Менің есім дұрыс емес!
блог
Мен биыл он алтыға толдым. Көзді ашып-жұмғанша зымырап өткен уақыт. Тіпті, не айтарымды да білмей отырмын. Бір нəрсе айтқым келеді. Бірақ, айтуға қорқамын...
Тыныштық, қараңғылық жəне оңашада қалу мен үшін үйреншікті жағдай, бұл тыныштықты өзге біреудің келіп бұзғанын қаламаймын да. Осыдан он жыл бұрын жалғызсырап, оқуда жүрген əпкелерімді сағынып жылайтынмын. Ал қазір... мүлде басқаша. Иə, мен сондаймын! Ешкімді сағынбаймын, ешкімді іздемеймін.
Мен сондай көңілді жанмын. Күліп отырып жылай саламын немесе керісінше. Кейде бөгде адамдарға сүйкімсіз көрінетін қылықтарым да бар, бірақ маған ол ұнайды. Сол үшін маған достарым, тіпті, кейде анам да "Сенің есің дұрыс емес!", "Сені емдету керек", "Тентек қыз" деген сөздерді айтады. Білесіздер ме, бұлар менің көңілімді көтеретін ең сүйікті сөздерім. Мүмкін, расында да, менің есім дұрыс емес шығар...
Осыдан бірнеше жыл бұрын, əкем жиі келіп тұратын кезде...
Түн. Əкем екеуіміз есік алдында отыратынбыз. Ол шылымын шегіп, əңгімесін айтатын. Ал мен оның əрбір сөзіне жағаласып, "Сен қашан сөзіңде тұрып едің?" дейтінмін. Ол маған көп уəде беретін, бірақ... "Қызым, сенші маған, енді ішпеймін," - дейтін. Ақырында, екеуіміз отырып жылайтынбыз. Есіміз дұрыс болса, жылар ма едік?! Шынында, біздің есіміз дұрыс емес.
Мен түнді қатты жақсы көремін. Əсіресе, кешкісін даланың қоңыр салқын ауасын жұтқанды ұнатамын. Бірақ, бір нəрсе жетіспейді. Сол, əкем шегетін шылым иісі.
Көктем. Əр көктемнен мен жақсы жаңалықтар мен қуанышты ұсыныстар күтемін. Əр көктем сайын менде жаңа үміт пайда болып, соңы терең уайыммен аяқталады. Əр көктемнің қақ ортасында бəрін тастап, алысқа кетіп қалғым келеді, солай жасаймын да... Қызық, иə?!
Өткен жылы мен "жауынды жақсы көрмеймін" - деуші едім ғой. Биыл аздап ақылым кірді ме, əлде есім ауысып кетті ме, білмеймін... Əйтеуір, суық күндерді қатты жақсы көре бастадым. Қыс мезгілі мен жауынды күндер мені бақытты етпесе, жабырқатпайтын болды.
Жалғыздық. Ол туралы көп айтқым келеді... "Жалғыздықты жақсы көру - жақсы емес", - дейді. Бірақ, мен жақсы көремін. Көңілді шақтарыма кедергі жасап, тынышымды ала беретін адамдарды ұнатпаймын. Ешкімнің жеке өміріме бас сұққанын қаламаймын, бөгде адамды жеке кеңістігіме кіргізгім келмейді, жəй ғана бақытты болғым келеді.
Солай... Сіздер де бақытты болыңыздар! Өзі үшін жазып, оқырмандары үшін блог жариялайтын Ақниет массагеттік оқырмандарын қатты жақсы көреді. Ал кейбіреулерін ерекше!