ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТКЕН АДАМ!

Кез келген адам өз өмірін өзгерткісі келетіні рас! Ол жолда әркім әр қалай әрекет етеді.  Осы ойда мен баяғыда өзіме: "Бәрі өзгереді деп үміттеніп жүретінмін". Кейін түсіндім, өзгеру үшін-бірінші өзіңді өзгерту керек екен.

Жаздың жайма шуақ күндері... Ауыл өмір еш өзгеріссіз бір күні екеншісіне ауысып жатыр. Ал оған мән беріп бас қатырып жүрген мен жоқ. Әйтеуір таңым атып, күнім батып жатқанын  байқағаным болмаса, бар уақытымның текке кетіп жатқанын аңғармаған да екенмін. Түнде телефонға телміріп, тәтті ұйқымды таңға жалғап, жаз айларының ең ерекше кездерінде жалқаулыққа берілдім. Оған қоса еріншектігім тағы бар, көп нәрсе істегім келгенмен, «маған олай істеу қайда?» деген ой жеңіп, қолымды бір сілтейтінмін. Ойымдағы сан алуан арманның ақырына жете алмай аһ ұрып, шашылған ойларымнан шешім шығара алмай құр қиялға беріліп, басымды қатыратынмын. Өз бойымнан тек жаман жақтарын тізіп, жақсы деген қасиеттерімнің қандай екенін атай алмайтынмын. Қазір артқа бұрылып қарасам, мен сене алмаған екенмін. Өзіме де, өзгеге де сенім артқым келмепті. Себебі сенімді ақтай алмаудан қорыққан сияқтымын. Ойымды жақсы жазғанмен, оны біреуге жеткізер кезде су терге түсетінмін. Өзгелердің не ойлайтыны мен не айтатыны мен үшін бірінші орында болды. Жұрттың «жаман» дегенінен үркіп, өзіме көп нәрсеге тоқтау салатынмын. Бұл жағдай енді бойжетіп келе жатқан қыздардың барлығының басынан өтетін шығар... ...Ертең өзгеремін, жоқ осы дүйсенбіден бастаймын, немесе көктемде өзгеремін деген «өтірік  мақсаттар»  бәріміз үшін таныс. Оған мен сенімдімін. Ол мақсаттардың өтірік болатыны, қалай неден бастарымызды білмейміз. Дегенмен адам санасындағы «Әйтеуір бір өзгеремін» деген үміттің болғаны да жақсы екен. Мен де сол оймен, түрлі ойларға тоқтау жасап, өзімше өзгерудің жоспарларын сызып тастадым. Көптің бірі болғым келмеді, қаладағы жай студенттердің санын көбейтпей, өз сара жолымды салып кеткім келді. Ол үшін не істеуім керек, қалай неден бастауым керек деген сұрақтар мазалай бастады.

Содан бір күні белсенді студенттердің қатарында жүргенімде бір шараға 10 студенттің келуін  міндеттеп қойыпты. Оның ішінде менде бармын.  Қандай жер не үшін барамыз деген сұрағыма жауап ала алмағасын, амалсыз сол жерге қарай аяңдадық.

        Келдім. Төбеден төмен қарай түсе бастадым, зал ішіне көз салсам жүзге жуық адам жиналып қалыпты. Солардың қатарына қосылып алдыңғы қатардың бірінде отырмын. Келгеніме жарты сағаттан асты, мені сахнадағы адам әбден жалықтырып жіберген сияқты. Маған оның кім екені, базарда не істейтіні  неге керек деп ойлап қоямын. Мұнша  адам осы адамның сөзіне бола жиналған ба деген ой келді. Тұрып кетейін десем көпшіліктен ұялдым, әрі сахнадағы жазуды қимадым. Экрандағы «Сахнада еркін сөйлеу шеберлігі»-деген қызыл түсті әріптер, «Мен сенің өміріңді өзгерте аламын»- деп тұрған сияқты көрінді. Сол сөзге қарап қалың ойға шомып отырғанымда, сахнадағы адам өзге адамды шақырды, ойымның көлеңкесінде отырған мен оның аты-жөнін толық естіп үлгермедім, бірақ іштей оны үмітпен күттім.           Келесі адам шыққан да залдағы жарық үстіне жарық қосып жібергендей кейіп кештім. Себебі ол жанның  жылы жүзімен, жиырылмаған  күлкісі, байсалды қалпы мен тік мүсіні, нұрын шашқан жанары арқылы көрермендерге бойындағы энергиясын еріксіз жіберіп жатқандай әсер етті. Алғашқы сөзінің өзінде-ақ, бүкіл залдың назары ол кісіге ауды.  Мен осындай да дауыс болар екен-ау деп таңқалдым. Оның дауысы тап-таза анық, бояуы жоқ дауысқа ынтығып, «Мен де осылай сөйлей алсам ғой?!» деп іштей қиылға берілдім.

          Сахнада тұрған тәжірбиелі тренер, коуч маман Гулжанат Битанова еді.         Ол кісі мастер-классын бастап кетті, көкейімде жүрген көп сұрақтарға жауап алып, қалауымды білмейтін адамның қатарынан екенімді түсіндім. Сол кезде  тренер сахнаға ерікті 4-5 адамды шақырды, бағанағы энергияның күші бойымды билеп сахнаға қарай аяқ басқанымды да өзім де аңғармай қалдым. Сахнада өз-өзіме сенімсіздікпен қарап, берген тапсырманы орындай алмаймын-ау деп қобалжып тұрғанымда, тренер жаныма жақындап келіп, ыстық алақанымен арқамды сипап: «Қорықпа, біз бұл жерде ешкімді кінәлап ұрыспаймыз, қайта білмегенімізді бір-бірімізге үйретеміз»-деп маған өз сенімін білдіргенде, бойыма күш енгендей болды. Мен еш қорықпастан басымды изедім де, бойымды тік ұстадым. Бізді ол кісі сахнаға қалай шығу керек және сөзді неден бастау керек деген тапсырмалар бойынша шығарды. Мен шыққан да аса бір қатты қорқыныш болмады, тренердің үйреткенін өзіне  көрсетіп бердім. Мастер-класс 3 сағатқа созылды. Сол 3 сағаттың өзінде мен сахнада қалай қорықпай сөйлеуді, сөзді неден бастау керек екендігін, өзіңе деген сенімнің қаншалықты маңызды екенін, бұл өмірдегінің бәрі өзіңе байланысты өзгеретінін ұғындым. Осы кезде мен өзгерем деген ойым орындалып жатқанына қуандым.  Сол кезде мен мынаны түсіндім: «Мен өзгерем деп ойымды өзгерттім және Ұлы жаратушым маған осы жанды жолықтырды!».

                

                                                                             Назерке Бимахан



Бөлісу: