Менің МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ қызметім

Менің МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ қызметім
жеке
блог

Соңғы кездері өз-өзімді танымай жүрмін. Жоқ, танымай емес, өз-өзімді жеңе алмай жүрмін. Нақтырақ, бойымдағы жалқаулықты жеңе алмай жүрмін. Жоқ, жалқаулық емес, қызметіме құштарлығымды оята алмай жүрмін. Жоқ, құштарлық емес, қызметімді атқара алмай жүрмін. Жоқ...

Ия, осылайша өз-өзіме сыни көзбен қарап, бойымдағы мәселемді "май шаммен" қарап жүргеніме көп болды. Түсінікті болсын. Басынан бастайын.

Қара да, дана да, дара да өтетін мынау жалғанда жалпының іздейтіні біреу-ақ. Ол-БАҚЫТ. Бақыт-әр адам үшін түрліше пайымдалады. Ал мені бақытты ететін бейбіт өмір, отбасы берекесі, мал-жан амандығы, баспана, жұмыс.  

Аллаға шүкір, өмірім бейбіт, отбасым берекелі, мал-жан аман, жылы жаңа баспанам бар. Бірақ мен кішігірім, жоқ сол кішігірім күйзеліс үлкейіп бара жатырған секілді, қысқасы күйзелісте жүрмін. Ия, ия ол менің өзім ұнатпайтын мемлекеттік қызметтегі жұмысым. 9 жылға жуық  әлеуметтік салада мемлекеттік қызмет атқардым. Сол 9 жылымда жұмысымды «әкемнен қалған жұмыстай» атқардым. Жұмыс-жұмыс деп, алысты-жақынды той, туған күн, басқа да қуаныштарды ысырып қойдым. Жұмысқа берілгенім сонша, бітпей қалған жұмыс болса түн ортасына дейін жасай беретінмін. Бастысы жасаған жұмысымнан, әлеуметтік тұрғыдан осал тұлғаларға мемлекеттің көмегін рәсімдегенімнен ләззат алатынмын. Жұмысымды жасаған сайын шаршамаймын, керісінше демаламын. Ал қазір ше? Қазір жұмысты қопарып жасамасам да шаршап жүрмін. Алдыңғы салада жұмыс жасап жүріп құқық мамандығы бойынша сырттай екінші оқу оқып алғанмын. Жұмыстағы еңбегім ескеріліп, басшылықтың ұсынысымен екінші мамандығым бойынша мемлекеттік қызметтің құқық саласында еңбек етіп жатқаныма 8 айдың жүзі болыпты. 8 ай құқық саласында қызмет етіп емес, құдды бір ауыр тас арқалап жүргендеймін.

Мекемеңнің атынан сотта өкілдік ету, прокурорлық тексерістерді, наразылықтарды жеңіп шығу, әлдебір әріптесімнің қызметіне қызметтік тексеріс жүргізу, әлдебір мемлекеттік мекеменің қызметінің кем-кетігін, қателігін анықтау, орын алып жатырған заң бұзушылықтарды ретке келтіру... Жоқ-жоқ, мұндай қызметтер мен атқаратын қызмет емес. Әлде, мен жалқаулық танытып жүрмінбе? 8 айдың ішінде осы салаға сіңіп кетуім үшін өз-өзімді қамшылап, тіпті үйіме тамақ ішу, ұйықтау үшін ғана барып, қалған уақытымды тек қана жұмысыма арнаған кездерім де болды. Бәрі нәтижесіз. Жұмысым өнер емес. Жасаған жұмысыма өзім түгілі басшылықтың да көңілі толмайды. Алдыңғы жұмысымда 9 жылдың ішінде 2-ақ рет түсініктеме жазсам, ал жаңа қызметімдегі 8 айдың ішінде 4 рет түсініктеме жазыппын. Жұмыстың үлкеніне де, кішісіне де зор жауапкершілікпен қарайтын (мен туралы әріптестерімнің пікірі) мен үшін бұл көрсеткіш өте ауыр. Бұл қызметімдегі бір жетістік жалақысының алдыңғыға қарағанда екі есе төленуі. Бірақ мен үшін жалақының көлемі емес, жасаған жұмыссымнан ләззат алуым бірінші орында екендігін түсіндім. Құқық саласындағы қызметімді алып жүре алмай жүрмін. Мен үшін тапсырылған жұмысты атқара алмау үлкен кемшілік. Бұл мектеп кезінен қалыптасқан қағида мен үшін. Осы себепті күйзеліске түсіп жүрген жайым бар. Екінші дипломым осы салада болса да, құқық саласындағы жұмысымды алып жүре алмағаным былай тұрсын, оны атқаруға құлшынысым да, ұмтылысым да, үйренуге ниетім де жоқ. Бұрынғы қызметімде жұмысымды сағынатын болсам, қазіргі қызметімде таңертең жұмысқа бару керектігі есіме түсе кетсе еңсемді бір ауырлық басып кетеді. Қасымдағы әріптесімнен де ұят, жұмысты бөліп жасаудың орынына жұмыстың 90 пайызын ол атқарып жүр. Осыным үшін ұяламын да, әріптестерімнен алшақтап барамын.

