2.1 Теориялық бөлім
2.1.1 Әлемдегі үштілділік
Көптілділік әлем елдерінде жаңашылдық ретінде саналмайды, себебі қазіргі кезде әлемнің елдерінде оның маңызы анықталып, олардың рөлі тілдесу құралдары ретінде айқындалды. Мысалы, бірнеше тіл Швейцария мемлекетінде кеңінен қолданылады. Нақты деректерге сүйенетін болсақ, 10 Швейцария елінің азаматтарының ішінде 6-ы күнделікті өмірде бірнеше тілдерде сөйлейді [1]. Сонымен қатар, бұл елдегі 26 кантондардың ішінде 4-еуі көптілді деп танылған. Бұл катондарда көбінесе неміс тілі мен француз тілдері басым болып келеді [1,1]. Ал Швейцариядан басқа елдерде тек бір тілге ғана басымдылық қойылып, басқа тілдерді мектеп пен оқу орындарының бағдарламасына енгізген және солардың ішінде ең көп таралған тіл ағылшын тілі болып табылады. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, ағылшын тілін тілдесу құралы ретінде санайтын халық саны 500 миллионды құрайды, ал ағылшын тілін меңгерушілер саны 2 миллиардқа тең [2]. Сондай-ақ, әлемнің 67 мемлекетінде ағылшын тілі ресми тіл орнына ие болып отыр [3]. Бұл ағылшын тілінің танымал тілдердің бірі екендігін көрсетеді. Мысалы, Латын Америка мен Қытайда ағылшын тілі біліктілікті арттырып, басқа мемлекеттермен оңай түрде қарым-қатынас жасауға көмектеседі деген мақсатпен мектеп бағдарламасына енгізілген [4]. Ағылшын тілінен басқа тілдер де кейбір мемлекеттердің мектептерінде оқытылады. Сол оқытылатын тілдерді бірнеше топтарға бөліп қарастыра аламыз. Бірінші топ – классикалық тілдер. Оларға грек, латын тілдері жатады. Олар грамматиканы меңгеру арқылы оқи және аудара алатын деңгейге оқушыларды жеткізу мақсатында мектеп қабырғаларында оқытылады [4,1]. Тағы бір айта кететіні, жоғарыда айтылған екі тіл тек академиялық бағытта қолданылып, адамдар арасында тілдесу құралы ретінде саналмайды [5].Сонымен қатар, « Иммигрант тілдер» деп аталатын жеке топ та бар [4,2]. Оған Нидерланд еліндегі түрік, Канада мемлекетіндегі италиян тілдерін жатқыза аламыз. Олар сөйлеу, жазу және мәдениетаралық біліктіліктің дамуын қамтамасыз етеді деп есептелінген [4,3].
2.1.2. «Ұлт жоспары-100 қадам» бағдарламасындағы үштілділік
«Ұлт жоспары – 100 қадам» бағдарламасы мемлекетте етек алып отырған мәселелерді шешу, дамытуды қажет ететін салаларға жағдай жасау және дамыған ел қатарына ену мақсаттары негізінде жасалынған. Ол Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылы 20 мамырда жарияланған бағдарламасы болып саналады [6] . «Ұлт жоспары – 100 қадам» жобасында бес институционалдық реформаға назар аударылып, нақты 100 қадам көрсетілген. Ең біріншісі кәсіби мемлекеттік аппарат құру, одан кейін «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Біртектілік пен бірлік» және «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» [7]. Әр институционалдық реформаны орнату үшін әртүрлі көлемдегі қадамдар бөлініп жазылған. Соның ішінде, біздің тақырыбымызбен байланысты қадам 79-шы қадам болып табылады. Бұл қадамда ағылшын тілінде білім беруді мектептің жоғары сыныптары мен жоғарғы оқу орындарында кезең -кезеңмен енгізу туралы айтылған. Үш тілде білім берудің жүргізілуі өз кезегінде білім беру саласында қызмет атқаратын мамандардың , соның ішінде мұғалімдердің біліктілігін, бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сондай-ақ, үштілділік еліміздің білім беру секторының басқа мемлекеттерге экспортталуын қамтамасыз етеді [7,1]. Бұл 79-қадамда айқын жазылған.
