Үнемі тазалық жұмыстарын жүргізіп тұру қажет! Бөлмеде, киім шкафында, кітаптар тұратын сөрелерде, ас үйде, тоңазытқышта, тартпаларда, телефонда, ойда, өмірде...
Бүгін 1 курстан бері жиналып қалған қағаздарымды ретке келтіріп едім, арасынан не шықпады десеңізші: кітаптардың көшірмесі, ескі дәптерлер, сабақтарға дайындаған көрнекіліктер, керек емес, мүлдем қолданбаған тесттер, әйтеуір жақсы баға үшін жасалған дүниелер. Кезінде бір баға жетпес асылдай болып көрінген заттарды бүгінде еш қимастықсыз қоқысқа тастауға дайынмын. Өмірде де дәл солай. Ешқашан онсыз өмір сүре алмаймын деген адамдарды да уақыт өте ұмытасыз, өзгеден қызғанып жүрген затыңыз да керексіз болып қалады.
Ал мына суретке келер болсақ, бізде 2 курста "Өзін-өзі тану" деген ғажап сабақ болған)) сол кезде қайық салу керек болды ма, жоқ әлде басқа нәрсе салу керек болды ма нақты есімде жоқ. Әйтеуір осы суретті салғанмын, салып нем бар еді деймін қазыр. "Неге сенің қайығың кері жүзіп барады? Ол деген солдан оңға жүзуі керек. Әрдайым алдыға жүру керек, сен неге артқа бара жатырсың?" деген сияқты қаншама сөз естіп қайттым ғой... Сөйтсем мұғалім оны анаа төбесінде тұрған жалаушадан қарап түсініп қойыпты-мыс, мен қайдан білейін бір жерден қарап сала салғанмын да.
p.s. Ал сіздер қайық салсаңыздар қалай жүзіп бара жатқанына мән берер ме едіңіздер?)