Айналаңызда сізге қарағанда қазақ тілінде "таза" сөйлейтін өзге ұлт өкілі бар ма? Орыс, неміс, өзбек... Мұндай адаммен таныс не дос болсаңыз, көп жағдайда қызықты жағдайларды көп көреріңіз анық. "Менің орысша не ағылшынша судырататынымды ел осы неге мақтамайды и осы" деген қызғаныш та пайда болады кейде. Осындай кейіпкердің бірі Түркістан облысы Арыс ауданы Монтайтас ауылының тумасы Александр Давыдов. Ол бала кезіне "қазақ ауылында" өсіп, Ұлы Отан соғысының ардагері Бейсен Оңтаев атындағы мектепте білім алған.
"Біздің ауылда барлығы қазақтар ғой негізі. Бізді интернационалдық отбасы деуге әбден болады. Әкем - орыс, анам - қарашай. Жеңешелерім қазақтар. Қазақ ауылда дүниеге келген соң ба, достарымның бәрі қазақша сөйлейді, жеңгемнің де үйреткені көп. Осылайша мектеп табалдырығын аттағанға дейін де қазақшам жақсы болды. Үйде орысша сөйлесеміз көбінесе, бірақ қазақша әзілдеп қоятынымыз бар. Қазақты көрсем қазақша, орысты көрсем орысша сөйлеп үйреніп қалғанмын. Бала кезімнен "сен орыссың" деп біреуі бетіме келген емес, әрине достарымның әзілі боп тұрады ара тұра. Сыныптастарым кейде Ескендір Зұлқарнайын деп атайды. Біз өзі үйде үш қыз үш баламыз. Мен сүткенжесімін. Анам тоғыз ағайынды. Жалпы туыстарымыз өте көп", - дейді Александр.
Александр мектеп кезінен түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
"Қазір Шымкенттегі М. Әуезов атындағы университетінің екінші курсына өттім. Қазіргі білім алып жатқан мамандығым - педагог-ұйымдастырушы. Болашақта білім беру мекемелерінде не мәдени ошақтарда жұмыс істейтін боламын. Мектеп кезінде "Абай оқулары", "Тіл - мерейі" сынды түрлі жарыстарға және білім сайыстарына қатыстым. "Абай оқулары" байқауларында ауданды, облысты бағындырып, тіпті бір рет республикалыққа жолдама алған кезім болды. Ал соңғы рет (2020 жылдың соңында) "Тіл - мерейі" байқауына қатыстым, өкінішке орай жүлделі орынға іліге алмадым. 8-9 сыныпта оқып жүргенімде 20-21 жастағы колледж студенттерімен бірге жарысқа қатысатын ем, көбіне түркітілдес елдердің өкілдері (әзербайжан, өзбек) бас жүлдені қанжығасына байлап жататын, ал біз сол екінші үшінші орындарды қанағат қылатынбыз. Жалпы осындай жарыстарға қатысуыма бірден бір себепкер ол қазақ тілінің мұғалімі Аманбекова Рыскүл апайым. Мектеп қабырғасында жүргенімде Рыскүл апайым секілді қазақ тілінің мұғалімі болуды армандадым. Орыс адам қазақ тілінен сабақ беріп жатса, барлығы қызығады ғой", - дейді болашақ тіл маманы.
Мұғалімі Рыскүл апай Александрдың дара туған біртуар азамат екенін мақтанышпен айтады.
"Сашам менің ерекше ғой, ол қазақтың орысы ғой. Қазақ боп кеткен, ұяңдығы, мінезі бәрі қазақи. Қазақ тілінде кез келген қазақтан жақсы сөйлейді, төл әріптерімізді айтқанда, кейбір қандастарымызды ұялтады. Диктант, эссе дегенді өте сауатты жазады. Морфологиялық, синтаксистік талдау дегендерді шемішкеше шағатын, сыныптастарын түзетіп отыратын. "Әне Сашаға жетпейсіңдер" деп мақтап отырушы ем. Қазақ тілі пәні бойынша аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, талай жүлделі орындар алған кездері болды. Келбетіне қарап жеңімпаз бола береді деген ой келмесін, бұл өте білімді, талантты, есте сақтау қабілеті өте мықты бала. Сонымен қатар, қазақ салттарын жақсы біледі, көрімдікті, байғазыны қай уақытта беретінін барлығын біледі", - дейді ұстазы.
Александр осыдан екі жыл бұрын Арыста болған оқиғаны еске алды.
"Арыс оқиғасы болғанда мен ауылда едім, ал әкем сонда жұмыста еді. Темір жолда электрик болып жұмыс істейді. Сөйтіп жол жабық болды ма, әкем көлігімен егін алқаптарымен жол жүріп келген. Әуре сарсаңға салған адамдар рұқсат сұрамастан мініп алып, қауіпсіз аймаққа дейін жетіп алған. Жалпы біздің тұратын мекеніміз шағын ғана ауыл. Бұл ауылда жазушы, драматург Дулат Исабеков дүниеге келген. Болашақта бәлкім сәтін салып жатса, сол кісінің деңгейінде бір жаңғырту арманы бар менде", - дейді ол.
Мақала Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының "Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру" мемлекеттік гранты аясында "Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің қолдауымен "Жетістіктің тарихы" іс шара жоспарына сәйкес әзірленді.