Балалық шақ… Адам өміріндегі ең бір керемет армандарға жетелейтін, қиялыңа қанат бітіретін алаңсыз күндер. Бала кезде істегеніңнің бәрі жарасады. Есейе келе қарқылдап күлсең де, күшеніп сөйлесең де, айқайлап ән айтсаң да жағымсыз көрінесің. Ол кездегі қулығың да сыпайы, тентектігің де сүйкімді келеді. Өзімнің балалық шағымды есіме алсам, «бір күнге болса да сол күндерге оралсам ғой» деген тәтті қиял баурап алады. Балалық шағымның бал иісі аңқитын ауылымның әрбір сай-саласы мен үшін дүниенің жәннат бағы.
Әкем мен анамның жұмыстан қолдары босамағандықтан, менен бір жас кіші сіңілім екеуміз нағашы әжеміздің тәрбиесін көріп өстік. Мен үшін әжемнен асқан дана адам жоқтай көрінетін. Әжемнің сол кездегі әлдиі құлағымнан әлі күнге дейін кетпейді. Күнде кешке қарай бар тірлікті ыңғайластырып алғаннан кейін, бізге ертегілер, әр түрлі аңыз-әфсаналарды айтып отырушы еді, әжем жарықтық. Әжемді ауылда барлық адам сыйлайтын, құрметтейтін. Ол кісі тілге шешен, суырыпсалма болатын. Бір көңілге жақпайтын істі көрсе, бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын. Содан болар, ауылдағы көп кісілер оның алдында артық ауыз сөз айтудан иланатын. Мына бір сәт менің жадымда мәңгі сақталып қалыпты. Кешкі уақыт… Мен, әжем, кіші сіңілім үшеуміз жол жаққа шығып, әкем мен анамның жолын тосатынбыз. Ол кезде бүгінгідей ұялы байланыс та жоқ. Қашан келетіндерін нақты білмесек те, күтіп отыра беретінбіз. Аспанда қарқ-қарқ етіп ұшып жүрген қарғаларды көріп әжем бізге:
«Қарға, қарға, қарғалар,
Жол үстінде жорғалар», - деп бізге өлеңдер үйретіп отыратын. Осылайша уақыттың қалай өткенін де, анам мен әкемнің қалай тез келгенін де аңғармай қалатынбыз. Әжемді сағынған кезде осы өлең жолдарын іштей қайталап жүремін.
Мені Маржаным, Макошым, Маржангүлім деп еркелетуші еді. Балалық қой, талай тентектік жасасам да, «менің Маржангүлімнен асқан бала жоқ» деп мақтанатын. Көрші-қолаңның үйлерін аралап жүріп, маған ертегі кітаптар алып келіп беретін. Өзі әріп танымаса да, маған суреттеріне қарап әңгіме құрастырудың шебері болатын. Саусақтарымды ыстық алақанына алып: «Қуыр, қуыр, қуырмаш» деп отырғаны кеше ғана сияқты еді. Әжем барған бірде-бір тойдан мен қалған емеспін. Әжем қайда болса, мен сонда болатынмын. Көршінің сотқар баласынан мені көйлегінің етегіне жасырып, қорғап қалатын. Мен 4 жастан асқан шағымда әжем мәңгілікке менің жанымнан алыстап кетті. Ол кезде ненің не екенін ажырата алмайтын кезім ғой. Әжем бақилық болғанында аңғармай алаңсыз, ойынның артынан еріп жүре беріппін. Жан-жақтан көңіл айтып келіп жатқан адамдар, бәрі жылап жүр. Әсіресе анам байқұс солқылдап жылайды. Көрші үйдің баласымен ойнап жүріп, үлкен кісілердің алдынан шығып алып: «Менің мамам жылап жүріп той жасап жатыр», - деппін. Олар күлкілері келсе де күле алмай, менің маңдайымнан сүйіп, құшақтарына алып, еріксіз жымиыпты. Кейін қарап отырсам, балалықпен қандай ақымақ болғанмын деп көп ойлаймын. Әжем қайтыс болғаннан кейін оның орны ойсырап қалды. Жанында жатып, кешкі ертегілер тыңдаған күндерім сағынышқа айналды. Түнде әжемді іздеп қыңқылдай бергендігім үшін анам, менің жаныма әжемнің бешпетін қойып қоятын. Әжемнің иісі сіңген бешпетті иіскеп жатып, тәтті ұйқыға кететінмін. Кейде бешпеттің қалтасына қолымды салып, әжемнің маған арнап салып алған тәттілерін іздеуші едім. Бос қалтаға қолымды салып, мұңайып қаламын. Бәрібір кішкентай бала үшін әженің орны ерекше екен.
Мен кішкентай күнімде мазасыз, қырсық бала болғанмын. Кішкентай кезімде балалармен футбол ойнап, қыздармен ойыншыққа таласып қалатынмын. Бір күні ойнап жүріп, сіңілімнің сөмкесінің ішінен сіріңке тауып алдым. Дереу "тамақ жасап ойнаймыз" деген ой сап ете қалды. Себебі көршіміздің 4-5 сынып оқитын қыздары от жағып, шөптерді қайнатып, тамақ жасайтын. Менің де солай істегім келді. Ол үшін ошақ жасау керек. Сол қыздардан көргенімдей, екі кірпішті тауып, оны екі жағына қойып, ортасына қазанды орналастырып, астына от жағып жібердім. От лап ете қалды. Өйткені, мен әкемнің ала жаздай жинаған шөбіне әкеліп, ошақ жасаппын. От лезде өршіп кетті. Мен не істерімді білмей, жанымдағы сіңілімді ертіп алып, шөп жанып жатқан жердегі қамыс қораға барып, тығылып қалдым. Сонда, «қамыс қора да өртеніп кетеді-ау», - деп ойламаппын да. Әкем есі шығып жүріп бізді тауып алды. Дереу бізді қауіпсіз жерге апарып, асты-үстімізге түсіп бәйек болып жатыр. Көрші үйдің әйелі бәрі басылғанша, бізді өз үйіне алып кетті. Мен қазір әкем ұрсады деп дір-дір етіп тұрмын. Анам бізді көзден таса қыла бере, қас пен көздің арасында осы оқиға болып отыр ғой. Кешкісін әкем келіп, бізді көршілердің үйінен ертіп алып кетті. Бірақ ұрысқан жоқ. Сіңілім екумізді екі қолына жетектеп алып, мұндай нәрселерді енді жасамаңдар деп ескертті. Сол тұста тек фундаменті ғана қалған ескі үй бар болатын. Әкем сол үйді көрсетіп: «Енді сіріңкемен от жақсаңдар, біздің үй мынау сияқы болып қалады. Сосын балалар сендерді жаман үйде тұрады деп мазақтайтын болады. Сендерге осындай үй ұнай ма?» - деді. Біз көзіміз мөлдіреп, басымызды шайқап қоямыз. Содан бастап, "біздің үйіміз жаман болып қалады" деген қорқынышпен сіріңкені бей-берекет жақпайтын болдым.
Бірақ шын мәнінде қазір ол күндер тым алыста қалды. Көзден де,көңілден де жоқ болды. Сағынышқа айналды. Сағым болды. Тәтті естеліктерін ғана қалдырды. Сағынамын...