"Өзім жайлы 30 дерек"

"Өзім жайлы 30 дерек"
жеке
блог

Балдәурен Рахым, рахмет. Эстафетаны кешіктіргенімді айып етпеңіздер.  Шынымен де интернетке отыруға уақытым болмады. Балдәурен айтпақшы, үйде отырсаң, қарайып қалады екенсің. Ал бастайын азды-кем өзім жайлы.

1. Ауылдан шыққан қара домалақ қыз едім, бүгінде ауылдың қарапайым қара келіншегімін. Жасым отызда. (Кейде «Массагеттен» «шығып кеткім келеді))) Жасым үлкендеу-ау деп)

2. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің физика факультетін тәмамдағанмын. Бірақ, мамандығым бойынша жұмыс істемедім. Жалпы еш жерде жұмыс істеген емеспін.

3. Күйеуім өзімнен 8 жас үлкен. Өзін қатты жақсы көремін.

4. Құдай бере салған бес балам бар. Үлкені 9 жаста, кішісі жақында 8 ай болады. Үлкен қызымнан басқасының есімдерін өзім қойдым. (Гүлназ, Кәусар, Абдурахман, Мұхаммед, Сүлейман).

5. Аллаға шүкір, 5 уақыт намаз оқимын, хиджабтамын (қазақтың келіншектері кимешек киген!). Негізі хиджабқа бола жұмысқа алмай қойған.

6. Аударма жасаймын. Сүйіп айналысатын ісім болған, бірақ қазір кәсіпке айналып кетті. Бірақ еш жерде тіркелмеген еркін аудармашымын. (Жұмысқа алам десеңіздер, қуана-қуана келісемін)))

7. Шығармашылыққа бір табан жақындығым бар. Балаларға арнап жазамын. Бірақ бала-шаға мен үй тірлігінен отырыыып жазуға қол тимейді.

8. Жайлы келінсің деп айтады көршілер....қайын атаммен бірге тұрамыз.

9. Ешкіммен ұрсысып көрмеппін. Ұрсыспай-ақ та қояйын. Жанжал басталса, жылай саламын. Көңілім бос.

10. Адамдармен  тез араласып кетемін.

11.Әйелдер күйеулеріне бой ұсынып, қайын жұртын сыйласа, өзі де сыйлы келін болады деп ойлаймын.

12. Тандырға нан жауып, отын жарамын.

13. Балаларымды тәрбиелеуде: керек кезінде еркелетуді, тыңдамаса ұрсуды, шектен шығып бара жатса ұруды қолданамын (әсіресе ұлдарға). Әрине, сабап тастамаймын. Майлы құйрықтан біраз шапалақ кетеді.

14. Қалжыңдаса аламын.

15. Орысшадан аударма жасасам да, сөйлей алмаймын. Орысша сөйлесем, тілім бұралып қалғандай әсерде боламын.

16. Оқуымды жалғастырғым келеді.

17. Оқушы кезімде археолог болғым келетін. Арманым көп еді. Бірақ барлығы өзім зерттеуді армандаған Жуантөбе, сақтардың моласы сияқты тіршілік қамының астына көміліп қалды(((

18.Тамақты дәмді жасаймын.

19. Кейде болмайтын жерде ұялып қаламын.

20. Біреуге ренжісем, сөйлеспей қоямын. (үш күннен артық емес)

21. Сіңілім Мақпалмен күніне телефонмен ең азы 3-4 рет ең көбі он шақты рет сөйлесемін.

22. Көңіл күйім болмашы нәрсеге бола тез құлазып қалады.

23. Қыз бала ертерек тұрмыс құрып кеткені дұрыс деп санаймын.

24. Киім таңдауда талғамым төмен. Міндетті түрде жанымда біреуді ертіп жүруім керек.

25. Қалаға барсам, басым ауырып, ауылға кеткенше жолдасымның мазасын алып жіберемін.

26. Бұрын кітапты көп оқушы едім, қазір кітап бетін ашуға уақыт таба алмай қаламын.

27. Аналар үй шаруасында отырған болса да білім алғаны дұрыс деп санаймын. Балаларына білім беру үшін.

28. Қырсық мінезім бар.

29. Алла берсе, тағы да бала туғым келеді.

30. Осы күнім үшін Аллаға сансыз мақтаулар мен мадақтар, шүкірлік айтамын.

Кезекті Ардақ Құлтайға беремін.