2.1.3.Қазақстан үшін үштілді білім берудің маңызы
Қазақстан Республикасының мектептерінде үш тілді білім беру моделін енгізу қоғамда өзіндік рөл ойнайды [8]. Бұл модель уақыт талабына байланысты қалыптасқан, заман көшінен артта қалмауды қамтамасыз етеді [9]. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты қазақ халқына жолдауында жаңа индустрия, жаңа экономика тілі ретінде ағылшын тілін атап өтіп,еліміз жалпы ұлттық прогреске осы ағылшын тілінің арқасында шығады деген ойды жеткізеді[10]. Үштілділіктің басты маңызы – ол бірнеше тілді меңгерген мамандардың қажет болуы. Қазіргі таңда еліміздің басқа мемлекеттермен қарым-қатынасының нығаюы арқасында басқа тілдерді ел азаматтарына үйрету негізі мақсаттардың біріне айналды. Мысалы, шет елде білім алып, сол білімді мемлекеттің дамуы үшін жарату қазіргі қоғамда өзекті болып отыр. Нақты дәлелдер келтіретін болсақ, 1992 -2004 жылдар аралығында Қазақстаннан шет елге 2077,9 мың адам кеткен болатын [11]. Ғалымдар, инженерлер Германия, АҚШ және басқа дамыған елдерге жаңа заманға сай жабдықталған орталықтарда зерттеулер жүргізу сияқты мүмкіндіктің туындауына байланысты аттанған. Олардың ішінде өз Отанына қайтып келгендер де болған. Мысал ретінде, Дмитрий Горбуновты келтіре аламыз. Ол Германияда медицина факультетінде білім алып, Тюбинген қаласындағы аурухананың жүрек-қан тамыр хирургиясында ординатураны тәмамдаған [11,1]. Содан кейін Қазақстанға қайтып, кадиохирург болып «Ұлттық медициналық зерттеу орталығында» қызмет атқарып жатыр [11,2]. Бұл үштілді білім беру арқылы көптеген жастар шет елде білім алып, Қазақстанды дамыту үшін өз үлесін қоса алатындығын көрсетеді. Яғни, бұл алдыға қарай жылжу үшін жасалынатын заман талабы болып табылады [8,1]. Бірақ, бұл көші-қонның екінші жағы да бар. Деректерге сүйенетін болсақ, 2012 жылы Біріңғай Экономикалық Кеңістік елдерінен Қазақстанға жұмыс бабымен 7249 адам келсе, Қазақстаннан Біріңғай Экономикалық Кеңістік елдеріне 52438 адам кетті [12] . Ал 2013 жылы бірнеше салалар, соның ішінде өндіріс саласы саны 0,9 мыңға тең жоғары білікті мамандардың жетіспеушілік мәселесін сезіне бастады [12,1]. Қазақстандағы табиғат жағдайларын тиімді пайдаланып, туризмді дамыту үшін үш тілде білім беру маңызды болып табылады. Статистикалық деректерді келтіретін болсақ, Арыстанбаб және Отырартөбе атты тарихи орындарға әртүрлі мемлекет азаматтары келіп жатыр. Басым көпшілігі Ресей, Қытай, Жапония,Араб және Европа елдерінен[13]. 2016 жылы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық – музейінің экскурсиялық объектілерін көруге келген, ағылшын тілін қатынас тілі ретінде пайдаланатын шетел азаматтарының саны 5 мыңға жуықтады[10,1]. Яғни, оларға қызмет көрсету ағылшын тілінде жүргізілуі тиіс. Осыған орай, үш тілде білім беру қызмет көрсету саласында өзіндік рөлге ие. Сонымен, жалпы айтқанда үштілділік бәсекеге қабілетті дамыған мемлекеттер қатарына жол ашатын негізгі баспалдақтардың бірі болып саналады [14]. Осы үштілділік жайлы түркітанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар өз ойын білдірген болатын [15]. Оның пікірі бойынша, тіл көмегінде дамыған елдермен байланысты қамтамасыз ету жаһандану үрдісін сипаттайды. Сондықтан, қазіргі таңда ағылшын тілін үйренуге әркім ат салысу қажет [13,1]. Мысалы, ғылым, білім беру жүйесі, кинемотограф әлемі де ағылшын тіліне негізделіп, түрлі кездесулер,келісімдер осы ағылшын тілінде жүргізіледі [16]. Бұл пікір елбасымыз Н.Ә.Назарбевтың ойын да көрсетеді. 2012 жылдың 14-ші желтоқсанында Қазақстан халқына арналған «Қазақстан – 2050» жолдауында үштілділік жайлы атап өтілген болатын[17]. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мүмкіндіктер үш тілді меңгеру арқылы пайда болады және еліміз әлемге үш тілде білім алатын мемлекет ретінде танылуы керек деп жеткізген [18].
