Лазерлік түзету. Менің хикаям.

Өзімді білгелі кітап оқуды жақсы көретінмін. Қыс па, жаз ба, күн бе, түн бе - бәрібір, тек қолымда қызықты шығарма болса болғаны. Осы әдетімнің зардабы - өсе келе көзімнің көруі нашарлай бастады. 11 жасымда көргіштігім -1 болса, 21-ге келгенде бұл сан -4,5-ға дейін түсіп кетті. Көзілдірік кие бастадым, анда-санда линза да киетінмін. Көзімнің көруі нашарлағанымен көзілдірігімнің жуандығы да өсе бастады. Жалпы, өмірбақи "төрт көз" болып атануға мүлдем көнгендей болдым, алайда өткен жазда досым өз көзіне лазерлік түзету жасап, осы операцияны маған барлығынша мадақтады. Сол кезде досымның сөзіне көп мән берген жоқпын. Кезекті күз келіп, бірінші аяз соққанда, университет, жатақхана, автобус сияқты жылы жерлерге кіріп келгенде, көзілдірігім өзінің буланып кететін ауруын қайтадан бастады. "Жоқ, былай болмас" - деп, досымның жазда жолыққан клиникасына жазылып, аталған күні хирургтің кабинетінде отырдым. Бір сағат бойы шамамен айтқанда 15 аппаратта көзімнің әр түрлі көрсеткіштерін тексерді де, операция жасалатын күнін анықтады, бірақ оның алдында үш түрлі анализ (В және С гепатиттеріне, АИТВ-ға және сифилиске) тапсыру керек болды. Осының бәрі өткенше, семестр де аяқталды. Бір жағынан қорқынышты болды, себебі аяздың мұндай операцияға әсері қандай болатынын білмедім. Екінші жағынан, сабақ та бітті, демалуға көп уақыт болатын болды. Оған қоса, сол күндері ауа райы да жылынып кетті. 7 желтоқсан күні қасыма құрбымды ертіп, клиника бағытына қарай жолға шықтым. Жеткен соң, көзімді тағы бір рет тексерді де, операция болмесіне апарды. Дайындалу, киім ауыстыру, операция - осының бәрі 15 минуттан асқан жоқ. Операциядан соң сыртқа шығып, аялдамаға қарай барғанның өзінде-ақ өзгеріс байқай бастадым: 5 метр жерде тұрған көліктің нөмірін, әр жеке бұтақтың шайқалғанын, дүкендердің жазуларын айқын көрдім. Операциядан 2-3 саған өткеннен кейін, ауырсынуды басатын дәрмектің әсері де бітті. Сол кезде қабағымның астына ұнтақталған әйнек салынғандай болдым, өмірімде көзімнен соншама жас шықпады. Бұл сезімді тіпті ауыру деп те айта алмаймын, көзімнің үстінде бір бөтен зат бар секілді қолайсыздық сездім, алайда ұйының тәтті құшағына бөленіп, таңертең оянғанда, жайсыздық тіпті болмағандай болды. Келесі күні клиникаға операциядан кейінгі тексеруге қайта оралдым. Аппараттардың көрсеткіштері бойынша, операция толықтай ойдағыдай өтіп, көзімнің көргіштігі 100%-ға қалпына келді. Сол күннен бастап жаңа өмірім басталды десем, өтірік айтпаспын.

Лазерлік коррекцияның кемшіліктері туралы айта кететін болсақ, солардың ішінде:

Қазіргі жастардың (жалпы айтқанда, тек қана жастардың емес, бүкіл халықтың) көз көргіштігі нашар болғандықтан, бұл мәселемен көпшілік қызығады, сондықтан қайталана беретін мыңдаған сұраққа жауап беруім керек болды Көз көргіштігім қайтадан нашарлап кетеді ме екен деген қорқыныш. Ең бастысы - көз гимнастикасын уақытылы жасап тұру Бірінші әзірде қапырық бөлмелерде көзім тез тітіркене бастайтын болды. Бұл жағдайда ылғалдаушы тамшылар көмектеседі Теледидардың немесе компьютердің алдында отырғанда, көзім тез шаршайды. Яғни егер бұрын тұрмастан 4-5 сағат отыра алатын болсам, қазір кем дегенде 1,5-2 саған сайын үзіліс жасап тұру керек
 

Ал артықшылықтарына тоқтасақ:

Қоршаған әлем айқынырақ, әдемірек көрінеді Қыс кезіндегі көзілдіріктің булануы туралы мүлдем ұмыттым Соңғы қатарда отырғанның өзінде тақтадағы барлық жазуды, аялдамаға келе жатқан автобустың нөмірін бірінші көремін (бұдан бұрын соңғы рет мұндай тек 4-ші сыныпта болған) Оңалу мерзімі қысқа және жеңіл, шектеулер тек қана монша мен байланыс спорт түрлеріне қатысты
 
Құрметті оқырман! Егер осы блогты оқымастан бұрын "Бұндай операция маған керек пе? Ауыртатын шығар. Жоқ, одан да үйреншікті көзілдірікпен жүре берейін" деген ойларың болса, ештеңеден қорықпа! Әр күнің жаңа түске тола болсын!


Бөлісу: