Өзім жайлы 30 дерек

Өзім жайлы 30 дерек
жеке
блог

Осы эстафетаның маған берілгеніне 1 аптадан асқан болуы керек. Бірақ, әрі ойланып, бері ойланып, не жазсам деп жүріп алдым. Шыны керек, сабақта ерігіп отырған сәтте 15-20 факт жазып тастағам, содан ойламаған жерден бір перне басылып кетті-дағы, бетім тазарып, дымсыз қалды. Одан кейін, жазуға "желание" де қалмай қалды. Ұялғаннан жазып тастайын дедім. Ал, сонымен, қысқа-нұсқа 30 дерек:

1.Аққайыр Жадыра Тулеуханқызы. Толық есімім. Әкемнің атын онша ешкім ести қоймады. Бір естіртіп, бірінің болмаса бірінің есінде қалар деп, атап кеткенді жөн көрдім. Әйтпесе, дүниеге келуге сеп болған әкелеріміздің есімі ескерусіз қалып жатыр. Сондықтан, ТУЛЕУХАНҚЫЗЫ мен боламын деп мақтанып айтып қояйын=)) 

 

2. Ауыл мектебінде оқығанмын, сол жерді тәмамдадым. Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Талдысай орта мектебі (ауылым да Талдысай). Мектепте жаман тентек едім. Қазір басылған түрім. Кейде қыздармен ұрсысып, тіпті кейде төбелесіп қалатынмын. Бірақ, төбелесті соңына дейін апармаймын. Себебі, үздік оқушыға "ұят" қой=))

 

3. Білімді болу мен ақылды болу - екі бөлек дүние деп есептегендіктен, өзіме берері аз, немесе мүлдем берері жоқ сабақ, кеш, конференцияарға бармағанды жөн көремін. Одан қайта басқа нәрселермен шұғылданған жақсы. Мысалы, ұйықтау. Бірден жаман ой кетпесін, неге олай екені келесі деректе

 

4. Өте аз ұйықтаймын. Жатақхана өзі солай ғой. Сағат түнгі 12 болмай сабақ оқылмайды. Әңгіме бар, өлең бар, кіріп-шыққан адам бар, әйтеуір сағат 2 болғанда ес жиып, сабаққа кірісесің. Таңертең 8.30да сабақ, амал жоқ оқисың. Адамның қолынан келмейтіні жоқ дегенге бір дәлел. Сабақ/шаруа болмаған күннің өзінде ұйықтай алмаймын. 3 кейде 4 болғанға дейін көзім ашық (жұмық болса да), құлақта құлаққап, енді өлең тыңдау керек қой. Міне, осылайша жатамын. Түк бітірмей, ұйықтай алмай.

 

5. Блог жүргізгенді былтырдан бері ұнатамын. Интернет-журналистика, мультимедия дегендермен ауырамын=))

 

6. Қазір күлкім келеді, бірақ менің 1 курсымның алғашқы аптасына дейін тележурналист болғым келетін. 

 

7. Шеңбердің ішінде жүріп қалған, стандартқа қатып қалғандарды жек көремін.

 

8. Өте әсершілмін. Бірақ, тек "өзім" деген ортада ғана әлсіздік көрсетемін.

 

9. Журфакта оқыған соң, мақтануға келмейтін, бірақ өзі санаулы ғана болған соң мақтанбасқа амал жоқ қасиеттер болады. Себебі, бізде тек қана "журналистер" оқымайды. Иә, мен мақала жазамын. Аз болсақ та, бармыз ондайлар.

 

10. Ішім удай ашитын, бірақ өзгерте алмайтын дүниелер көөөп. Мысалы, біздің оқытушылар.

 

11. Жыл сайын өзім жайлы пікірім ауыса береді. Тіпті, ай сайын. Немесе, күн сайын. Бірақ, бұл - даму. (шығар)

 

12. Официант, call-орталықта оператор болып жұмыс жасап көргем. Бір-бір күннен. Әй, осы маған керек емес-ау дедім. Жақында ғана "Men Qazaqpyn"тіл орталығына SMM-маман боп орналасқам, бірақ басшылық пайдасы азырақ деп, ол орталықтың жұмысын тоқтатып тастады. Содан дәл 15 күндік жұмыс өтілім бар. Ішім ашыды, бұл салада жұмыс істеген ұнады. Бірақ, амал жооқ=))

 

13. "Ұлан" газеті, "Ақ Желкен" журналының жас тілшісі болғанмын. Мұны айтпай кету - күнә. Иә, себебі біз - сектамыз=))

 

14. Группамнан гөрі секталас достарым, "Жасөркендіктеріммен" уақыт өткізгенді ұнатамын. Аздап қиялмыз, бірақ біреуі екіншісін толықтырады. Әйтпесе, Мейіржан Жылқыбай екеуміз қалай қатар жүрер едік?

 

15. Барлығының саты бойынша жүргенін қалаймын. Яғни, топ етіп телевидениеге түссем деген ой жоқ менде. Бірақ, кейііін мені көбі мойындаған кезде шақырып жатса, барғанда тұрған не бар? ))) Алдыңғы сатылардан өтіп, төселіп, содан кейін үлкен жоспарлар кішірейген сәтте тойтарыс беру оңайырақ.

 

16. Бірақ, ауырдың үстімен жүрмеймін. Өз шегінде әділмін. 

 

17. Өзіме қатысты емес дүниелерге араласқым келмейді. Яғни, араластырғысы келмей тұрған жерге килігіп, мазасын алғанды жек көремін. Көбі солай менің мазамды алады, өзіме ұнамаған соң, басқаларға өз тарапымнан ондай қысым жасамаймын.

 

18. Блогты онлайн жазамын, Мейіржан кәдімгідей қағазға жазып, оны тереді екен. Осы жерде таң қалдым. Осы дұрыс екен, бірақ. Неге десеңіз, менікі бір сәтте өшті да қалды, бір пернеден. Ал, ол кісінікі парақта, уорд-құжатта қалды. Әй, бірақ сооондай тиянақтылық қайдааа?

 

19. Үйде, Алла шүкір, ата-анам, бауырларым, барлығы аман. Бауырым бүтін. Кенже болғандықтан, еркемін. Өзімді бауырларымның қасында тым кішкентай санаймын. Себебі, олар: 1982, 1984, 1986 жылғылар. Иә, ал мен 1995. Айырмашылық ұзааааақ. Олардың үй-жайлары, бала-шағасы бар. Мен енді басымды көтеріп келе жатырмын. Мамама әзілдеп қоямын, 1988 жылы мені, немесе 1993 жылдары менің алдымда біреуін тууың керек еді деп.

 

20. Жанымда Азаматым бар. Үйден жырақта, жат қалада жүрген кезде менің баз кешіп кетпей жүруіме себепкер - Мейіржаным. Барлық жерде біргеміз: "Жасөркенде", "Массагетте", "Блогтаймда". Тек екі бөлек ЖОО-да оқимыз. Мен ҚазҰУ, ол - АТУ. Айырмашылық осы ғана.

 

21. Мейіржанның үй ішінің барлығын танимын. Достарын айтпаса да түсінікті. Осы үшін өзімді бақытты сезінемін. Себебі, сенбейтін не болашағын онымен елестетпейтін адам қызын үйімен таныстырмас еді ғой.

 

22. Машина алғым келеді, 3 курста. Яғни, келесі жылы. Бірақ, жинақ ақша да, жүргізуші куәлігім де жоқ. Екіншісінің жарасы жеңіл. Алғашқысы да онша қиын емес. Бірақ... Көрерміз.

 

23. Айтпақшы, машина демекші. Оқуға түсерде ағам айтқан: "Жәдөш. егер Ақтөбеде оқысаң, машина алып беремін. Қалада үйіміз бар. Сол жерде өзіңмен-өзің тұрасың. Машинаңмен сабаққа барып келіп-тұрасың. Ал, Алматыға кетер болсаң, машина алып бермеймін. Бәрібір ол жақта айдай алмайсың" деп. Содан не керек, бір жағы - Мейіржан бар, екінші жағы - "Алтын белгім" бар. Ақтөбеде қалмадым.

 

24. Еш өкінбеймін алдыңғы шешіміме. Автобустар аман болсын. Барар жеріңе іліндіріп-салындырып, ортаға қарай өткізіп, біреу мен біреуді еріксіз құшақтастырып жеткізеді барар жеріме. Тек келесі айда жол жүру билетін алып алу керек деп ойлап отырмын. Әйтпесе, ақшадан ақша қоймайды.

 

25. Ән айтатын едім. Универге келгелі 2-3 рет айтқам. Бірақ, әнші-актерлардың тележүргізуші болғанын көріп, мен де солар сияқты сауатсыз әнші деген атаққа қалғым келмеді. Дегенмен, мектеп кезіндегі шығармаларымды оқысам: "жез таңдай әнші болғым келеді" деп жазады екем. Журналист боламын деп 9 сыныпта шешкем.

 

26. Уфф, соңғы жағына жетіп қалдым. Базарды жек көремін. Адам көп жерден қашамын. Сауда жасарда комфортпен жасау керек. Барахолкаға бір барғаннан кейін "қоой" дедім. Mega-ның да оңып тұрғаны шамалы. Басқа сауда үйлері жетерлік қой. Шіркін, Алматы, кең ғооой...

 

27. Психологияны жаным сүйеді... 

 

28. Кітаптарды мұқабасына қарай аламын. Және сол сияқты дәптер, қойын дәптер барлығын... Бұл сыйлық ретінде ғана. 

 

29. Сыйлық демекші, сыйлық алғанды да, бергенді де жақсы көремін. Алмасу жалпы жақсы емес пе? Сен маған, мен саған=))

 

30. Мен әлі де өзгеремін. Себебі, өмір орнында тұрмайды. Мен де осындай боп қала бермеймін. Біріңізге ұнаймын, біріңізге жоқ. Бірақ, бұл - өмір. Тек жақсылық тілеймін баршаңызға!

 

P.S Эстафета таяқшасын Мейіржан Жылқыбайдан алғанмын. Енді оны Қарлығы Бүйенбайға ұсынамын.