2.1.4. Шығыс Қазақстан облысындағы үштілділік
Шығыс Қазақстан облысында Даниал Ахметовтің басшылығымен кеңейтілген аппарат кеңесі өткізілді. Бұл кеңес барысында «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» жолдауында сөз қозғалған 2016 және 2019 жылдар аралығында үштілділікті толығымен ұйымдастыру мәселесі жайлы айтылды [19]. Сонымен қатар, ШҚО Білім басқармасының басшысы болып табылатын Айжан Садықова да үштілділікті жүзеге асыруға бағытталған кешенді бағдарлама жайлы сөз қозғады [19,1]. 2016-2020 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысын дамыту жөніндегі бағдарламаға сәйес кешенді бағдарлама негізінде «Шығыс Қазақстан облысының барлық білім беру ордаларында үштілділікті дамыту жөніндегі жол картасы» құрылған[20]. Жол картасын жүзеге асыру үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезең негізінде ағылшын тіліндегі бірыңғай кітаптар сатып алынды және орыс тілді мектептерді қазақ тіліндегі кітаптармен қамтамасыз ету көзделіп отыр[20,1]. Екінші кезең тілдерді оқыту кезінде сыныптарды 10-12 оқушыдан тұратын топтарға бөлумен, оқушылардың үш тілде де сөйлей алу дағдысын тексеру үшін бірыңғай сынақтамаларды әзірлеумен сипатталса, үшінші кезең үштілділікке бағытталған арнайы әдістемелер мен оқу құралдарын дайындауға негізделген [20,2]. 2015 жылы жоспарды орындау мақсатында 1 338,3 млн. теңге көлеміндегі қаражат бөлінді [20,3].
Жүргізілген жұмыстардың арқасында оқу процесі тиісті деңгейде өту үшін мектеп сөрелері жаңа оқулықтармен жаңартылды. 2016 жылы "Cambridge University Press" баспасының 350 мың ағылшын тілі кітаптары Шығыс Қазақстан облысының барлық білім беру ұйымдарымен сатып алынды [21]. Ал қазақ тілі пәнінен сабақ беретін 1178 мұғалім мен ағылшын тілінің 1291 мұғалімдері үштілділік бағдарламасы аясында арнайы курстарға қатысса, 35 ұстаз Назарбаев Университетінің бағдарламасы негізінде оқудан өтті [22]. Нақты дәлел ретінде, облыстық білім басқармасының «Шығыс» өңірлік орталығының директоры Мұңлық Асанованың сөзін келтіре аламыз. Оның мәлімдеуі бойынша, ағылшын тілін меңгеру үшін сатылап оқыту жүйесі енгізілді [23]. Ұстаздар диагностикалық сараптамадан өтіп, оларға көрсеткен нәтижелеріне сәйкес дайындық сағаттары бөлінді. Төменгі нәтиже көрсеткендер 100 сағаттық,ал орташа және жоғары деңгейді көрсеткендер 50 сағаттық даярлықтан өтті [23,1]. Бірақ, соған қарамастан үштілділікті толығымен енгізуде олқылықтар кездеседі. Соның бірі – шет тілі мұғалімдерінің біліктілік көрсеткіштерінің төмендей бастауы, нақтырақ айтқанда орта жастың артып, жоғары санаттағы мұғалімдердің үлесінің азаюы [24].
