Ұмтылыс
блог
Армысыздар, Массагет сайтының оқырман қауымы. Осы уақытқа дейін бұл сайтқа деген қызығушылығым жоғары болатын. Жас буын үшін өте пайдалы, салмақты, берер тәлімі мол сайттардың бірі. Ал бүгіннен бастап өзімнің жеке блогымды жүргізуге бел будым. Қазіргі таңда Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетінде білім алудамын. Осы тұста журналистика мамандығын таңдау себебім, қаршадай кезімнен маған қанат бітірген асқақ арманым жайлы ой бөлісуді жөн санадым. Мақаламен танысып,өз ойларыңызбен бөлісе жатарсыздар. Рақмет!
Әрбір адамның алдына қоятын мақсаты, қол жеткізсем екен деп талпынатын арманы болады. Бұл тірлік көшіндегі нұрлы болашаққа ұмтылған сәулелі пенденің жастайынан бағдарлы мәйегі болуы шарт. Мен де қаршадайымнан арманның ақ тұлпарына мініп, елге адал қызмет ететін журналист болуға өзімді тәрбиелеп, талпынумен келемін. «Журналист» деген сөзді естіген кезде бойымды ерекше сезім билеп, аталған мамандық мені өзіне баурап алатын еді. Мүмкін балабақшадан бері түрлі мәдени іс-шараларда жүргізуші болғаным, он жасымнан бастап өлең жазуға дағдылана бастаған сөз құмарлығым, өнер деген құдіреттен хабардар болып өскенім осыған түрткі болған да шығар. Міне сондықтан болар дана халқымның «Арман-адамға қанат бітіреді» деген қанатты уәжі қайратымды жандырып, шабыттың тайын мінгізді. Ес білгелі дәл осы мамандықты армандап, еліміздегі мықты журналисттерге қызыға қарағаным есімде. Осы тұста журналист мамандығының артықшылығы неде деген сұрақ туындауы заңдылық.
Журналист мамандығы қиындығы да қызығы да мол, сегіз қырлы – бір сырлы, қажырлы еңбекті талап ететін жауапты сала. «Журналистика» сөзі алғашында француздардан шығып, «күнделік» деген мағынада қолданған екен. Уақыт өте келе бұл сөз күнделікті ізденіс пен еңбекті қалайтын мамандық атауына айналған. Оған қоса неміс өнертапқышы Гутенбергтің баспа машинасын ойлап табуы да журналистиканың толықтай орнауына ықпал етті. Осылайша, он жетінші ғасырда Еуропа елдерінде алғашқы газет-журналдар шыға бастады. Уақыт өте келе, журналистиканың жеке дара салалары пайда болып, бүкіл әлемде орнықты. Қазақ халқының баспасөзі болса он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында қалыптасты. «Түркістан уәлаяты», «Серке», «Айқап» газет-журналдары қазақ баспасөзі тарихының алғашқы бет ашарлары деп есептелінді. Тарихтың ащы парағын ақтарсақ алғашқы газет- журналдар қазақ халқының саяси ой-пікірін оятып, елді орыстандыру саясатынан, жаппай отырықшыландырудан сақтап, ұлттық мүддені қорғау үшін құрылғанын байқаймын. Оған «Қазақ» газетінің негізін қалаушы, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының: «Біздің заманымыз жазу заманы-жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деген сөзі дәлел болады. Осыдан қазақтан шыққан алғашқы журналисттер өзінің емес, елінің мүддесін жоғары қойғанын ұғынамын. Олардың қатарында елінің азаттық жолында өз жандарын құрбан еткен «Алаш» азаматтары, қазақтың көрнекті ұлт-зиялылары бар. Сондықтан әрбір журналисттің бойында ең алдымен патриоттық сезім болуы керек деген ойдамын. Себебі, олар халық пен саясат арасындағы алтын көпір бола отырып, елдегі түйткілді мәселелермен күресетін, халықтың мүддесін ойлайтын, таразының басын тең ұстай алар тұлғалар. Журналисттерді төртінші билік өкілдері деп бекер атамайтын болар. Олар әрдайым халық назарында, ал халықтың әр тынысы журналист назарында. Қазіргі қоғамда кейбір журналисттердің жалған ақпаратқа ілігіуі кездесіп жатады. Осыны ескерсек, журналисттің әділ, шыншыл, ойы ұшқыр әрі жан-жақты болуы да міндетті. Нақтырақ айтсақ, жұртшылыққа ұсынғалы жатқан ақпаратты алдымен ой сүзгісінен өткізіп алып, халыққа түсінікті болатындай тарату керек-ақ. Бұл үшін үлкен еңбек, ізденіс пен төзімділік қажет. «Күш білімде, білім кітапта» демекші, білім мен біліктіліктің де журналист өмірінде алатын орны ерекше. Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын»,-деп айтқан еді. Қорыта келгенде, өз елінің тарихын, әдебиетін, салт-дәстүрін меңгермеген адам журналистика тізгінін ұстай алмайтыны анық. Ал аталған мамандықты толықтай меңгеріп, білікті маман бола білген адам елінің, халқының мүддесіне орай адал қызмет ете алады. Бұл сөзіме аға журналисттердің өмірі куә.
Жоғарыда айтылған талапқа сай болып, еліме өзенге қосылған бір тамшыдай болса да пайдам тисе, менен бақытты жан болмас. Тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде Отанымның мүддесі үшін еңбек етуді өзіме үлкен мәртебе санаймын. Бағым жанып, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, асқақ арманымның орындалуына алғашқы қадам жасадым. Аталған оқу орнына түсуді бала кезден армандадым. “Өзіңе сен, өзіңді алып шығар ақылың мен еңбегін екі жақтап”,- деп Ұлы Абай айтқандай, дәл осы арманыма жету жолында білім мен еңбекті басты ұстанымым еттім. Бұл оқу орнынан журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен Сағат Әшімбаев, Тауман Амандосов, Марат Барманқұлов сияқты тағы басқада атағынан ат үркетін ұлы тұлғалар шыққаны баршамызға мәлім. Қазіргі таңда қара шаңырақтың астында осындай арсытарымыздың көзін көрген ұлағатты ұстаздардан тәлім алып, білімімді шыңдап келемін. Сондықтан болар, Қазақ оқу ордаларының қара шаңырағы атанған Қазақ Ұлттық университетінде білім алуды баға жетпес жетістік деп білемін.
Болашақта өз мамандығымды жақсы меңгеріп, ойымдағы сансыз жоспар мен мақсатқа жетермін деп үміттенемін. Елдегі өзекті мәселелерді шешуге ықпал етіп, Қазақстанның болашағы үшін іске асатын әрбір жаңа жобаның орындалуына үлесімді қосқым келеді. Соның ішінде Елбасының бастамасымен халықтың игілігіне арналған жобалардың дамуына да БАҚ-тың атқаратын үлесі зор. Мысалыға «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Туған жер» атты жобаларда Елбасының тікелей БАҚ өкілдеріне берген тапсырмалары бар. Міне сондықтан Қазақстанның әлемдегі отыз елдің қатарына кіру үшін бағытталған осындай жаңа бастамалардың орындалуына ерен еңбек етіп, Мәңгілік елге деген адал қызметтің арқасында жақсылықтың жаршысы болу басты арманым. Бұйырса журналистиканың сынақты да сындарлы жолдарында әлі талай тәжірибеден өтіп, білік, білімімді елдің жарқын болашағына арнаған қарымды маман боларыма сенемін.