Мен таңдаған мамандық

Мен таңдаған мамандық
жеке
блог

Мен таңдаған мамандық

       Мамандық таңдау-адам өміріндегі ең маңызды әрі жауапты сәт. Әр адам мамандық таңадағанда, қателеспеуі шарт. Мамандық таңдау жолында, адамдар өздеріне ыңғайлы жағын таңдағаны абзал. Себебі, болашақта сол мамандық арқылы сен тек қана көп ақша табуың емес, сонымен қатар сол жұмысыңнан ләззат ала да білуің маңызды. Мен қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі Шығыстану факультетінің 3-курс студентімін. Оқып жатқан мамандығым- қытай тілінің филологы. Иә, қытай тілі дегенде көп адамдар таңғалып жатады. Себебі, қытай тілінің үйренуге қиын тіл екенін бәріміз де білеміз. Алайда, бұл өмірде оңайлықпен келетін дүниелер жоқ. Ең қарапайым деген жұмыстың да астарында өз қиыншылықтары болады. Сонымен, қытай тілінің филологы болуым үшін, әрине, алдымен қытай тілін үйреніп шығуым қажет. 1-курста өзіме мүлде жат тілді үйренудің қаншалықты қиын болғанын білсеңіздер ғой. Алғашқыда, қатты қиналдым. Шынымды айтсам, қытай тіліне деген оқуға түскендегі махаббатым жоғалып та кете жаздады. Алайда, қазір мен үшін қытай тіліндегі иероглифтерді жазу-миымды тынықтырудың бір әдісі болып кеткендей. Қытай тілінде фильмдер көру-қытай халқының мәдениетін білуіме өз үлесін қосты. Ал қазіргі уақытта, біз қытай тілінің әдебиеті мен философиясын меңгеріп жатырмыз. Философиясы мен әдебиеті бай елді оқып-білу өте қызықты. Жылдан-жылға бұл елді тереңінен оқып, меңгеру, расымен де, тілге деген махаббатымды ұлғайта түспек. Әрине, тілді меңгеру барысында университет мұғалімдерінің де қосқан үлесі өте көп. Қытай тілінің оқытушылары маған қиын сәтте қалай дұрыс оқуым туралы көптеген өздерінің кеңестерін айтты. Неден бастауым қажет екенін, иероглифтерді жаттаудың жолдарын үйретті. Бұл қиын жолда оқытушыларымның көрсеткен көмектері аз емес. 

     Қазіргі уақытта, мен үшін қытай тілі-сыры енді ашылып келе жатқан сандықтай. Қытай мәдениетін меңгеру арқылы, әрі қарай сені қандай қызықтар күтіп тұрғанын білгің келіп тұрады. Мен бұрындары, тек батыс мәдениетіне қызығушылық танытатын едім, қытай тілін меңгере бастағаннан соң, Азия мәдениетіне деген қызығушылығым арта түсті. Сонымен, мен өзіме мақсат етіп қойған нәрсем-осы Қытай елінің тілін, мәдениетін, өнерін көбірек білу, оны зерттеу. Өмір бізге көптеген мүмкіндіктер береді. Оны пайдалану немесе жіберіп алу-өзміміздің қолымызда. Кез-келген нәрсеге қол жеткізу үшін, талмай еңбектену қажет. Әр нәрсенің өзіндік қиыншылықтары болады. Алайда, сол қиыншылықтарға төтеп бере алған адам ғана, болашақта жетістіктерге жетпек.