2.2 Практикалық бөлім
2.2.1. Сауалнама.
Берілген тақырыпты зерттеу барысында ғаламтор желілерінен материалдар жинақтап, Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектеп оқушыларының арасында сауалнама жүргізіп, директор орынбасары мен математика пәні мұғалімінен сұхбат алдық. Сонымен қатар, тақырыптың өзектілігін ашуға статистикалық деректер де көп септігін тигізді.
Зерттеу жұмысын жазу барысында әрбір мәліметтің шынайлылығы тексеріліп, тек сенімді ақпарат көздері ғана пайдаланылды. Сондықтан, зерттеу барысында көптеген мақалаларды талдау, оларды бір-бірінен таңдап алу, дұрысын пайдалану, сарапқа салу жұмыстары жүргізілді. Сауалнама сұрақтары Google form қосымшасының көмегінде жасалынып, оған 15 жастан кіші және одан ересек жастағы адамдар қатысты. Барлық сұрақтар қазақ және орыс тілдерінде қойылғандықтан, сауалнамаға жауап беру барысында ешқандай түсініспеушілік туындамады. Оқушылардың ойын білу үшін сұрақтар ашық және жабық түрде құрылған. Жүргізілген сауалнама аз уақыт ішінде түрлі пікірлерді жинап алуға көмектесті. Шынайы жауаптар алынып, арасында салғырт қараған адамдар да кездесіп жатты.
Зерттеу жұмыстары барысында Семей қаласының Назарбаев Зияткерлік мектеп оқушыларының арасында төмендегідей бірнеше сауалнама сұрақтары қойылды.
Бірінші сұрақ: «Жасыңыз нешеде?» сұрағы бойынша сауалнамаға жалпы 98 адам қатысқаны анықталды. Олардың жас ерекшелігіне тоқталатын болсақ, 15-ке дейінгі жас аралығында қатысқандар – 18 (18,4 %-ы), 15-20 жас аралығындағылар – 77 (78,6 %-ы), 21-40 жасқа дейінгілер – 3 (3,1 %-ы) адам болды. Әртүрлі жастағы азаматтарға сұрақ қою арқылы бұл мәселені жан-жақты қарастыруға тырыстық.
Екінші сұрақ: Сауалнамаға жауап берушілердің ішінде ер адамдардың әйел адамдардың санына қатынасы сәйкесінше 26 (26,5 %) мен 72-ні (73,5 %) құрады. Респонденттердің көбі әйел адамдар болды.
Үшінші сұрақ: «Үш тілді меңгеру деңгейіңіз қандай?» деген сұраққа 98 адам жауап берді. Олардың 49-ы,яғни 50 %-ы жоғары деп белгілесе, қалған 48-і (49%) «орташа» және тек 1 адам (1%) «төмен» деген жауаптарды таңдады. Бұл нәтиже оқушылардың басым бөлігінің қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлей әрі жаза алатындығын көрсетеді.
Төртінші сұрақ: Сауалнамаға қатысқандардың 71,4 пайызы (70 адам) «Үш тілді білім беруді құптаймын» деген нұсқаны таңдады. Ал 23,5 пайызы (23 адам) нейтралды көзқарасты ұстанатындықтарын көрсетсе, қалған 5,1 пайызы (5 адам) «Үш тілді білім беруді құптамаймын» деп жауап берді. Бұл сұрақтың нәтижесі бойынша үштілділіктің білім беру жүйесіне енгізілуін оқушылардың көп бөлігі дұрыс деп санап, салыстырмалы түрде аз бөлігі үштілділікті қолдамайды және үш тілді білім беру жайлы екі жақты пікірді ұстанады.
