Өзім жайлы

Өзім жайлы
жеке
блог

Сәлем, достар! Мен "Массагетпен мақсатыңа жет" байқауының қатысушысымын. Шынымды айтсам, бұл менің алғашқы блогым. Көңілімде қобалжу мен үрей басым. Бірақ, қорқынышымды жеңбесем, өз мақсатыма қалай жетемін? Сондықтан бұл байқаудың армандарыма жету жолында үлкен көмек беретініне сенімім мол. Байқауға қатысудағы негізгі мақсатым тәжірибе жинақтап, әр түрлі видеоларды түсіріп, өзімді нағыз журналист ретінде сезінгім келеді.

Өзім жайлы айта кеткенім жөн болар. Менің есімім - Қазына. Есімім өзіме қатты ұнайды. Анамның айтуынша, бұл есімді апам қойған екен. Берекелі, ырысы мол, бақытты болсын деген мақсатпен Қазына деп атауды жөн көріпті. Расында да, мен ең бақытты жанмын. Сыр елі, жыр елінің шұрайлы өңірлерінің бірі Шиелі ауданының тумасымын. Аз уақыттан соң, "Жас түлек - 2018" атанамын. Яғни, 11 - сыныпқа өттім. Бос уақытымда әдеби кітаптарды, танымдық журналдарды оқып, Мұқағали өлеңдерін жаттағанды ұнатамын.

Болашақта өз саласының білгірі, мықты тілші болу арманым. Балалық шағымнан бастап, түрлі бағдарламалар мен жаңалықтарды көре отыра, мен де бір күні нағыз журналист атануды қалайтынмын. Менің үлгі тұтар тұлғам, қазақ журналистикасында ойып тұрып орын алған дара қыз - Дана Нұржігіт.  Естеріңізде болса, Дана Нұржігіт мектеп оқушыларының білімін сынайтын "XXI ғасыр көшбасшысы" атты зияткерлік сайысты жүргізетін. Осы сайысты қалдырмай көріп, мен де қатысқым келетін. Тек армандап қана қоймай, жүзеге асыруға талпындым. Уақытымды тиімді пайдалануға, әр күнімді пайдалы іспен шұғылдануға жұмсадым. Мектептегі ең үздік оқушы атануға тырысып, әрбір байқауға қатысып, бағымды сынап жүрдім. Ең қызығы, күндердің бір күнінде асыл арманым орындалды. Ұстазым байқауға қатысатынымды айтқанда, өзімді әлемдегі ең бақытты жан сезіндім. Қызылорда қаласында өткен іріктеуден сүрінбей өтіп, Алматы қаласына жолдама алдым. Осы сәтте алдымнан бейне бір жаңа әлем ашылғандай болды. Тікелей эфирге шыққан кезімдегі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Жеңімпаз атанбасам да, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген білімді жастармен танысып, білімімді сынап, мол тәжірибе жинақтап, көп достар таптым. Ең бастысы, армандай білу керек екен. Әрине, бұл жолда талмай еңбектеніп, білім шыңына жету маңызды. Міне, сіздермен өмірімдегі ең жарқын сәтпен бөлістім.

Арманыңды мақсатқа айналдырып, талмай еңбек етсең, өмірде өз орныңды табасың. Мен де мақсатыма жету үшін қолымнан келгенін жасаймын.  Бұл байқау мақсатыма жету жолындағы алғашқы баспалдақ болады деп сенемін!