Букинистің әңгімесі

Букинистің әңгімесі
жеке
блог

 Өзі қанша жыл өткені белгісіз. Үш жылдың шама-шарқы. Кітап саттым. Букинист қызметі. Өзім осы істі сүйем. Кейде көне кітаптың иісін сағынам. Онсызда бөлмемде көне кітаптың иісі аңқып тұр. Бұл туралы бұрындары жазбадым. Себебі бір рет жазсам, екінші қайырып жазу бұл секілді жеңіл тимес.

Бәрі Ілияс Есенберлин атамыздың кітабын алудан жалғанды. Никольский базарының жанынан өтіп бара жатқанмын. Емделіп жүрген кезім бе? Жерде домалап жүрген кезім бе? Есенберлин атамыздың он томдығы тұрды, қаншадан болғаны есте жоқ. Екі жүз елудің маңайы. Бір томын алдым да, үйге ұштым. Анам жоқ. Әкем кездесті. Әкемнен бар паршасын сыпырдым да қайта ұштым. Он том кітапты аларда қоймасына кірдім. Қоймасы толған томдықтар. Көзіме алтын қоймасы көрінгендей. Сапылдақ ауызым сапылдап іштегі контейнерді мен ашатын болдым. Оның ішінде: мед, ботаника, география, физика-математика және де фантастика. Қиыншылығы орысша «прикол» үшін сөйлеуден басқасын қақпайтынмын.

Орыс кемпір-шалдарың келетіні... тіл білмегеннің азабы-ай... Дегенменде сол кемпір-шалдарға рахмет, әнгімелерін айта беретін. Тыңдай білсең, сөйлейде біледі екенсің. Аяқ асты орысшада зуылдайтын болдық. Ақырындап қарапайым әңгімеден, біртіндеп әдеби критикаға шықтық. Кейбір шал-кемпірлер уақытылы кеп тұратын, әңгімені түсте бастап, кеште бітіретінбіз. Күндізгі жұмысым кітапты қайта-қайта реттеу. Мектеп әдебиетін алып оқып отыратынмын. Енді бірде ары-бері өткен қыздарды оқып кетесің. Қыздар демекші. Кітапты көп алады. Көбінесе Аспендияров. Том-томдап алады. Расында оқитын қыздар. Сөздерінен, іс-қимылдарынан білінеді.

Кейде қартаң тартқан кісілер келеді. Физика-математика, химия-биология қатарындағы кітаптарды алады. Өзіміздің қарапайым ауылдағы домалақ қазақтарымыз. Егінге, өз істеріне жарататын машина жасауға тырысып жүргендер. Талайын көрдім.

Орыстар Фредерик Форсайт, Айзек Азимов, Гарри Гарисон, Толкин, Стивен Кинг. Негізінен фантастика мен фэнтези және детектив жанры, көбінесе Агата Кристи. Көбі үлкен кісілер. Біздің шалдармен салыстырып сұрақ қоятынмын. Неге осы жеңіл жанрларды таңдайсыздар? Өз классиктеріңізді бітірдіңіздер ме? Жауаптары бір: Өмір онсызда қиын.

Ақырындап кемпірлері келе бастайды. Алған кітаптары... мен сатуға ұялатын кітаптардан. Жастықты аңсайма дейм. Бір күні бір қазақ қыз шешесімен сол кітаптан бірін таңдап, шешесі алып бергенде жағым айрылғалы аз қалған. Эротика жанры еді бұл.

Тағы бір топ кемпір-шалдар өсімдік, егін, бау-бақша күтімі жайлы кітаптар талдайтын. Ішінде шөптің емдік қасиеттерін жатқа білетіндері бар-тын. Кітап талдап жатқанда өзімен өзі сөйлескенде байқайсың оны. Бір тайпақтау, бүкір кемпір кітаптарын ауыстырып тұратын. Әңгімесі өмір мен әдебиет төңірегін қамтитын. Көбінесе Чингиз Абдулаев-тың кітаптарын айналдыра оқитын.  Көптеген кітаптардың арасынан таңдап бересің, ұнатқанын арбасына салады да, ауырған аяғын әрез басып кететін.

Жасы пайғамбар жасынан асқан бір қазақ кісі бола-тын. Қазақ әдебиетін ұната бермейтін. «Қан мен тер» романын ұнатады және Граф Монте Кристо романын айтып кеп отыратын. Айқас-шайқастың көкесі түгіл жеті атасы кеп-кететін. Енді бұл кісі оқымыстылығы көрініп тұр. Қай кітапты сұрасаңда төгіліп тұр. Бірақ «Абай жолын» қарапайым романдар қатарына қосатын.

Құдайдың бере салған күні қазақ кітаптарын өзіме көшіріп алдым. «Қазақстанда» қазақ кітаптары бір-ақ жәшік. Ең көбі Мақатаев. Бір жәшіктің өзін талап алды. Оның жартысынан көбін өзім сатып алдым. Бір жартысын ұрлап та кеттім. Кітаптарды оңайшылықпен сатпайтынмын. Оқитын адамға тегін бере салып риза болатынмын. Орыс кітаптарынан есесін қайырып аласың. Қазақша кітаптың көбін контейнердің түп жағынан тауып, мыжық-сызық күйінде шығарып қоясың, бес минут болмай қағып кетеді.

Таңғалғаннан сөйлей алмай қалған күн болды. Іші шашылған соң жинап жатқанмын. Бір көзәйнек таққан орыс тілді қазақ келді. Қатты оқымысты, көрініп тұр. Орысшалап «Кылмыс» дейді, түсінбедім, қайтадан «Кылмыс» дейді. Басымнан бір салып қалдым. Қажығұмар Шабданның «Қылмыс» романын сұрап тұр екен. Қайдан болсын. Ол кітапты «Шетел қазақтар қауымдастығында» санаулы тиражбен шығарды ғой...  

ТӨРЕХАН Арыстан