Ай мен Жұлдыз маза бермегенде...

Ай мен Жұлдыз маза бермегенде...
жеке
блог
Күнделігімде жасырылып тұрған жазбамды жариялайын деп отырмын. Себебін түсінер емеспін... Ішкі құрбым жаз, жаз деп итермелеп отырғандай. 
00:50. Келесі күннің бастауы. Шаршап жатырмын. Бірақ, ұйқым келер емес. Не істерімді білмеймін. Көңілімнің тынышын таба алмай жүрмін. Әлдебір ойлар санамнан кетер емес.
Бойжеткендік пе, білмедім. Көңіліме жаққан әр адамды жаныма жақын тартатын болыппын. Қайта сөйлескім кеп тұрады, қайта көргім кеп тұрады. Тіпті, бір-ақ рет көрген адам болса да.
Соңғы күндері жүрегімнің лүпілі жиілеп кетті-ау деймін өзім. Таксиде отырғанымда менің адресіме қарай комплименттер ағыла берді-ау, шіркін! Танымайтын серінің көңілінен шығып, бір-екі жылы лебізін естіп қалып едім, майдан жағып, көңілімнің бұрын-соңды болмаған күйін кешіп жүрмін тіпті. Шын жүрегімен айтты ма, әлде тапқан сөзі сол болды ма, қайдам, жағымды даусымен елітіп жіберді мені. Әр сұрағына дереу жауап таба қойып, оның да көңілін аулағым келді. Ұнаған сияқтымын. Қанша жас үлкен екенін айтпая қояйын, менің де үлкендеу көрінуімнің есебінен айтылғанның бәрі. Атымды біледі, жасымды біледі, қайда оқитынымды біледі. Күтемін... Мүмкін тағдыр өз әдетіне салып тоғыстырып қалар, әңгімеміз жарасып кетер, бәлкім. Білемін ғой, аз уақыттан соң көңілдің басыларын, іштегі алай-дүлейді осылай шығарайын деп жазып отырмын. Тез суынып қалатынымның кесірінен біраз қателікке бой алдырып үлгердім де. Қазіргі сезім де дәл солай су сепкендей басылып қалары айдай анық өзіме.
Неге дәл осындай болмысымды қалыптастырып алдым екен? Өзгеруге бола ма? Дегенмен, көңілдің қалауы сол болып тұрса, болмысың қайда барады.
Эээх... Өмір, шіркін! Сенделтпей қоймайсың-ау пендеңді...