Жаңартылған білім мазмұны білім ордаларына біртендеп енгенімен, мұғалімнің де, оқушы мен ата-ананың да психологиясына әсер еткені сөзсіз. Жалпы дайындықсыз тосыннан келгендей әсерде болғанымызбен, бірнеше жылдан бері осы бағдарламаның қазақстандық мектептерге келетіні жайлы ескертулер болды. Алдын ала дайындық ретінде ұстаздар біліктілігін арттырып, оқып-тоқып жатты.
Сонымен, жаңартылған білім мазмұнындағы біз білмейтін жаңалықтар:
1. Оқушыларды топтастырып оқыту. Топтық жұмысты ұйымдастыруда көптеген мұғалімдер қателіктер жіберіп жатады екен.
Топтық жұмыс қай кезде ұйымдастырылу керек? Топтық жұмыс, әдетте, оқытушының күрделі тақырыптарды меңгертуде қолданылатын әдісі. Сондықтан оқушыларды топқа бөліп, топтық тапсырмалар арқылы күрделі тақырыпты ашып, топ мүшелерінің бірге ұйымдасқан түрде жұмыс істеуіне негіз болады. (Джигсо әдісі)
Топ мүшелері қалай таңдалады? Оқушыларды топқа бөлетін сәтте әр топта дарынды балалардың теңдей бөлінуін қамтамасыз ету керек. Топ мүшелерін топтастыруда ЖАДА (жақын арада даму аймағы) тәсілін қолданған жөн. Топтың бірнеше түрлері кездеседі: Аралас топ-қыз бала мен ұл балалардан тұратын топ. Гендерлік топ- кілең қыздардан немесе ұлдардан құрылған топ.
Бір сабақта топ неше рет құрылады? Жалпы сабақ барысында топты бірнеше рет құруға болады. Жоғарыда айтылғандай, сабақ тақырыбының күрделілігіне орай топты аз уақытты жылдам құрып жұмысты бастап жіберу керек. Тіпті, топтарды өзара алмастыруға да болады.
Санитарлық гигиеналық ережелер бойынша оқушы партасын жылжытпай-ақ, топтық жұмысты ұйымдастыруға болады. Парталар орнында тұра береді, ал адамдар қозғалып жүре алады.
Топтың әр мүшесінің жұмыс жасауын қалай ұйымдастыруға болады? Топпен жұмыс істеу кезінде жалпылай қарамай, әр оқушының тапсырманы орындауға атсалысуын бақылау қажет. Ол үшін топтың ішінде оқушылардың өзара бағалауы тиімді. Оқушының қанша рет сөйлегенін, әңгімеге қатысуын мұғалім бақылап отырады.
2. Мұғалімге өзгеріс не үшін керек? Ең алдымен ұстаздар қауымы балалар үшін қажетті құндылықтарды ұғып алуы керек.
1. Жаһандану (Глобализация). Жаңа жалпыәлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастық құрылуының үрдісі. (Википедия) Жаңартылған білім мазмұны бойынша мұғалім әлемнің дамыған мемлекеттерінде жаһандану үрдісі орын алғанын түсіну қажет. Жаһандану дегеніміз- Үштілділік пен латын қарпіне көшу процесі. Өйткені техника мен ақпарат тілі латын әліпбиі негізінде жасалған. Оқушыға білім беруде әлемдік жаһандану жаңалықтарын мектеп қабырғасынан сіңіріп оқыту қажеттілігі артып отыр.
2.Демографиялық өзгерістер. Қазақстанда жылдан-жылға демографиялық өсімнің айтарлықтай өзгеріске ұшырағанын мойындау керек. Елімізде 130-дан астам ұлт өкілдерінің мекендейтінін еске алсақ, қазақ халқы санының артуы-өте қажетті құндылық. Өмірлік жағдайларда баланың ортаға бейімделуі мен өз орнын табуы, отбасы құруы, ұрпақ қалдыру сиқты ұлттық құндылықтар мектеп қабырғасынан оқытылу талап етілуде.
3.Қауіпсіздік пен тыныштық орнату. Еліміздің қауіпсіздігін сақтау, әлемде тыныштық орнату-әлемнің жетекші елдерін мазалап отырған ауқымды проблема. Елбасының сарабдал саясатының арқасында түрлі ұлт өкілдері бір аспан астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Алайда еліміздегі қауіпсіздікті сақтау-болашақ ұрпақтың қолында. Оқушының бойына ауызбіршілік, татулық, мейірімділік сияқты құндылықтарды сіңіруге де жаңа бағдарламаның басты мақсаты болып табылады.
4. Экономикалық даму. Табысты ұрпақты тәрбиелеу-отбасы мен мектептің еншісінде. Сондықтан болашақта баланың өмірден өз орнын тауып, мамандық игеріп, отбасын асырай алатындай қажеттіліктерді меңгеруге баулуымыз қажет. Мемлекеттің жан-жақты оқыған, экономикалық сауаттылығы бар азаматтары ұстаздардан тәлім алады.
Жаңашыл ұстаздарды оқыта отырып, болашақ ұрпақты тәрбиелеуге осындай тың өзгерістер еніп келеді. Оқытушы білікті болса, шәкірттер де білімді, тәжірибелі болмақ. Инновацияны игеру қажеттілігі жоғарыда аталған факторлардан туындап отырғанын әрбір мұғалім түсінуі қажет.