"Өзім" жайлы 11 факт...
блог
Біраз уақыт бұрын басталған «Өзім жайлы 30 факт» атты кезексөз маған жете ме, жетпей ме деп жүргенде, жалғасын таппай да қалды. Әйтпесе, сол кезексөз арқылы Массагеттіктерді біршама жақын танып қалған едік. Маған сол кезексөздің жетпегендігінің екі себебін қарастырдым: біріншісі, өзім жайлы 30 факт ешкімге қызықты емес; екіншісі, мәссаған, барлығы менің қандай екенімді біліп алған ба?
Ал, бүгін өзім жайлы емес осы жасыма дейін түйген аз-маз «түсініктер» туралы жазғым келіп отыр. Сонымен, кеттік.
1.Тірісінде қадірін білмей, жоғалтқан соң, «айналайыны» тұрмақ, «айғайын» сағынатын адамдарың болады екен. Уақыт өткен сайын, расында, кезінде оны көп ренжіткенің, кешірім сұрай алмасың есіңе түссе, тіпті ауыр екен... Сөйтіп, «тірі» адам қадірін жақсы біле бастадым...
2.Қаншама жылдар бойы досым деп жүрген адамың болмайтын іске бола бір-ақ сәтте сатып кетсе, әділдік пе? Ол аздай өз сатқындығын «сен ренжиді деп ойламадым, саған айтпай-ақ қою керек еді сөйткенімді» десе, тіпті ауыр екен... Сөйтіп, бір достан тірідей айырылдым...
3.Біліп тұрып білгеніңді айта алмау - білімсіздік емес екенін ешкімге түсіндіре алмау қиын екен. Ешкімді төмендетпеймін, әрине. Тек өз ісімді жақсы біліп тұрғанда, одан хабары жоқ біреудің «әңгіме» айтқаны бірқызық екен... Сөйтіп, талай жерде тосылдым...
4.Артық нәрсем болса, не өзімде бар нәрсем өзгеге ұнап қалса, тым ұнататын затым, не біреудің сыйы болмаса, бере саламын. Себебі, оның орнына тіпті жақсы адамнан тіпті жақсы сый келеді екен. Тосыннан. Дәлелді. Сөйтіп, «кең болсаң, кем болмайсың» деген тіркестің «істейтініне» көзім жетті...
5.Өзгені аузына қаратып, көп көпіретін адамның шын мәнінде өзі айтқан бірде бір іске икемі жоқ, жалқау, ынжық, салақ біреу екенін көрдім. Көрдім де, «іспен дәлелде» деп айтамын деп, «сөздер жаңбырының» астында қалған кезім болды. Сөйтіп, одан да өз өтірігіне сеніп жүре бергені жақсы ма деп ойлап қалдым...
6.Бастыққа, не өзгеге жағу үшін астына көпшік төсеп, ауа серпіп, сый жасап, құрмет көрсетіп, басындағы битінің терісін майлап, аяғының тырнағын алып берердей жағымпаздануы аздай, қашан көрсе мылжыңдап көп сөйлей беретін, адамды көрдім. Көрдім де, өзімді мыжыма деуші едім сол ойымнан айнып қалдым. Сөйтіп, мен оның жанында «айналайын» екенмін ғой деп ойладым...
7.Көр соқыр ер адамның массаж жасап, мылқау, керең ер адамның етік тігіп тірлік қылатынын көріп, «жұмыс жоқ» дейтін он екі мүшесі сау ер атаулының әлжуаз, ынжық, жалқау да, мылжың екеніне көзім жетті. Сөйтіп, ер адамдар неге ұсақталып барады деген ойда қалдым...
8.Өзі қылмайтын, қылғанның тірлігін көре алмайтын, менде жоқ па, сенде де болмасын деп қастандық жасайтын қызғаншақ адамдарды көріп, санасы неткен таяз, ақылы неге аз, жүрегі қандай қатты деп ойлаймын. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» деген Абай атамның сөздерін миларына ойып жазғым келіп кетеді. Ал, жүрегі діріл етпестен, қолы қалтырамастан, анасын өлтіріп, баласын тұншықтырып, әкесін сабайтын адамдар туралы естіп, көріп, адамдар неткен қатыгез, неткен мейірімсіз, жауыз деп ет-жүрегім езіліп кетеді. Сөйтіп, шарасыздықтан, көмектесе алмайтындықтан, себепсіз себепсіз ебіл-дебіл жылап аламын...
9.«Сүйдім, күйдім, сенен басқаны көрмеймін, жалғызымсың» деген жігіттер кезінде өзін тастап кеткендері бұларды қайта тауып алғанда, «мен төмендемеймін оның алдында» деген сөзді желге ұшырып, «сонысымен» әмпей-жәмпей болып, қалайша төмендеп кеткендерін сезбей де қалады. Ол уәде берген қыздың емес, өз арының, уәдесінің, ұятының алдында төмендегендігін ұғынбайды. Ондай адамнан не қайыр? Сөйтіп, сондай серілеріміз «сөз басқа да, іс басқа» дегенді іспен көрсетеді...
10. «Ойың-өмірің». Мұның қаншалықты рас екенін білмеймін. Бірақ бір білерім, жақсы ойласаң, жақсы, жаман ойласаң, жаман болады екен. «Он күнәнің - тоғызы тілден» дегенді жиі естеп, жаман ойламақ түгілі енді жаман сөйлемейін, «жақсы сөйлеңдер, не үндемеңдер» деген Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисін ұстанайын деп, кейде мүлдем сөйлемей қойсам, «ауырып қалдың ба, жақтырмай тұрсың ба, ренжіп қалдың ба, не жағдай» деген сауалдармен екі есе сөйлететін адамдарды көріп, «сабыр-иманның жартысы» деп, сабыр сақтап, «күлу-сүннет» дегенді орындауға тырысамын. Сөйтіп, көркем мінезге титтей болса да қадамдар жасап жүрмін...
11.Сеніміңді сарп етіп, уәдесін өтірікпен тұншықтырып, көңіліңді күпті етіп, жүрегіңді таптап, қолынан келсе, ине, пышақ, біз, тәйірі, қандай «ауыр» заттар бар соның бәрімен тескілеп, кескілеп, умаждап, қоқыс жәшігіне лақтырып алып, «кешір» дейді де кете беретін адамдарды көрдім. Біреудің көз жасына қалып, бақыт табамын деу қаншалықты ақылға сыйымды екенін білмеймін. Бірақ ешкімге өкпем жоқ. Бәрі де тағдырдан ғой. Бәрін кешірдім. Сөйтіп, өзім де бақыттың жолына түстім...
Сурет google.kz-тен