан сұрайтындарға, бұл блог жақсы көмегін тигізер. Және сіздерге жұмбақ: мен өзім жайлы бұл блогта ТҰЛҒА болып қалыптасу үшін ең бірінші керек қасиетті жазбадым. Сол қасиет кімде бар болса, оны бірден таба алады деген ойдамын. Менің жасым 16-да. 11 сынып оқушысымын. 



Бөлісу: