Мен кім едім, кім боламын... немесе қазақ даласындағы – қазақ қызы

«Кеудеге жалын , ұл-қызға тәлім , ары үшін жанын берген» қазақ отбасында дүниеге келдім.  

Әрбір перзент  - ұлтым, киелі туған мекенім деп өмір сүреді. «Қазақтың аты орыстың атынан озса, балуанын балуаны жықса, шешенін шешені сөзден тоқтатса, мардамсып бар қазақ сүйсініп қалады. Қазақ жеңілсе, орыс та дардияды. Ноғай мен қазақ, сартпен ноғай егессін, олар да солай. Бұл әр жұрттың қанына біткен өзімшілдік, тұрған жерін, өскен елін, өз тұқымын басқадан артық болса екен деген құрғақ тілек, құрғақ сезім ең төменгі дәрежедегі надан адамда да бар. Бұл қасиетті сезім емес.  Жерін, үйірін сағыну, жеріне тарту хайуанда да бар. Үйренген тамақ, жеген жерін жақсы көру – табиғаттың еріксіз каноны.»

Дегенмен, Отанның мығым бөлшегі – әжемнің айраны секілді ұйыған отбасы емес пе? 

Өсе келе, бойжетіп,мендегі өзіндік ойды қалыптастырған – сонау Махамбет, Шернияз шығармаларында ұлт үшін ат үстінде қайсарлық пен батырлықпен танылған Исатай сыңды батырлар , кейін жарты ғасыр өтіп ұлттық әдебиетіміздің өкілдері Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларында зиялылық, білімдарлық алдыңғы қатарға шыққаны. Бұл біреуі дұрыс, біреуі бұрыс болды дегеніміз емес, заман бейіміне сай акценттер, критерилер өзгергендігі, соған сай халыққа, ұлтқа қызмет ету, сол жолда өміріңді арнау идеясы, яғни тектілік концепциясының мазмұны ауыспай, формасы ғана жаңарғаны. Ал Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы ұсынған идеалдардың қазақ қоғамында кең тарауы нәтижесінде ХХ ғасыр басындағы Алаш азаматтары өмірге келді.  Сол ұрпақтың дара өкілі –Димекең (Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев) еді.

Енді қазіргі тәуелсіз қазақ қоғамы алдындағы парызы - ХХІ ғасырдағы қазақтың тектілікке қойылатын критерийлерін жасау.

Тепсініп келген толғаныс жазу үстеліне келгенде су сепкендей басыла қалатыны бар, екпіні бәсеңкіреп, тынысы тарылатыны бар. Себебі қинайтын дүние көп, жүктелетін жауапкершілік жоғары.  Жазып отырған менің халімде солай...

Енді, Өзге емес , өзім айтам өз жайымда, «ұлдарын  құл, қыздарын  күң» етпеген  қазақтың қызы екенім жайында.

 Отанға деген махаббат, қазақы салт-дәстүрдің негізін қалыптастырып беретін, өзіміздің минталитетімізді миымызға ұғындырып, қанымызға сіңдіріп, жанарымызға көрік етіп дараландыратын, қазақтың қызы болып жаралғанымды ұғындырған – анам, әжем, әпкелерім болды.

Есімімді  жанымның еркесі болсын «Жанерке» деп, әжем қойған.

Еркелеп өстім. Ал, біздегі еркеліктің болмысы, шекарсы өзгеден бөлек қой.  Қыз –қонақ деп бетімнен қақпаса да, «қызға – қырық үйден тыйым» деген қасиетті ұлттық ұғымдардан да ада қалдырмады.  Үлкенді сыйлау,туысқандық пен бауырмашылдықтың үздік ұғымы біздің әулетіміз де еді.

Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азамат -  күшті, өнерлі, білімді болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отырады. Анам баулыған өнер мен білімнен де кенде болмадым.  Әкем: Қыз бала кем дегенде төрт жылдық жоғары біліммен тұрмыс құруы қажет. Жасында салт-дәстүрге ұғынып өскен бала, төрт жыл оқып, оң-солын танып, көкірегі ояу,көзі ашық болады. Жақсыны көреді, болмысты сезіп,біледі. Кейін еріне үйде отырып қызғаныш пен басқа ойдың жетегін де  дау тудырмай, демеу болады. Содан аяулы,ардақты ана образы шығады дейтін.Мен содан кейін, халық – бұлақ секілді, басын қайда бұрсаң сол жақты беттеп ағады деген ұғымды мықтап жадымда сіңіріп өстім. «Газет - халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген ізгілікпен, халыққа үндей алатын, ақ пен қараны ашып жеткізе алатын, ұлт жанашыры болам деген ниетпен Қаз ҰУ-да журналистика мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Біліп, үйренерім, көңілге тоқып, өзгеге ой салатындай мықты азаматша болу үшін талай талмай, қажырлы еңбектенуім қажет.

Болащақта кім боламын:  Ең бірінші – қазақтың қызымын! Көк бөрі ұрпағының, алаш азаматының – асыл жары, салт- дәстүрін ұлықтаған, құрметті ұмытпаған, шаңырақтың ұйытқысы болар-ибалы келін, ұрпағын қазақтың ерімін деп өсіретін- ана, «бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен» нәзік жанды, қайсарлы әйел заты боламын.  Кейінгілер дала лағып жөнсіз кететін емес, ғибрат аларлық үлгі тастап кететіндей журналист шылбырын жібермесім де хақ.

Енді сөзімді қорытындыласам, ең бастыс «Бәрі бейбіт, бәрі тату, бәрі қағанды» («Күлтегін») болсын деген ұстанымдардан айнымайық дегім келеді. Бүгінгі күнде Елбасымыздың: «қазақ өзінің әргі-бергі тарихында ешқандай да ұялатын іс жасамаған», –деген тұжырымы да осы ойымды толықтырып отыр. Осындай текті тарихтың арқасында ғана Алаш көсемі өз мақалаларында өзге елдерді сынай алғандығы ақиқат. Себебі өзі ондай атқа сай болмаса, өзгеге ондай талап қою мүмкін емес қой. Яғни біз текті ұлтпыз, бірақ біздің тектілігіміз өзгелердің бізден төмендігін білдірмейді, керісінше біздің ешкімнен кем емес екендігімізді танытады, осы ұлттық тектілігімізді жоғалтпайық. 

Билігіміз құбылмасын, жүйрігіміз жығылмасын.Ата-бабамыз бен болашақ ұрпақ алдында жүзіміз жарық, ісіміз ірі болсын. Тектілікке талпынайық.

Мен - Шындығын жасырмаған, Тарихы ғасырлаған. Жазықсыз сәбилерді, Шет елге асырмаған. Ұлдары жан сақтаған, Қыздары тән сатпаған. Жақсыдан жерінбейтін, Еңбектен ерінбейтін қазақ қызы болып дүниеге келдім.

Мен - көргені азап емес, әлемге мазақ емес. Қазағы орыс емес, шындыққа бойлайтын, ел-жұртын ойлайтын. Ұлыстың ұлы күнін, дұрыстап тойлайтын, Ұрпағын –алашым деп, тәуелсіз Отаным деп, Қазақ тілін шұбарламайтын, ұлтын сүйетін, дініне берік –Қазақ Қорландарының бір аппақ айнасы боламын...



Бөлісу: