Ерекше қызығушылығым (эстафета)

   Эстафета таяқшасын ұсынған Мұқағали Ибрагимов ағама алғыс айта отырып, кешірім де сұрағым келіп отыр. Себебі, эстафетаның кезегі маған келгеніне бірталай уақыт өтіп кетіпті. Оқу-оқу деп жүріп массагеттік оқырмандарымнан да қол үзе бастаппын. Енді міне, жазғы демалыс уақыты келді,мен де массагеттің тұрақты оқырмандар қатарына қосылмақпын.

   Енді тақырыпқа бет бұрайын. Мен осы мақаланы жазбас бұрын ойланып қарасам, өмірде мен қызығатын дүниелер көп екен. 

  Ең алғашқы қызығушылығым ән айту, музыка әлемінің ішінде жүру. Вокалдық арнайы білімім жоқ болса да, ән салмайтын қазақ жоқ демекші қай жерде болмасын қаннан дарыған өнерімді паш етуге әзір тұрамын. Мектеп қабырғасында жүріп талай байқауларға қатыстым. Алайда, бір өкінерім сол әндерімнің барлығын неге таспаға жазып алмадым екен. Тек екі әнімді ғана таспаға жазыппын, қаласаңыздар тыңдап, өз бағаларыңызды берерсіздер.

https://copper-music.ru/copper_songs/gauhar-musa_korkit-kobiz

https://music.zakon.kz/271672498-gauhar-musa-el-m-ay.html

  Екінші бір қызығатын ісім сурет салу. Аса шебер болмасам да бұл да мен қызығатын кезекті бір дүнием. Сурет салғанда ойымды барынша жинақтап, барлық күшімді салуға тырысамын. Бала күнімде армандаған мамандығым дизайнер еді, сол үшін көбіне киім үлгілерінің сызбаларын салғанды және мультфильм кейіпкерлерін салғанды ұнатамын.

  Үшіншіден, мен түрлі елдерде болғанды ұнатамын. Ең соңғы рет алдыңғы жазғы демалыс уақытында Оңтүстік Кореяда Сеуіл қаласында болдым. Мектебім он сегіз оқушыға жолдама беріп, екі апталық демалысқа жолдама берген болатын. Ел аралағанды ұнататын себебім, әр елдің мәдениеті әр түрлі болып келеді. Сол елдердің мәдениеттерімен танысу мен үшін үлкен ғанибет. Әрі ел көріп, жер аралағанға не жетсін!

    Тағы бір қызығушылығым тіл үйрену. Әзірге үш тілді ғана меңгердім.Олар қазақ, орыс және ағылшын тілдері. Осы жазда тағы үш тілдің ең болмағанда алғашқы деңгейін бастауды жоспарлап отырмын.Олар түрік,француз және корей тілдері. Түрік тіліне қызығушылығым ауған себебі, келешекте Түркиядағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алуды көздеп жүрмін. Ал, француз және корей тілдерін саяхат жасау құралдары ретінде пайдаға асырғым келеді. Қазір француз тілінен тілдік курсты оқуды бастадым, енді корей тілін де бір жолға қоюым керек.

  Міне, менің ауыз толтырып айтар қызығушылықтарым осы. Әлі де қызығатын дүниелерім көп, алайда, оның бәрін жазар болсам менің қолым талар,сіздердің көз жанарларыңыз да шаршар... Келесі эстафета таяқшасын Нұрдәулет Жеңіс атты ағама және Әйкерім Болатбекқызы есімді әпкеме ұсындым.

     



Бөлісу: