Журналистиканы не үшін таңдадым?
блог
«Ұлтқа арналған істің ірі-ұсағы болмайды. Ұлт үшін жасалған әрбір іс ұлы болып саналмақ»,-деген Алаш қайраткерлерінен қалған сөз бар. Елге, ұлтқа қызмет етер саланың бірі — журналистика мамандығы дер едім.
Қоғамның өткір де, өзекті сауалдарына жауап табуға тырысып, үнемі ізденіс үстінде тынбай, ақпарат майданында шайқасып жүрген жауынгер журналист атану — менің де ізгі арманым!
Менің журналистика мамандығын таңдағандағы мақсатым — қазақ журналистикасына эксклюзивті, креативті өзгерістер енгізу. Егер жегені-жантақ, арқалағаны-алтын мамандық иесі атанып жатсам, экраннан халыққа пайдасы шамалы бағдарламалардың орнына, заманға сай, білім бағытында жүргізілетін бағдарламалар ұсынып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі дарынды жастардың талантына дем беріп, ісмер, қолөнер шеберлерінің бұйымдарын елге танытып, кәсіпкерлігін дөңгелетіп жүрген жандардың еңбегін көпке насихаттап, еңбектерін үлгі етер бағдарлама авторы болар едім.
Журналистика саласының үлкен жауапкершілікті талап ететінін білемін. Осы орайда Жүсіпбек Аймауытов атамыздың: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез-келгеніне икемділік қажет. Бұл — жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» дегенін қаперден шығармау керегін түсіндім.
Халық пен билікті байланыстырушы көпір саналатын бұл мамандық иесінің қоғамдағы рөлі айрықша. Журналист — алып күш, ашық пікір, шынайы мінез, тұңғиық ой, талғампаз көзқарасы анық көрінетін ерекше мамандық иесі. Яғни, ұлт ұстазы Ахмет атамызша айтсам, «баспасөз — халықтың көзі, құлағы һәм тілі».
Журналистика мамандығын таңдауымның тағы бір себебі — әділдік пен шындықты сүйетінім. Журналист деген тек ақиқатқа ғана негізделген өзекті ақпаратты халыққа жеткізе білуі керек. Олардың құлағы қашан да түрік, көзі қырағы болғаны абзал. Сондықтан жаңалықты дер кезінде жеткізу — журналистің басты міндеті деп ойлаймын.
Сондай-ақ, журналистің қызмет барысында қателесуге қақысы жоқ. Өйткені, журналист қателессе, миллиондаған оқырман, көрермен, тыңдарман қателеседі. Сондықтан журналистер қауымы жауапкершілік пен адалдықты және ар-намысты биік қоюы тиіс.
Журналист қартпен де, жаспен де, ханмен де, қарамен де тіл табысуды қажет ететін көпшіл маман. Ол үшін журналистің білімі терең әрі жан-жақты, яғни әмбебап болуы қажет. Себебі, нағыз тілші өзгеден ақылдың тереңдігімен, қиялдың ұшқырлығымен, ойдың дархандығымен ерекшеленбек. Ал бұл биіктікті бағындыруда еселі еңбек, таудай талап етуім керек.
Қаламыма қасиет қондырып, шабытымды шыңдай түсер журналист болсам, жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асыру жолында көп еңбектеніп, көп ізденіп, көп оқыр едім.
Осылайша халықпен бірге тыныстап, елімізде болып жатқан жаңалықтың жаршысына айналуды өзіме басты мақсат етіп қойдым.
Абай атамыз айтқандай, «дүниенің кетігіне кірпіш болып қаланғым» келеді. Өз ісімнің шебері, өз саламның үздігі болуға үмітім зор.
Үмітім мені алдамайтынына сенемін!