Жүрегімде қалған Рамазан

Жүрегімде қалған Рамазан
жеке
блог

Шарапатынан имандылығы, сұлулығынан сауабы асып түсетін ай атаулысының патшасы Рамазан айы күллі мұсылман жамағаты үшін қастерлі де, сүйікті кезең. Асыға күтіп,сағына қауышатын Рамазан айы ауыз бекітушілердің санасына мейірбандық, имандылық сезімін ұялатып, сабырлы, саулықты, берекелі болуға шақырады. Жан тазалығының айнымас бөлігі-ораза ұстау. Қаламыма серік болған осы бір сөздер жеке өмірімнің парақшаларынан айқын көрініс тапты.                            

 Ойын мен оқу аралас бойжеткен, қазіргі шағым.Күнделікті өмір ағысына бой ұрып, қарапайым қарбалас ішінде Рамазан айының келіп жеткенін әке сөздерінен аңғардым. Рамазан айының қадір-қасиеті турасында тереңінен естіп білуім тегін емес. Менің ата-анам ораза тұтуды сауапты әдетке айналдырған, жан тазалығы мен имандылықты ту еткен жандар. Бір бойында талайды тамсандырар, сан алуан сауабы жинақталған қастерлі айда ораза тұтуға жүрексініп жүрген мен, рауасы мол мүмкіндіктен қалыс қалмай, адасушылардың емес, Алланың ақ жолымен ғана жүруге ынталандым. Оған менің көрген түсім де себеп болды. Өрімдей шағымнан Мекке Мәдинеге баруды арман тұтқан менің түсімде киелі мекеннің бейнесі орын алып, құдды сол жердің жан сауықтырар шипалы ауасынан ләззат алып, Қағбаны өз көзіммен көргендей ерекше сезімге бөлендім. Көптен бері қол жеткізе алмаған сарқылмайтын қазына-Құран Кәрім кітабын сатып алуды Алла бізге нәсіп етті. Арабша тіл ұстартып, білімнің биік белесіне жетуді жөн көрдім. Ең маңыздысы, мені Рамазан айы төзімділікке, қайырымдылыққа, сабырлыққа, шүкірлікке, нәпсіні тыюға, жақсылық жасауға, жан тазалығына тәрбиеледі. Мен осы бір сезімдеріммен қоршаған ортамдағы дос-жарандарыммен бөлісіп, басым бөлігін айлардың төресі Рамазан айында ауыз бекітуге шақырдым. Осылайша Алланның разылығы үшін тағы бір сауапты істің иесі атандым деп үміттенемін. Мен үшін осы жайыттардың баршасы Алланың шүбәсіз рахымшыл, айрықша мейірім иесі екендігін тағы бір дәлелдей түсті. Әрбір атқан таңым мен батқан күніме шүкіршілік етіп, оразадан оразаға аман-есен жету, мен үшін үлкен бақыт.