"Өзім жайлы ғана емес": Баянның кітабы оқуға тұрарлық па?
блог
Елде, əсіресе, шоу бизнесте қандай да бір жаңалық болса екіге бөлініп өзара сөз таластыратынымыз жасырын емес. Біз айтқаннан ештеңе өзгермейтінін біле тұра талқылаймыз. Кімге керек сол? Неге керек? Жұртты дүр сілкіндірген, əдеттегідей қоғамды екіге жарған Баянның хикаясын білмейтін адам жоқ шығар. Сол оқиғадан кейін анық-қанығын білмесек те оны қараладық, табаладық, атарға оғымыз болмай желіде сөзбен сыбап тастадық. Одан Баянның еш жері кеміген жоқ. Ол өз биігін сақтап қалды! Ал біз біреуді жамандап күнə жинағаннан басқа түк бітіргеніміз жоқ. Күлкілі... Сондайлардың бірі мен едім. Оны жұрт алдында табаламасам да бетке тұтар қазақ əйелінің "масқарасы" көңілімді қалдырып еді. "Жəбір көрген" əкені аядым. Іле-шала аз уақытта аяққа тұрған Баянның автобиографиясы жарық көрді. Кітап емес, оқулық емес, автобиография! "Біреудің өмірін қайтемін, Баян тек өзін ақтау үшін шығарған шатпағы да" дедім де қойғам. Дегенмен, қызығушылық жеңді мені де. Жұрт таласып алатындай не құдіреті бар екенін білгім келді. Ұнамаса қоя саламын деп ойладым. Қайдааан)) 4 сағатта кітаптың қалай тез аяқталғанын білмей қалдым. Баянға деген ойым 180 градусқа өзгерді. Оны жақсы көріп кеттім, шын. Баян қалай өсті? Қандай тəрбие көрді? Журналист Баяннан продюсер Баянға дейін қалай жетті? Баянның жас кезіндегі баянсыз махаббаты, оның жетістіктері мен жеңілістері... Иə, ол осы дəрежеге жету жолында бір емес, бірнеше рет жеңіліс тапқан! Бірақ бəрін жеңе білді... Ол жай ғана автобиграфия емес, ол мотивацияның қайнар көзі! Мен оған ұқсағым келмейді, мен оның қайсар мінезі мен батылдығын алғым келеді. Өз саласында биікке жеткен тұлғалардың көпшілігі өз автобиографиясын шығарып жатады, ол жаңалық емес. "Ой қазақтар қай бір қарық қылар дисің? Одан да шетелдің авторларын оқу керек! Баяннан үлгі алмаңдар" деген пікірлерді көп кездестіріп жүрмін. Айналайындар, қазақтар, өзімізді өзіміз көтермесек, бір-бірімізді қолдамасақ бізді ешкім төбесіне көтермейді! Бір сөзбен айтқанда, Баянды оқыңыздар, керек жерін алыңыздар, оқып болған соң ойыңыз өзгеретініне кепілдік беремін!