Мен қалай ҰБТ тапсырдым?

Ұлттық Бірыңғай Тест! Бұл сөздер жас түлектер үшін зілді бұйрықтай естіледі. Он бір жылдық еңбектің нәтижесі 3 сағат 50 минутта шешіледі. Біреу бақ дейді, біреу бап дейді. Меніңше, ол – ЕҢБЕК. Негізгі орта білім курсын бітіргенше, яғни 9-сыныптан соң көп оқушылар ҰБТ-дан сескеніп, колледжге оқуға түседі. Ал ішіндегі «мен» дегендері 10-сыныпқа қалады. Арасында өз ықтиярынсыз, ата-анасының айтқанымен қалған оқушылар да бар. Ал кейбіреулері мектепті бітіріп шыққанша әрең жүретін, түк те ойламайтындар да ҰБТ-ға барады. 10-сыныпта «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмайды. Ойыңа келгенді істеп жүре бер, мархабат. Әлі бір жыл бар деп, сеніп жүре беруге кімнің ғана қарсылығы келмейді. Бес саусақ бірдей емес, көпке топырақ шашпайын, арасында міндетті түрде сынақтың иісі мұрнына келген, оқушылар да баршылық.

Бүгінгі блогта өзімнің ҰБТ-ға дайындығым мен сынақ тапсырған күнгі әсерімді жазамын. Айтпақшы, тура бір ай бұрын осы күні ҰБТ тапсырыппын. Қазір күліп тұрып жазсам, ол кезде жылармандай үміт пен күдіктің шырмауында күй кешкен едім.

10-сынып аяқтап, 11-сыныпқа көштік. ЖАҢА ФОРМАТ. Ешкім ештеңе білмейді, ешқандай тест кітапшалары дайын емес. Оған қоса аттестат алу үшін бөлек емтихандар бекітілуге жоба жасалып жатыр. Сонымен, әумесерленіп, әркім әртүрлі дайындалып, жаңа жылға дейін жүрдік. Бір-екі рет «Достық» тест кітапшаларын алып, пробный тапсырдық. Нәтиже мүлде нашар. Әрі тестте де қателіктер баршылық. Жаңа жыл өтті, қысқы каникулдан соң сабаққа келдік. Тағы баяғы жартас сол жартас. Аңдығанымыз жаңалықтар. Білім және ғылым министірлігінен біреу сөз айтса, әліптің артын бағып отырамыз. Репетиторға барып жүргендер болды. (Өз басым репетитор арқылы дайындалдым). Әр апта неше түрлі университеттер келіп өздерін таныстырып, «Бізге кел» деп, аты-жөніміз бен нөмірімізді жазып алып кетеді. Солай наурызды қарсы алдық. Көктемгі каникулдан соң ұлттық тестілеу орталығынан 10 нұсқа қолымызға тиді. Айналдырып сол нұсқаларды орындадық. Барлық деректерді жаттап алатын жағдайға жеткеніміз сонша – түсімізге кірердей болды. Одан кейін мемлекеттік емтихандар жайлы нақты шешім қабылданып, 51 эссе, 6 есепті 20 нұсқа бақылау, Қазақстан тарихынан 3 сұрақтан 30 билеттің нұсқаларын қолымызға берді. Соны мамыр айына дейін күні-түні жазумен болдық. 25 мамыр қоңырау соғылды. Өз-өзімізбен мәзбіз. Бәрі осымен аяқталғандай екі езуіміз екі жақта. Емтихандарды да тапсырдық. Түкке тұрмайтын дүние болып шықты. Меніңше, уақытты осы емтихандарға босқа өткіздік. Есесіне, алтын белгілер төстеріне еш қиындықсыз тағып алды. Ешкімнің ойында ҰБТ жайлы ой мүлде кіріп шығар емес. Не керек, мектеп бітіру кеші де өтті. Қыздардың көйлегі, аяқ киімі, шаш үлгісі т.б ұсақ-түйекпен ешкімде мұршасы болмады. Дүркіретіп тұрып, мектеп бітірдік деп аттестатты алып, тойладық. Екінші күні Тааадам! Нешінші поток пен аудитория екенімізді айтып берді. Сондай көңілді иә? Бірақ, оған да қарамай көңіл көтеріп жүргендер болды. Бір-екі рет қалаға барып, университетте тест тапсырдық. Онда оқушылар айласын асыру ниетте сан түрлі амал тапты. Бәрі бекершілік болды. Сонда да олар үміттерін үзбеді. Күнде консультация, психологпен кездесу ал менде уайым...

ҰБТ болатын күннің алдында үш күнім үш ғасырдай өтті. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Тіпті, тамаққа да тәбетім болмады. Қанша ойламайын десем де, қайта-қайта сан түрлі сұрақтар көкейімді тесіп барады. Расымен, армандарым «арман» күйінде қалса не істеймін? Қалай болады? Миға келмеген сұрақ болмаған шығар. Тест кітапшаларын парақтасам да, санам ештеңе қабылдар емес. Сол кездегі жағдайымды білсеңіздер ғой. Ал ертең ҰБТ. Ұйқы әлі жоқ. Сағат 00:00-де жатқан бетіммен 03:00-де бірақ ұйықтадым. 04:00-де өзім оянып кеттім. Құжаттарым мен киімдерімді әзірлеп, бір шыныаяқ шәймен оразамды ашып, 05:30-да мектепке беттедім. Сынып жетекшілеріміз сақадай сай дайын тұр. 06:00-де мектептің алдына автобус келе қалды. Мектеп директоры, оқу ісінің меңгерушісі мен медбикенің жетекшілігімен Көкшетауға жол тарттық. Нағыз азаптың көкесі жол үстіндегі ой болды. Автобус іші мүлгіген тыныштық. Ешкім үн қатпайды. Тек артқы жақта саналарына дым кіріп шықпайтын әумесерлер өз-өзімен өмірлеріне риза. Қалаға кіріп, университетке келе жатырмыз. «Автобустан түсіндер!» деп мұғалімдер айтты. Университет алдына топырлап тобырдай жинала қалдық. Адам деген сұмдық көп. Оған қоса телевидение репортаж түсіріп, мазалары болмай тұрған оқушылардан сұхбат алып жүр. Аудиториямен бөліп, кіргізе бастады.  9 АУДИТОРИЯ! Үстіме мұздай су құйып жібергендей сезімде болдым. Бір-бірден арнайы тексеріспен кіріп, аудиторияға барып, орнымыздың нөмірімен «ҰБТ майданы» атты сұрапылға орналаса бастадық. Сонымен не керек, қол-аяғым дірілдеп, өз-өзіме бағына алмай отырмын. Тест кітапшалары таратылды. Жүрегім тоқтап қалардай күй кештім. Оқу сауатттылығын ашып оқысам, дым ойлана алмай қалдым. Сосын «Назым, осылай отыра бер, арманыңа қол бұлғап» деп, өзімді қайрап, есімді жиып алдым. Жалма-жан тапсырмаларды орындадым. Уақыт шіркін зымырап, жауап парағын тапсыратын мезгіл де келіп жетті. Аудиторияның іші «нағыз» майдан. Айласын асыра алмай отырған оқушыларда өң жоқ. Барлығын өз уақытында тапсырып үлгеріп, тезірек шығуға тырыстым. Бірінші қабатқа түскенім сол еді аудандық білім беру бөлімінің басшысы жағдайымды сұрап жатыр. Не деп жауап бергенім есімде жоқ. Ғимараттан шығу үшін есікті ашсам, ата-аналар қоршап алды. Көзім мөлтілдеп, «Мама қайда?» деппін қобалжығаннан. Сыныптас қыздың анасы мені ақ мамаммен қауыштырды. Жақындарым да келіпті. Жылағым келді. Бірақ, «абыройлы кірдің, абыроймен шығу керек» деп өз-өзімді ұстадым. Оқу ісінің меңгерушісі телефондар ұсталған қорапты әкелді, телефонсыз кіргенімді айтып, тамақтану талонын алдым. Еш тәбетім болмаса да, асханадан тамақты алып, қайтадан сол күйінде қайтарып бердім. Ата-анаммен бірге тәтемнің пәтеріне бардық. Көл-көсір тағам толған дастарханнан тамағыма еш ас батпады. Бір кесе шәйді әрең тауысып, маған әзірлеген бөлмеге ұйықтамақ ниетте болдым. ҰБТ-дан шыққан соң ұйқы нормасын орындаймын деп жүрген қыздың сол уақытта ұйқы түгіл мазасы болмады. Сағат 15:00-ден бастап әлі нәтижесі шықпаған сайтқа кіре бердім. Сағат 19:00 әлі жауабы шыққан жоқ. Ал менде әлі сол әурешілік. Бір кезде 19:15...

«Мүмкіндігі болған 140 баллдан 114 балл!» Өз көзіме өзім сенбей, маманы шақырып, құшақтап тұрып жыладым. Мама да жылап, әкем дым түсінбей бір орнында қатып қалыпты. Ауызыма «114 балл, шүкір» деген басқа сөз түспеді. Беті-қолымды жуып, сенер-сенбес жағдайда болдым. Анам мұғалімдер мен жақындарыма хабарласып жатыр. Тәтем шәй демдеп жүр. Рақаттанып отырып, бір шыныаяқ шәйді құмарлана іштім.

Ауылға сол күні тым кеш келдік. Қадір түні болғандықтан мешітке бара алмасам да, тілегімді тілеп, арайлы таңды қарсы алдым.

Міне, осылай осының бәрі тура бір ай бұрын болыпты. Уақыт қарқыны зымыран және бәрі  өткінші екен. Сондықтан, биылғы жас түлек, сізге ақыл айтпаймын, тек сәттілік тілеймін! Енді мемлекеттік гранттан үміттеніп жүрмін. Бұл да орындалар деген ниетім бар.



Бөлісу: