Мен атаммен қалай таныстым?

*Сурет. Солдан оңға қарай: Кеңесбек ата, Меліс ата, Тынышбек ата

- Кімнің баласысың? - дейді. 
- Атамның! 
- Міне, менің балам! - деп, күледі де алдына отырғызады. Ол кісі Тастақта тұрады. Қонақ көп күтетін сол үйге әке-шешеммен жиі баратынбыз. Қазір тұрып жатқан үйімізге көшер жылы Тастақтағы атамның үйінде бір емес, бірнеше күн қонғанымыз есімде қалыпты. Кейін білдім, ол – менің туған атам емес, атамның Тынышбек деген інісі екен. Әкем қалаға келгенде сол кісінің тәрбиесінде болған соң, мені таныстарына "немерем" дейтін. Оған қоса, үлкен қызынан жиендері бар да ұлдары әлі үйленбегесін туған немере жоқ еді. Ал менің атам ауылда тұратын көрінеді. Мен ол ауылға бұған дейін барыппын, бірақ кішірек болғасын есімде қалмапты. Өзімнен үлкен балалармен "Жер керек пе? Жан керек пе?" деп соғысып ойнағанымыз, қалақай деген шөптің шағатынын, сол шөптің арасына кіріп кетіп, қайта шыға алмай қиналғаным еміс-еміс есімде, бірақ анық емес. 

Бір күні үйдегілер "Ауылдан атаң келеді" деді. Мен қуандым. Ол кезде бірінші сыныпты бітірген едім. Бұған дейін де атам талай келген ғой. Бірақ ол да анық есімде жоқ. Содан үйге ұзын бойлы, шоқша сақалды кісі келді. Бәрі: "Атаң келді! Атаңмен амандас! Атаңның алдына отыр!" - деп жатыр. 
- Кімнің баласысың? - дейді. 
- Атамның! 
- Ой, айналайын! - деп мәз болады. Бұл атам сондай жуас, сондай мейірімді көрінді. Нағыз балажан адам боп шықты. Атам бірнеше күн үйде жатты да ауылға қайтатын болды. Осы бірнеше күнде бұл кісі де менің атам емес екенін білдім. Туған атамның Меліс деген інісі екен. Әкемді ұлындай көріп, мені немере санайды екен. Жалпы, ол ағайындар "менікі, сенікі" деп бөлмейтін заман болған шығар. Бала да, немере де ортақ. Менің төрт атам барын сол кезде білдім. Бірі – өз атам, әкемнің әкесі Кеңесбек. Екіншісі – нағашы атам, шешемнің әкесі Мәмет. Үшіншісі – ауылдан келген Меліс атам да, төртіншісі – қалада тұратын Тынышбек атам.

Содан Меліс атам мені өзімен бірге ауылға алып кетемін деді. Мен барамын дедім. Әке-шешемнің келісуден басқа амалы болмады. Таң атпай "Саяхат" автобектіне барып, ауылға апаратын автобусқа міндік. Әкем мен қарындасы Динара тәтем шығарып салды. Тәтем ауылдағы балаларға деп қолыма бір доп ұстатып жіберді. Содан ұзақ жол жүріп, ауылға келдім. Қазір ғой машинамен "зу" етіп 3-4 сағатта жетіп барасың. Ол кезде жол ұзақтау еді. Ауылдағылардың бәрі мәз-мейрам болды. Балалар "Қаладан келген бала" деп, Меліс атамның жары Шынаш апам "Немере келді" деп жанымнан шықпайды. Бұл кісілердің де жиендері бар да, ұлдары әлі үйленбеген еді. "Құрт жейсің бе?", "Мынау кілегейді жеп көр", "Нанға май жағып же", "Айран ішесің бе? Кефир ғой" деп, апам тойдырып әлек. Өзімнен екі-үш жас үлкендігі бар ағаларым Жансұлтан мен Марат мені далаға шығарып, ойнатуға асық. Шай ішіп отырғанымызда үйге әкемнің шешесі – өз апам келді. Мен ол кісіні жақсы танимын. Қалаға жиі келетін. Шайдан кейін Меліс атам мені көрші үйге алып келді. Үйде жақында үйленген Қайсар ағам, жаңа түскен келін – Әсел жеңгем, Назым әпкем, сосын Ернат деген жиен ағам бар екен. Оларды жақсы танимын. Төртеуінен бөлек, өз апам мен өз атам да осында. Атамды бірден таныдым. Бұған дейін көргем, саны көп альбомдарда суреті де бар. Үлкендер қал-жағдай сұрасып, түрлі әңгіме айтып отырды. Әңгімелері Қайсар ағамның тойы жайлы болса керек. Әйтеуір, атам маған сондай суық көрінді. Тынышбек, Меліс аталардай алдына отырғызбады. Сосын бәрін ұрыса беретіндей. Бір кезде мен үйреніп қалған сұрақты қойды: 
- Кімнің баласысың? - дейді. 
- Атамның! 
- Атаңның аты кім? 
(Бұл сұрақты осыған дейін ешкім қоймаған. Бірақ жаттағаным есімде). 
- Кеңесбек! 
- Ха-ха-ха-ха - деп күлді ол кісі. Басқа аталарымдай "Менің немерем! Менің балам!" деген жоқ. Сұрақты ары қарай жаудырды: 
- Қайсы елсің? 
- Сары! 
- Оның ішінде? 
- Тайлақ! 
- Оның ішінде? - деп тағы қайталады. Мен қайталап қойылған бұл сұраққа дайын емес едім. Үндемедім. Жанымда отырған Ернат "Есімбек" деп сыбырлады. Мен "Есімбек!" дедім. 
- Оның ішінде? - деді тағы бір рет. Үндемедім. Ернат "Жантұр" деп сыбырлады. Бұл жолы қайталамадым. 
- Хэ-хэ-хэ, ой, әкейің... - деді атам. 
- Жаттап алады әлі! - деді Меліс атам ұялып отырған мені жігерлендіріп. Сөйтіп отырып кеш те батты. Меліс атам үйіне қайтпақ болды. Маған "Атаңның үйінде қаласың ба?" деді. Мен қалмайтынымды айттым да Меліс атама еріп кеттім. Менің атаммен танысуым осылай басталды. 

Айтпақшы, көп уақыт өтпей жеті атамды да жаттап алдым. Бірақ ол басқа әңгіме...
 


Бөлісу: