Арман мақсатқа жетелейді

 

     Мамандық таңдау саналы өмірдегі аса жауапкершілікті кезеңдердің бірі. Біреулер бала күнгі арманына ереді, біреулер ата-ананың нұсқауына көнеді. Ал, енді біреулер жүректің қалауына ерік береді.  Мына мен болашақ кәсібімді таңдауда дәл осы жүректің қалауын орындаған адаммын.

    Қазақта баланың айналысын танып біліп, өз алдына әлдеңені ойлана алатын кезеңін «ес кіру» кезеңі дейді.  Мен де есімді білгелі жазу мен сызуға ерекше ынта білдіріп, сабақты да үздік оқыдым. Өсе келе журналист болсам  деген арман пайда болды. Әуел де ол мен үшін қол жетпейтін сағымдай көрінгені рас. Бірақ, талап қылған бала ниетім бойымнан биік арманыма алып ұшып күні бүгінге дейін адастырған емес. Алғаш талабымды шыңдауға көмектескен мектептегі ұстаздарым мен өзіме ыстық аудандық «Шу өңірі» газетінің ұжымы болатын.

    Журналистика – анау айтқандай жеңіл кәсіп емес. Маңыздылығымен қоса қауіптілігі де қатар өрілген мамандық. Бір ғана журналисттің пиғыл-ниеті, өзіндік пікірі тұтастай қоғамға өтіп, қоршаған ортаның көзқарасын өзгертіп,  қалыптастырып жататыны таңсық нәрсе емес.  Бұл үлкен жауапкершілік һәм бәріне жауап берушілік. 

    Әсіресе, саяси дүрбелеңдер мен ақпараттық қақтығыстар заманында тілшілік міндеттерге қойылар талап тағы жоғарылайтыны хақ. Ал менің арманым – осы жүкті саналы еңбек жолымда сынбай көтеру. Журналистиканы ғылыми деңгейде меңгеріп, ғұмырымды осы бір салаға арнағым келеді.  

    XIX ғасырдың екінші жартысында пайда болып, XX ғасырда жанданып,   үлкен жолға қойылған басқа емес нақ қазақ журналистикасының заңғар тұлғаларының еңбек жолы менің басты бағытым. 

    Арман қуып Алатаудың баурайына келгелі міне жыл жарым. Не көрдім? Не білдім?- деген сұрақ мазалайды. Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің даңқты факультетінде білікті мамандардан сабақ алып жүргенім үшін қуанамын. Бұл мен үшін өмір белесінің бір сыйы болды.              

     Мектеп партасындағы бала қиылымнан пайда болған үлкен арман мақсатыма жетелеп, алға қойған саналы мақсаттарым арда жолымнан адастырмай келеді. 

     Маған сенім білдіріп, үмітін арқалатып, көрген сайын етжүрегі езіліп тұратын жанашырларымың сенімінен шығудан асқан перзенттік арман жоқ, менде. Ендеше, мені жарқын болашақтың белестері асықтыруда!

Рахима ОСПАНБЕК

Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 

1 курс студенті

 

    

   



Бөлісу: