Өзім айтам өз жайымды...

Өзім айтам өз жайымды...
жеке
блог

Өзім айтайын деп отырмын өз жайымды. Ешкімнің маған эстафета табыстайтын түрі жоқ екен. Бұл бір қызық дүние көрінді маған. Бірақ мен туралы мағлұмат кімге керек, кімге қызық дерсіз. Өзіңе есеп берудің жақсы амалы екен. Ендеше кеттік... (жазып болғасын,  өз-өзімді аяп жылап жіберуім мүмкінSmile)

Өзім жайлы 30-ға жетпей қалды, 25 фактпен шектелдім.

  1. Әкемнің ерке ортаншы қызымын. Ерке болғанда қатты ырбақай болатынмын. Байқап отырсам ол еркелік те қалып барады. Өмір еркелете бермегесін болар.
  2. Өзіме сенімді және өзіне ғана сенетін адаммын. Себебі, әкем бала күнімнен өзге түгіл маған да сенбе деп тәрбиелеген. Әкемнің бұл тәрбиесі маған өмірлік сабақ болды, соның арқасында ешкімге сенбеймін, ешкімге сенген емеспін.
  3. Сатқындықты кешіре алмаймын. Сатқын адамдарды жаныма жуытпауға тырысамын, бірақ адамның аласы ішінде ғой.
  4. Ашушаңмын, сабырсызбын, шыдамсызбын, өкпешілмін, көңілшекпін, жылауықпын. Барлығын жүрегіме жақын қабылдаймын. Иә, сондаймын. Мені жақын, жақсы танитындар ғана біледі бұны.  
  5. Менің керісінше, филология мамандығына оқуға тегін оқуға түсу мүмкіндігінен бас тартып журналистиканы бітіріп шыққаным бар. Ал негізі бала арманым ішкі істер қызметкері болу еді. Жоқ, журналистикаға қаңғып жүріп келген екен ғой деп қалмаңыздар, осы саланы сүйіп таңдағам.
  6. Менің ит күшіктерге деген махаббатым ерекше. Қыз бала болсам да оларды ерекше жақсы көремін, менің ойымша олар нағыз адал жануар. Бала кезімде  бір жылдары 5-6 күшікті асырап ит еткенім бар.
  7. Мектеп бітіргенше еркекшора қыз болдым. Ұл сияқты тәрбиелеген ғой үйдегілер. Қазірдің өзінде өзімді нәзік қыз санамаймын. Бірақ, нәзіктікке қызығамын...
  8. Өмір мені әртістікке үйретті дей алмаймын. Өтірік күліп, өтірік көлгірсуді үйрене алмай-ақ қойдым. Жалғандықтан жиіркенетінім рас.
  9. Жылжымалы мүліктен жұрдаймын. Үйім де, көлігім де жоқ. Көлік айдау білетінмін, жүргізуші куәлігім де бар. Тек сол темір тұлпардың болмай тұрғаны.

10.  Қиялшылмын, күйзеліске жиі ұшыраймын. Шығармашылық тоқырауларды да жиі басымнан өткіземін. Ұл бала болсам мезгілсіз апаттарды бастан өткеру  кезінде ішіп кетер ме едім? Кім білген...

11. Жалғыздықты жақсы көретінімдіктен болар басым бос.  Серік табылмай жүргенін содан көремін. Өмірлік демей-ақ қояйын..

12.  Адам баласына ғашық болуым қиын, өмірде өлердей ғашық болдым дей алмаймын да. Тек, бауыр басып қала беремін...

13.  Мені бір көрген адам әлжуаз, момақан, ақжарқын қыз деп қабылдайды. Бір көргенде солай көрінемін-ау дим.

14.  Киноман емеспін. Аса құштарлықпен іздеп жүріп кино қарағаным есімде жоқ. Бірақ, соңғы кездері әуестене бастаппын. Кино көруге кететін уақытымды аяймын, қайта сол уақытта кітап оқығанды құп көремін.

15.  Белгілі бір мақсатта жұмыс істегенді жақсы көремін, бірақ мойындау керек жатыпішер жалқаумын.

16. Қостанайда туып-өскеніме қатты қуанамын, мен үшін бұл құтты мекен. Көпшілік Қостанайдың халқын орыстанып кеткен деп қанша сөксе де, өз басыма келгенде ешқандай мін таға алмайды.

17.  Достарым көп, сырластарым санаулы.

18. Оқып жүріп мамандық бойынша жұмыс істедім. Екеуін бірге алып жүру аса қиындық туғызған жоқ.

19. Ішкі істер органының ведомстволық басылымында жұмыс істеймін. Жылдан асты...

20. Театрға жиі барып тұруға тырысамын. Театр мен үшін тұнып тұрған азық. Тіпті, театр әртісінен актерлық шеберлік сабақтарын алғым келеді.

21. Ұзақ жол жүргенді жақсы көремін. Терең ойға шомып, тың дүниелерді шығаруға мүмкіндік беретіндей.

22.  Студент кезімде бір күн ғана офицант болғаным есімде. Қолымнан келмейтін іс деуге келмес. Бірақ, қожайын бір күнге бақыр тиынын төледі де жұмыстан шығарып жіберді. Жақпаған болуым керек.

23.  Кішкентай кезімде көп шарларды ұстап алып ұшып кетуге болатынына сенетінмін. Қазір де шардың бір шоқпарын ұстап алып, ұшып кеткім келіп тұрады.

24.  Бүгінгі күнге дейін шетел асқан емеспін.

25. Адамзаттың бәрін сүюге тырысамын...!

 Бар шыңдықты бүкпесіз айтуға тырыстым. Жауапты қысқа әрі нұсқа қайтара алмайды екем. Былжыраған әңгіме болып кеткен сияқты ма қалай?!)