Бесінші сұрақ: Неліктен үштілді білім беруді құптайсыз немесе құптамайсыз сұрағына респонденттер әртүрлі жауап берді. Нәтижеге сүйенетін болсақ, олардың көпшілігі үш тілде білім алу жастарға жаңадан мүмкіндіктерді ашады деп санайды. Соның ішінде шет елде білім алып, тәжірибе жинақтау ең көп кездескен жауап болып табылады. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысушылардың пікірінше, үштілділік оқудан кейін жұмысқа орналасуда артықшылық болып саналады және лауазым бойынша өсуге де жағдай жасайды. Респонденттердің бір бөлігі үштілділік жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елдің дамуы үшін көмектесе алады деп есептейді. Ағылшын тілі ғылым мен техника тілі болғандықтан, оны меңгеру технологияларды қолдануға жол ашады. Сонымен қатар, үштілді орта оқушылардың кез келген қоғамда тіл табысып кетуіне жәрдемдеседі. Респонденттердің пікірінше, үштілде білім алған жастар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік білетіндіктен, Қазақстандағы туризм саласын жаңа деңгейге көтеруге ат салыса алады. Сауалнамаға қатысушылар үштілділік жаһандық азамат болуды қамтамасыз етеді деп санайды. Ол дегеніміз ана тіліне құрмет танытумен қатар, шетел әдебиетін, мәдениетін тануға да ашық болу. Сонымен қатар, үштілді білім алу екіжақты көзқарастың болуын қамтамасыз етеді,яғни үштілділік жастардың әр мәселеге біржақты емес, керісінше, жан-жақты қарауына көмектеседі. Жауап берушілердің аз бөлігі үштілділікті неліктен қолдамайтындықтарын атап өтті. Негізгі себебі- ана тілінің соңғы орынға ығыса бастауы, нақтырақ айтқанда көптеген жастар басқа тілдерді меңгереміз деп, қазақ тілін маңызды деп санамайды.
2.2.2. Сұхбат.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директорының халықаралық білім бойынша орынбасары Edmund Fitzgeraldтан оқушылар мен мұғалімдерді үштілділікке даярлау үшін не істелініп жатқаны жайлы сұхбат алдық.
Сұхбатында: «Семей қаласындағы ФМБ НЗМ-інде үштілді орта кадрлар мен қажетті ресурстармен қамтамасыз ету жағынан жеткілікті деңгейде ұйымдастырылып жатыр. Алайда, тілді меңгеріп шығу біраз қиындықтарды туғызды.», - дейді. Осыдан тілді жетік меңгеруге кедергілердің болғандығын байқаймыз. Оның айтуына қарағанда, оқушылар мен мұғалімдерге үштілді орта ұйымдастырылған. Мысалы, пәндер үш тілде де жүргізіліп, оқушыларға білімін шыңдауға септігін тигізетін «Bilim Land», «Twig» сайттары жұмыс жасайды. Сондай-ақ, мектепте «TEDx» жобасы мен дебат үйірмесі сынды іс-шаралар өткізіледі. Ал мұғалімдерге шет елде біліктілігін арттыруға мүмкіндіктің берілетіндігін және де ағылшын деңгейін жоғарлатуға бағытталған дайындықтардың өткізілетіндігін жеткізді.
Біз зерттеу жұмысымызға байланысты Семей қаласындағы физика- математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәні мұғалімі Чултуков Нартай Советхановичке жолығып, үштілділік жайлы сұхбат алған едік.
