Қайта оралмас балалық шағым
блог
Үй көрмей, ойын қызығына батып, күнге күйіп, жел қарыған юетті де елемей, апамның шоққа піскен ыстықнанын үзіп жеп өскен мен − бақыттымын.
Таң атар-атпастан теледидар тұрған бөлмеде атаммен мультфильм көремін. Күн шыға есік алдында тұрған, шыбыны құжынаған дастархан басына отыра кетесің. Төрт аяқты әткеншектен де талай құладым, құлағанымды ұмытып кетіп айналып келіп тағы отыратынмын. Әлі есімде, апам кешкі тамаққа жанталасып нан жайып жатқанда, атам шикі қамырдың шетін үзіп алып, пештің шетіне қызартып қақтап «қытырлақ» жасап беретін. Қалағанымды алған соң есім кете мәз болып ойнап кетемін.
Ымырт жабыла мал алдынан шығамыз. Бәрі малдырын түгендеп, қорасына кіргізіп жатқанда көше ортасында ойын қызығына батқан балалар «чика» ойнап отырады. Ауылда бір мезгіл бар:мал басы түгел болмаса көрші қорасынан бөтен қой іздейтін кезең. Алабай ит арсылдағанда кегендердің зәресі ұшатын, ал мен «батырсынып» иттің дәл жанына барып тұрып аламын.
Атам мен апамның тәтті-дәмдісін жеп өскен менің ішкенім алдымда, ішпегенім артымда болды. Тойдан әкелген кәмпитін де, алмасын да маған беретін. Даладағы ағашқа ілінген құртқа толы дорбаның да иесі мен болатынмын. Апам арқасына салып алып көше-көшені аралайтынбыз. Таңнан тұрып ыстың иісі сіңіп қалған ормалын басына тартып сиыр сауады.
Ауылымның салқын таңын, ми қайнатар ыстық күнін, тынық, жұлдызды түнін сағындым.