4 жылғы университеттік шағым!

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне грант ұтып алдын дегенде, университетке емес Алматыға өзге қалаға кететінімен кішкене көңілім түсті. Бірақ уақыт өте келе, Алматыға бүкіл керек қағаздарымды және жатақханаға орналасу үшін келген кезде ғана, студенттің ең алғашқы тәтті дәмін сезіндім. Жүзіме күлкі келіп, ойнай бастадым. Анам туралы айтсам, сол кісі менің орныма университетке түскендей, халықаралық емтиханды тапсырғанда өзі тапсырғандай қобалжып одан соң менімен қуаныштан жылап, университетке грант алды дегенде өзі оқуға кететіндей уайымдап бақыттан басы айналып жүрді. Әрине, бұның бәрі қалжын, ата-анам менің басқа өмірге қадам басып, он жеті жыл бойы қасында бағып өсірген жалғыз қызы басқа қалаға көшіп, енді өмірінің мүлдем өзгеруінен уайымдағаны енді рас. Ата-анам өте керемет жандар, балаларын кішкентай кезінен бастап жауапкершілікке және тәуелсіздікке үйретті. Сол себепті, менің Алматыға көшуім оңайырақ болды. 

 

Бірінші қыркүйекте кураторымыз біздің мамандықтың барлық студенттерін басын жинау үшін кураторлық сағат ұйымдастырды. Сол кезде біздің кураторымыздың көңілді, қалжын айтқанды ұнататын, керек кезде салмақты болатын, өте қарапайым жан екенін байқадым. Әр 54 студентіне назарын салып, мінезін зерттегенді ұнататын секілді, біз туралы қалжындаса да нық түсетін еді. "Менің есімім Нұртәліп, тегім Шәріпқазы, жазып алындар, ұмытып қалып жүрерсіндер" деп есімін жазғаннан ешқашан ұмытпаған екенбіз. Студенттердің әрқайсысы өзінше ерекше, ең сұлу, ең ақылды, тұнып тұрған дарын. Әркіммен танысу маған өте қызық болатын, өзімде ашық жан болғандықтан, тез арада бірнеше ұйымға жазылып, университеттің нағыз атмосферасына кірдім. 

 

1 курс студенттеріне алғашқы семестрда әрқашан ұстаздар қол ұшын беретін, кей кезде қатал мұғалімдер "бір айттым ба, сол жетеді" деп бізге мектеп оқушылары емес екенімізді жиі есімізге салып қоятын. Шығыстану факультетінің белгілі ұстаздары қарапайым, ерекше және ақылды. Әр студенттің өзінің сүйікті мұғалімі болатын секілді, қандай жағдай болмасын сабағына кешікпей бар ынтаңмен тындап, түртетін жерін жазып алып отыратын едік. Осындай ұстаздардың әсері студентке өте зор, себебі олардың көрсететін методикасы арқылы студент мотивация не алады не жоғалтып алады. 

 

Мен өзім алғашқы семестрден бастап бірнеше үйымдарға жазылып қойып, ақыр соңында мені  "Көмек" қоғамдық қорының факультет төрағасының орынбасары етіп сайлағаннан кейін, басқа ұйымдардан бас тартып, бар ынтамды осы ұйымға салдым. Біз "дарынды" балаларға арналған мектепке әр апта сайын барып, сабақ беретін едік, немесе апта сайын бір қайырымды іс жасайтын едік. Бүкіл университет бойынша Гоголь алаңында қайырымдылық жоба жасап, сол жобадан шыққан ақшаны мұқтаж отбасыға бердік. Онымен қоса, студенттік сезімді жоғалтпай жандандырып отыру үшін, өзіміз бас қосып, әр факультет таныстыру кешін немесе "лекция залында" жоба-концерт ұйымдастырады. Әр студент өзінің қабілетін көрсете алатын мүмкіндік осы кезде келеді. Ортақ бірнеше флешмоб, немесе ән құрастырып, жатақханадағы күзеттің түнімен мазасын алатын едік. Оқу залының кілтін сұрап алып, таңға дейін сәндейтін логотип немесе плакаттарды әзірлеп, ұйқыны ұмытатын едік. Таңғы сабаққа достарымызды көріп ұйқымыз ашылып, дым болмағандай жүре беретін едік. Сабақ арасындағы үзілісте астыға түсіп асханада енді дайын болып иісі мұрынды жарып тұрған "самса, ватрушкаларын" бірнешелеп алып, бір қолымызға кофе ұстап әрі қарай күнімізді жалғастырдық. Қолымызда ақша болған соң ба, әлде студент болып әр нәрсеге қызыққан соң ба, әрдайым кешке дүкенге барып, тамақ болмайтын тәттілер және т.б заттар алып, қыздармен отырып бөлмеде ноутбук арқылы кино-кеш ұйымдастырынымыз бар еді. Сол себеппен бе, 1 курс бітіргенде тек білім жинаған жоқпын, 10 кг салмақ жинап алыппын. 

"Көмек" қоғамдық қорынан сабақпен үлгіре алмай тым көп жұмыс болғаннан кейін шығуға тура келді. Бірақ мен жыбырлап, бір орында отыра алмайтын адам болған соң, тез арада факультет студенттер деканатына кіріп, факультет жобаларын немесе документтерді реттеуге көмектестім. Мамыр айынан бастап 2019 жылғы президенттік сайлау басталып, өз еркімен қалайтын тәуелсіз бақылаушылар және үгіт-насихат жүргізетін еріктілерді жинай бастады. Әрине, досым екеуіміз басқа да студенттерді ерітіп алып сол топқа кіріп кеттік. Бірнеше ай бойы күнімен түнімен жұмыс істесек те, болған қызықты оқиғалар және естеліктер мәңгіге жүректе қалады. Осы таңда, университетте жемқорлыққа қарсы күресетін "Саналы Ұрпақ" Академиялық Студенттік Кеңесі ашылып, концепция құрып жатты. Басында факультет төрағасы болып сайланып, бірнеше айдан кейін, 2 курстың басында университет бойынша төрағасы болып сайландым. Елге карантин, коронавирус еніп 2 курсымыздың соңғы айлары өз үйімізде өткен соң, және өзіме уәде бергендей, 3 курстың басында университеттік активистиканы тоқтатып, шынайы жұмыс жасап тәжірибе жинауым керек болды. Екі жыл бойы университеттің көптеген мүмкіншіліктерін көрдім, жеткілікті алғыс хат алдым, және өте қымбат әрі бағалы естеліктерді басымнан өткіздім, сондықтан еш өкінішсіз мен активистиканы, өзімнің ұйымымды лайықты адамның қолына қалдыра алдым. 

 

3 курстан бастап әлі күнге дейін мен енді өзімді тұлға ретінде қалыптастырудамын. Осы активистиканың арқасында бойымда ұйымдастырушылық, жауапкершілік, шыдамдылық және т.б қасиеттерді бойыма дарыдым. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ерекше студенттерімен белгілі ұстаздарына алғысым шексіз.

 

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Шығыстану факультеті, қытайтану кафедрасы

Оқытушы Шәріпқазы Нұртәліп

4 курс студенті Болат Әдемі Саматқызы.



Бөлісу: