Сəн қуу
блог
Сəнді болу, сəн қуу, сəнқой қыздар…..бұл мен туралы емес, əрине….Иə, мен келісемін, қыздар бар жерде сəннің де алар орны бар. Бірақ шек болу керек қой. Шек демекші, менің досымның танысы - сəн дегенде ішкен асын жерге қояр адам. Неге екенін білмеймін, сəн десе басы айналардай күй кешеді. Сəнді болуды жек көрмеймін, тек сəннің соңынан ерген қыз-келіншектерге, жас жігіттерге таң қаламын. Сəн, оның артынан жасану, өз-өзіңе ұқсамау, айналаң сəнді емес болса, оны айыптау…осылайша «сəннің құрбаны» болғаныңды аңғармай да қаласың. Мұның бəрі кейде «ештеңе көрмей, ашкөзденіп» бара жатқанымыздан болар. Соңғы тренд пен брендке қызығып, дүниеқор болып кеткендердің қатары көбейіп келеді. Мүмкін өзімізді сəнді етіп көрсетуден бұрын, оның мəнін түсініп алғанымыз жөн болар?! Сəнді адамның келбеті «мен сəндімін» деп тұрмайды. Əдемі шаш үлгісін қою, дене бітіміне құйып қойғандай жарасымды киім кию, қарапайым аксессуарлармен шектелу, «жалт-жұлт»-ты азайту – бұл қазір дамып келе жатқан «минимализм» түріндегі сəннің көрінісі. Мен сəн саласындағы эксперт емеспін, бірақ сəннен бұрын адамның сөйлеу мəнері мен іс-əрекетіне көңіл бөлемін. Бұл қасиет мені сəннен алыстатпайды, тек қана сəнге деген осындай пікірді қалыптастырады.