Қаратаулық 18 жастағы жігіт үздік сержант атанды

Кіші сержант Әбдіхалық Нұрдәулет Серікұлы, Жамбыл облысы Қаратау қаласының тумасы. Жасы 18-де. Жеті жасынан Талдықорған қаласындағы интернатта білім алып, спортпен шұғылданған. 2008-2020 жылдар аралығында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтында "Жасұлан" әскери мектебінде білім алған.

"2020-2022 жылдары Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжді тәмамдадым. Қазіргі уақытта Гвардейск гарнизонының 75263 әскери бөліміндегі екінші инженер-саперлік батальонның инженерлік ротасының бірінші командирімін. Бастапқыда өзімді әскери адам ретінде еш елестете алмадым. Спортшы болсам, Олимпиадаға барсам деген арманым болды. 9 сынып бітірген соң, ата-анамның ақылымен "Жасұлан" әскери мектебіне түстім. Бала кезде түсінбейсің, бірақ "Жасұланда" жүріп Отанға деген сүйіспеншілігім оянды. Бокс, қоян-қолтық ұрыс спорттарынан жарыстарға қатысып тұрамын", - дейді Нұрдәулет.

Оңтүстік өңірлік қолбасшылығында (Шымкенттен Жаркентке дейін) 100-ге жуық сержанттар 10 күндік сайыста (танк жүргізу, автоматтан оқ ату, тактикалық сұрақтар және дене дайындығы) бақ сынасқан. Осы байқауда Нұрдәулет жеңімпаз атанды.

"Әскери медиа" жобасы аясында әскери салада жүрген сарбаздар, сержанттар және офицерлердің қызметтік борышынан бөлек, қарапайым өмірдегі қызығушылықтары, өмірлік ұстанымдары және елдің дамуына қосып жатқан үлесі жазылады.

Бұл іс-шара "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КеАҚ-тың қолдауымен "Алматы" студенттер Альянсы" корпоративтік қорының ұйымдастырып жатқан "Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша кешенді іс-шараларды өткізу" жобасы аясындағы "Әскери медиа" шағын грант негізінде жүзеге асырылып отыр.



Бөлісу: