Тілші болу - арманым!

Тілші болу - арманым!
жеке
блог

Тілші болу - арманым!

            Арман... Бұл - ғажап әрі таңғажайып күш. Арманы бар адамның келешегі зор. Арман атты құдіреттің жетегінде өмір бойы жүреміз-ау, шіркін! Қанатыңды жайып, сол арманның биік-биік белестеріне шыққанда, бір рақат сезімге бөлеңесің. Сол сезім арқылы арманына сәл де болса жақындай түсесін, бойына күш-жігер аласын. Менің арманым – тілші болу. Бала күннен осы мамандыққа қызығамын. Себебі, тілші – жақсылық жаршысы, жамандық сыншысы. Журналистика – ұлы адамдар сүйген, кемеңгерлер айналысқан мамандық. Атақты ақын-жазушылардың көпшілігі - осы мамандық иесі. Сондықтан да, мен бұл мамандықты қасиетті кәсіп санаймын. Арманыма қалай да болса қол жеткіземін!

            Мақсат... Бұл – арманға қол жеткізудегі ең басты саты. Мақсаты бар адамның келешегі зор. Мақсат қойған адамның оған жетпей қойматынын белгілі, сондықтан, мақсат арқылы  қол жетпес шыңдарды бағындыруға болады. Менің мақсатым – тілші болу. Тілші – тіл маманы әрі саясаткер, шындық жақтаушысы әрі халық пен үкіметтің арасындағы көпір, халық жаршысы әрі адамгершілік қорғаушысы. Тілші - діни, заманауи, саяси, ғылыми, әдеби жағынан түсінігі мол, әлемдегі барлық саладан хабардар,  жан-жақты дамыған тұлға. Халыққа қалтқысыз бәрін жеткізетін, халық үшін аянбай қызмет ететін, халық тағдыры жолында бәріне де төзетін, халық келешегі үшін жағдай қарастыратын да – тілші. Мен халқымды сүйемін және одан бір елі ажырамаймын. Сол себепті, бұл мамандықты қош көрдім. Менің мақсатым келешекте тілші атанып, сол абыройға, атақ-даңққа сай келу, ащы болса да, шындықтың бетін ашып, жақсы мен жаманның ара жігін ажырату.

            Жеміс... Бұл – барлық еңбегіңнің, барлық талпынысыңның саған берер сыйы. Мен өз арманымның жүзеге асуы үшін біршама еңбек етудемін. Көптеген сайыстарға қатысып, түрлі конференцияларда сөз сөйледім, құрбымның алды болдым, еріктілер тобымен халыққа көмектесіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араластым.  Бұның бәрі мен үшін тек жеміс емес, бұл – жеңіс! Себебі, өз арманынның орындалуына бір қадам жақындасаң, бұдан асқан бақыт та, шаттық та жоқ. Құдай қаласа, осы мамандық иесі атанғаннан кейінгі көретін жемісім әлі алда. Мен үшін келесі белес – журналистика мамандығына оқуға түсіп, халық жаршысы атану. Әр адам өзінің қаншама жылдар бойы жасаған еңбегін сәл де болса жемісін көрсе, тіпті, бір ауыз мақтау естісе, сол жұмысқа оның құлшынысы одан әрі артады, ынтасы да көбейеді. Сондықтан дәл сол мақтауға ие болу үшін , ең алдымен, аянбай, күн демей, түн демей еңбек етіп, халық несібесі үшін игі істер жасайық. Халық әрқашан шын жанашырларын мадақтап, үнемі жоғарғы орынға қойып отырған. Сол орынға лайық болу – өз қолымызда. Кез келген мамандықтың жемісі шаш етектен. Тек оның жолын таба білу керек. Ең бастысы, өзін сүйген мамандықтың иесі атан, тек халық үшін қызмет ет, сонда бар еңбегін ақталады. Жеміс шыңына жету ауыр әрі қиын, бірақ, тәтті әрі рақат. Таңдау өзінде! 

            Армандар орындалады. Тек оның орындалуы армандаған адамға, оның сол арманына деген сеніміне, талпынысына байланысты. Армандайық, отандастар. Сол армандар үшін алдымызға мақсат қояйық, ең аяғы оның жемісін көріп бір марқаяйық!

Астана қаласы

Ж.Жабаев атындағы

№4 мектеп-гимназиясының

11 «Б» сынып оқушысы

Төлекбергенова Сымбат