Өзім жайлы

Өзім жайлы
жеке
блог

Баршаңызға сәлем! Мен бүгінгі блогта өзім туралы жазсам деймін. Көпшілік назар аударып оқымасада , бұл мен үшін өте маңызды. Себебі өз басым келешек өмірімді осы жазумен байланыстырғым келеді. Блог жазуға өзімді дайындап келуге , қаншалықты бұл саланың маған жақын екенін білуге кеткен уақытым өте көп болды. Бір шешімге келе алмай, тым кеш бастауымда осыдан. Ең алдымен бала күнгі арманның жетегі , қиялыма қанат бітіруге көмектесті, балғын күнгі армандар жүректе өте жылы орын алып ,ары қарай осы тамаша сөз құдіретін әлемге танытарлықтай жан болуыма итермеледі. Әрине, аяқтан шалғандар, менің жетістіктерге жетеріме күдікпен қарап, күмән туғызғандар көп болды, бұл нәрселер мені ойландырып, өмір жолымды жүз сексен градус бағытқа өзгертіп жібере жаздады. Алайда, мен жұрт сөзіне ермей , өз қалауыммен, жүрек түкпіріндегі әлі де болса өшпеген бала күнгі арманның отын, жылуын сезіп , оны өшірмей , кері жандандыруға бел байладым. Қиындықтар да аз кездеспейтінін сезіп тұрмын, бірақ қиыншылықсыз еш нәрсе болмайды, оларсыз тіпті өмірдің өңі де кетуі мүмкін. Сол себептен бұл іске барынша берілуге дайынмын. 

Ал, өзіме келсек, мен еліміздің мұнайлы астанасы , Атырау облысының Жанбай атты ауылынанмын, осы өңірдің жалғыз мектебінде 11- сыныпта оқимын. Қызығушылықтарыма тоқталсақ, мен фантастикалық кітаптар мен фильмдер көргенді қатты ұнатамын, қиял-ғажайып әлемнің қызық оқиғалары мені қатты толғандырады. Мүмкін бұл шығармалар үнемі жақсылыққа аяқталып, кейіпкерлердің мақсат- мұраттарына жеткені , шынайы өмірдің ащы тұстарын ұмыттыруға аз да болса мүмкіндік беретін болғасын, мен осындай кітаптарды ұнататын шығармын. Ал бәлкім, бұл менің ғажайыпқа сенетін , әлі есейе қоймаған бала көңілімнің белгісі шығар.