Өз жайымды өзім жырлайын...
блог
Бала жасымнан кітап оқуға құмар болып өстім. Әкемнің ағасы Күсембай атам Қытайда қайтыс болып, сол үйдегі апам елге келген соң 10нан жаңа асқан мені әкей “қол қабыс болсын” деп жеңгесінің қолына беріп еді..
Апама Бибүсә деген бір туысы жиі келетін еді. Сол кісілерге кешке жақын отырып алып 6-7-8 cыныптың әдебиет кітаптарынан батырлар жырын оқып беруші едім. Одан кейін мектеп кітапханасына “қол сала бастадым”.
Бала қиялына сол оқылған кітаптар қатты әсер еткен болу керек, сол кезден бастап “білім жинасам, титтей де болса елге септігім тисе” деген арман басқа “ұя салған еді”.
Күн жайылып ай болды, он екі ай — жыл, Жыл жайылып, қартайтып қылғаны — бұл деп хакім Абай айтқандай, бізге де 55 деген сан төбесін қылтитып көрсетіп қалыпты...
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген ойлы сөзді айтқанда, Абай небәрі қырықтың үстінде (негізі 41 жаста) болған екен…
Сол бала кездегі кітап «кеміру» әдеті бойға дерт болып әбден сіңді. Кейінгі 20 жылдың көлемінде оқыған, тоқығанымды әр жерге түртіп жазып жүрдім. Енді заманауи техника осы жиған тергендеріңді, көптеген адамдарға көрсетіп, бөлісуге мүмкіншілік беріп отырған соң, есті елдің балалары осында дегенді естіген соң, мен де осы жаққа келіп, блог жаза бастауды ұйғардым. (Ағаларыңды жатсынбайсыңдар деген ойдамын)))
Көптеген ойларды әр ойшылдардан, ақылмандардан алдым, есімде қалғандарының авторларын көрсетіп отырармын, авторлары көрсетілмесе не ұмыттым, “не өзімдікі”)))
Сол жиған тергендерімді, түйіндеген ойларымды өзімде ұстап жүргеннен, кейін ол дүниеге бірге ала кеткеннен еш пайда жоқ екенін білгендіктен, қажет еткен жас өспірім ұрпақ оқысын, ішінде керегі бар болса пайдалансын деп шештім.