Сіздер күзді ұнатасыздар ма? Мысалы, маған бұл мезгіл мүлдем ұнамайды. Дүние біткен қурайды, солады, тіршілігін тоқтатады...туған жерді қимай құстар кетеді жылы жаққа... Қызық, олар адамдарша жылай ма екен? Әйтеуір, қиқу сала аттанған дауыстары көтеріңкі көңілдің белгісі емес екені анық. Туған өлкеден қанша ұл-қыз кетеді...әр бұрышқа...білім іздеп... Жүректері сыздай, перзенттерін аттандырып, ата-ана қалады артта....баласының ту сыртына мұңды көзбен қарап... Қоштасар уақытта әкенің өзі жыламаса да, жүрегі жылайды...бет-жүзі қараланып, "каникулда келерсің, сабағыңды жақсы оқы" дегеннен басқа сөзге аузы дауаламайды. Қызды әкеге жақын дейді өмірде... бәрі-бір де ар жағымызбен үнсіз ұғынысамыз, айтылмағанды бірден түсінеміз. Әттең, барар жерде мейірлене маңдайдан иіскейтін әке жоқ, ып-ыстық алақанымен бауырына басар ана жоқ...қалғаны табылар... Әйтеуір, өмірдегі осы екі ұлы жаратылыс қана сені шын жақсы көреді, сені шын сүйеді. Қалғандарыныкі, құр алдамшы... Тек осы екеуі ғана саған шынымен сенім артады, тек осы екеуі ғана сені саналы жан деп қабылдайды...тек осы екеуі ғана "сен" деп өмір сүреді. Ал, біз бұл жандардың ақ адал еңбегін аяғына дейін ақтар ма екенбіз..? Оған шамамыз жете қояр ма екен..? Осыны ойласам, тұла бойым шымырлайды... Бірінің қанын, бірінің сүтін бойыма дарытып отырған менің жаман болуға қақым жоқ! Тексіздік танытып, көргенсіздік көрсету - менің бойымдағы қасиет емес! Жат қылық маған тән емес! Олар маған қиындыққа қасқая тұруды үйреткен. Ендеше, мен қиындықтарға бой алдырмаймын! Олар маған дұшпанды басындырмауды үйреткен. Ендеше, талайдың табанына тапталып жататын мен емес! Қалғандары осыны біле жүрсін! Арамызды қаншама тау мен тас бөлсе де, олардың айтқан дүниелері менің басымда, бейнелері дәл көз алдымда болады. Енді, осындай өмір салты басталды...
Студенттік кез - мені бәрі-бір олардан алыстатып барады. Олармен өткізетін күндер, енді тек шектеулі. Қалаған кезімде қастарында бола алмаймын...сағынсам бара алмаймын...Өйткені, не мүмкіндік, не уақыт жоқ...қалауымды орындауға дес берер еш нәрсе жоқ... Бірақ, бұл менің оларға деген шексіз махаббатымды одан ары еселендірі түсіреді.
Қатар-қатар тізілген жол сөмкелер, туған жандардан алыстататын бір жапырақ қағаз - өзің де, жүрегін де жылап тұрғанда, бұлар сені мысқылдап тұрғандай... Оқу - инемен құдық қазғандай. Бұл жолда еш нәрсенің оңайлықпен келмейтіні бәрімізге аян. Бар қиындықтың алдында көз жасымызды бір сығып аламыз да, бойды тік, еңсені биік ұстап, ұлы жолды бағындыруға аттанамыз! Арманды орындауға аттанамыз!
P.S. Басы ауырмағанның Құдайменен ісі жоқ. Кейбір жандар бұл жазбаның мәнін де , мағынасын да түсіне қоймас. Алайда, аяғы басқа қалаға тартып тұрмаса да, туған үйден қайтуға қамданып жатқан жандар мені де, менің көз-жасымды да жақсы түсінер...