Дәл қазір көкейімде екі сұрақ, мен осы саладағы қызметімді атқара алмай жүрмін бе?, әлде, осы қызметті атқаруым үшін бойымдағы жалқаулығымды жеңе алмай жүрмін бе? Жалқаулығымды жеңуім үшін, өзім сүймейтін жұмысқа құлшынысымды қалай оятсам болады? Жауабын таба алар емеспін. Осы ойлардың шырмауында отырып, «мен өзімнің қолымда барымды, жеткен жетістігімді бағалай алмай жүрген жоқпын ба?, мүмкін бұл жаңа жұмысымдағы уақытша қиындықтар шығар» деген де ойлар келеді.

Әжемнің «жас кезімізде егістікке жұмысқа таңғы 6-да кетіп, түнгі 12-де келетінбіз» деп айтатыны есіме түсіп, «ол кездегідей қара жұмыс емес, жылы кабинеттегі таза жұмыс қой, жұмыстың қиыншылықтарына шыдайын, адамның қолынан келмейтіні жоқ қой» деп, өз-өзімді жұбатып қоямын. Бірақ, шыдай алмадым. Сеніп, тапсырылған лауазымды атқара алмайтындығымды айтып, басқа жұмыс ұсынар деген оймен басшыға кірдім. Басшы «тағы да ойлан, өзің атқара алмаймын деп шешсең, арызыңды жазарсың» деп қарап тұр. Жұмыс табу қиын уақытта жұмыссыз қалып қоямын ба деген қорқынышта жоқ емес. Оның үстіне биылғы жылғы аттестацияға байланысты басқа лауазымға ауыса да алмаймын. «Шықпа жаным, шықпа» деп күн, апта, ай өтіп жатыр. Дәл қазір мен үшін екі жол бар, ұнамайтын жұмысқа көндігу немесе жұмыстан шығу. Қайтсем екен?

Сіз қандай ақыл қосар едіңіз, жұмысыңыз өзіңізге ұнайды ма, осындай күйзелісті бастан кешкен болсаңыз, қандай жолмен жеңдіңіз? Пікіріңізбен бөлісіңізші.

* * *

Білесізбе, асылдық айтқаным болмасын, бірақ, бітпейтін қағаз, бітпейтін хаттар, таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейінгі, шұғыл тапсырмалар болса демалыс күндердегі үй көрмейтін жұмыстан әбден шаршадым. Менің үй шаруасындағы әйел, ана болғым келеді. Кеңсенің қағазынан шаршадым ба, жалықтым ба, әйтеуір үй шаруасын қатты сағындым.Ол бақыттың қай жолда жолығарын кім білсін?! Күн, ай, жылдар өтіп жатыр...