Қазағымның қаракөз бұрымдысы... (байқау)

Қазағымның қаракөз бұрымдысы... (байқау)
жеке
блог

«Массагет» сайтының оқырмандарына және «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!» сайысына қатысушыларға жалынды сәлем!

«Ken» тобының мүшесі – Ғайнеден Әселханым Ерсінқызы. 1999 жылы қаңтар айының 11-жұлдызында Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Орлы ауылында дүниеге келдім.

«Үй маңында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең, ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең»  демекші, атам мен әжемнің еркелетіп, бар білген құндылықтарын бойыма сіңіріп, үміт артқан үлкен немересі, әкем мен анамның қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, бір көңілімді қалдырмаған, бар мейірімін аямай, үнемі алға жетелеп келген жалғызы болам. Менің үлгі тұтар адамым - Анам. Жібек мінезді, қиындыққа мойымайтын, не нәрсе кедергі болса да өжеттілікпен, каймықпастан қарсы тұратын, мен білетін ең нәзік те, ең мықты адам да сол. Адам ретінде, тұлға ретінде, әйел ретінде дәл анам сияқты болғым келеді.

Өмірлік ұстанымым: «Әдемілік пен даналықтың кілті – шынайылық». Адам шынайы болған кезде ғана әдемі болады, шынайы болған кезде ғана бақытты болады. Екіжүзділік- ең арсыз қасиет деп білемін. Шынайы болып қана мақсатқа жету керек.

Хоббиіме келер болсам... Кітап оқығанды, өлең шығарғанды жаным сүйеді. Сурет салу мен ас әзірлеу тағы бар. Бос уақыт қалдырмауға тырысамын. Негізінде әдебиетке жақынмын, сол себепті сахыналық қойылымдарды тамашалап, өзім де қатысқанды ұнатамын.

Ұсынысым бар: енді-енді жыр жазып, қанаттары қатая қоймаған мен сияқты жас ақындардың жыр мүшәйралары жиірек өтіп тұрса және мүмкін болса мәнерлеп оқитын жас жеткіншектердін арасында да сайыстар болып тұрса деймін (видео түрінде).

Үлкен-кіші асыға күтетін жаз мезгіліне жоспарлар да, жетемін деп алға қойған мақсаттарым да көп. Сол белестерді Массагетпен бірге бағындырғым келеді.

«Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» байқауына қатсқалы жатқаныма қуанып, әрі толқып отырмын. Барша қатысушыларға сәттілік!