Оған қойылған сұрақтардың бірі біздің мектебіміздің мұғалімдерін үштілділікке даярлау үшін істелініп жатқан іс-шаралар жайлы болды. Бұл сұраққа жауап ретінде Ұлыбритания мемлекетінің Брайтон қаласындағы «Sussex» университетінде тәжірибелік тағылымдамадан өткендігін айтып, тағылымдама барысында ағылшын тілінің деңгейін көтергендігі жайлы сөз қозғады. Сондай-ақ, шет ел мұғалімдерімен «Team Teaching» жүргізілгендігін де атап өтті. Бірақ, тілді меңгеруге мұғалімдердің бос уақытының болмайтындығын өз сөзінде жеткізді. Соның әсерінен, мұғалімдер тақырыптарды өздерінің үйренген тіліндей жеткізе алмайды. Сондай-ақ, жас ерекшелік те ағылшын тілін меңгеруге кедергі жасайтындығын айтып, жергілікті мұғалімдерге шет ел мұғалімдеріне қарағанда жүктеме жоғары екендігіне тоқталды.
III. Қорытынды
3.1 Зерттеу нәтижелері
Біз әлеуметтік жобаға байланысты жүргізген теориялық және практикалық зерттеу жұмыстарымыздың барысында төмендегідей мәселеге жауаптар алдық.
Біріншіден, «Үш тілді білім беру жайлы қандай пікірдесіз?» сұрағының жауабына байланысты сауалнама нәтижесін қорыта келгенде, оқушылардың басым бөлігінің білім беру саласында үштілділіктің енгізілуін қолдайтындығы анықталды. Олардың ойынша, үш тілде білім алу шексіз ақпарат ағымына, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуге, бәсекеге қабілетті азаматтарды қалыптастыруға, технология тілін түсінуге, елімізде туризмді дамытуға жол ашады.
Екіншіден, «Үш тілді білім беру жүйесінде оқитын оқушыларға тілді оқыту мақсатында
қандай жағдайлар жасалынып жатыр?» деген сұрақ бойынша, Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде үштілділікке баса назарды аударылып жатқандығы анықталды. Қазақ және орыс сыныптарында пәндердің үш тілде де жүргізілуі, сабақтан тыс іс-шаралардың, үйірмелердің қазақ,орыс және ағылшын тілдерінде ұйымдастырылуы және мектеп кітапханаларының үш тілдегі кітаптармен толықтырылуы үштілді ортаны қамтамасыз ету үшін жасалған қадамдар болып табылады. Осының көмегінде, Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушылардың 99 пайызының үш тілді меңгеру деңгейі жоғары жәні орташа болып саналады. Ол сауалнама нәтижесі көмегінде анықталды. Бірақ үштілділіктің енгізілуі қазіргі таңда өзекті болып отырған тіл мәселесін тудырды. Қазақ тілінен қарағанда басқа тілде сөйлейтін ұрпақ пайда бола бастады,яғни «қазақ тілі қажет емес» деген пікір қалыптасып, тілдің шұбарлану мүмкіндігі пайда болды.
Үшіншіден, мұғалімдерді даярлау үшін де Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жағдайлар жасалған. Мұғалімдерді шет елге оқуға жіберу олардың ағылшын тілінің деңгейін көтеру үшін таптырмас мүмкіндік болып табылады. Сондай-ақ, IELTS емтиханына дайындық та жүргізіліп, шет елден келген мұғаліммен «Team Teaching» ұйымдастыруға мүмкіндік берілген. Жалпы алғанда, Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қолайлы үштілді орта орнаған, алайда уақыттың тапшылығы мен тілді меңгеруге ұстаздардың жас ерекшелігі де қиындық тудыратындықтан, мұғалімдер өз ана тілінде сабақ беруге көбірек дағдыланған болып табылады.
«Ұлт жоспары- 100 қадам» жобасында аталып өтілген үштілділік, ағылшын тілінде білім беру Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ұйымдастырылуда. Мұғалімдер мен оқушыларға қажетті жағдайлар қамтамасыз етіліп жатыр. Алайда, шешімін табу керек мәселелер әлі де кездеседі.