Мен биыл 10-сыныпты үздік бітіріп, 11-сыныпқа көштім. Жазғы каникуль кезі болатын. Ағаларым: Қуаныш, Жасұлан, Руслан, Ұлан – барлығы машинамен Астанадан келген. Мен ағаларымның келгеніне қатты қуандым. Бір ай жүріп, Жасұлан аға мен Руслан аға машинамен қайтадан Астанаға кетпекші болды. Мені де әкем мен анам келіссе бірге алып кетпекші болған. Бірақ ол кезде Ораза айы да басталуға жақын еді. Анам ораза тұтатын. Үйдегі тірлік анамның жалғыз өзіне қиын еді. Мен анамды ойлап бармаймын деп шешім қабылдаған едім. Бірақ анам: «Жылда ораза тұтып үйреніп қалғанмын, қызым бара ғой, Астанаға барып демалып кел», - деп жіберді. Осылай мен Елордамыз – Астанаға келіп, ағаларым орысша «квартира» деп аталатын, яғни жалға алған екі бөлмелі пәтерде тұрдым. Бұл пәтердің «хозяині» дейді, үй иесі болуы керек, қазақ азаматы екен,. Үлкен анасы бар, жақсы кісілер екен. Олай дейтінім, мен барған бір айдың ішінде бірде-бір шағым айтып, не болмаса «мынауың дұрыс емес»,-деп келген емес.
Менің ағаларым – өте бауырмал. Астанананың біраз көрікті жерлерін аралатты. Әйтеуір, ауылға қайтатын уақыт жетті. Ағаларым билет таппай, ақыры «тамыздың жиырмасына бір билет бар екен»,- деп, өзіме билет әперді. Айтпақшы, биыл ақпанның жиырма алтысына он алтыға толып, жеке төлқұжат алдам. Сондықтан да менің жеке өзіме билет сатыла береді екен. Бұл да менің алғашқы рет жеке өзімнің пойызға мінуім. Сонымен жиырмасыншы тамызда, сағат түнгі он бірде он төртінші вагонға міндім. Пойыз бір түн, бір күн, сосын тағы түн жүріп,таңғы төрт жиырмада Жаңақорғаннан түсуге тиіспін. Қасымдағы апаларым жақсы кісі екен. «Барлық заттарыңды салып дайындап қой, қазір ұйқылы ояу таңда заттарыңды ұмытып кетесің», - деп кеңес берді. Өздері Қызылордадан түседі екен. Түсетін уақытым да таяп, заттарымды алып, «тамбурге» жақындадым, бұның қазақша баламасын білмейді екенмін,әйтеуір сол жерге келдім. Сол кезде қасыма бір үлкен аға келіп, «бұл қай жер?»- деп сұрады. Мен: «Жаңақорған ауданы», - дедім. Ол кісі мені әңгімеге тартып, менің қайда оқитынымды, немен айналысатынымды, таңдаған пәнімді сұрады. Мен ол кісінің сұрақтарына биыл 11-сыныпқа өткенімді, әдебиет пәнін таңдағанымды айттым. «Құдай қаласа, журналистикаға түсем бе?» деген ойым бар. Биыл тест тапсыруым керек дедім. Ол кісі маған: «балалар шығармашылығымен айналысатынын, егер де өлеңдерің, шығармаларың болса, маған жібер. Менің атым - Шанжархан», - деп, өзінің телефон нөмерін берген еді.
Пойыздан інім Дастан күтіп алды, үйге келдім. Үйге келген соң анама пойызда бір ағаймен кездескенімді айттым. Анам айтты: «сен адамға сенгішсің, қандай адам екенін қайдан білесің?»- деді. Мен ойланып қалдым. Анам ылғи да «қызымды жақсы адамдарға жолықтыр»- деп дұға оқып отыратын. Мүмкін жақсы адам шығар. Жаман адам болса, өзінің телефон нөмірін маған бермейді ғой, қайта менің телефонымды алып, маған маза бермеуші еді ғой деп ойладым. Осылай ойладым да, ол пойыздағы адамды ұмытып кетіппін.
Бір күні көршіміз мейірбике Қарлығаш апай, анама қағаз толтыру керек деп ақпарақ беріпті. Сыртында – «Сыр бойы» газеті. Үйде ешкім жұмыс жасамайтындықтан, газетке жазылмаған болатынбыз. Анам кейде сатып алатын. Кешке сол ақпарақты толтырып болғасын, газетке анам бір көз жүгіртіп өтеді. Қараса хабарландыру тұр. «14-29 жас арасындағы шығармашылығы бар жастарға 3 өлең не1-2 әңгіме»,- деп.
Азанда мектепке барамыз, таңғы жеті жарымда анам тұрғызды. Сосын қолыма газетті беріп, «мына хабарландыруды оқы»,- деді. Оқыдым. Астында телефон нөмері бар екен. Бірақ белайн екен. Анам әкімгершілікке барайын деді де, «қызым сен өткенде бір аға телефон нөмерін берді»,- деп едің ғой. «Ұялы телефоныңнан сол нөмерді көрші, мына нөмермен сәйкес келе ме екен?»- деді. Телефонымды ашсам, қуат көзі бітіп қалыпты, дереу қуат көзіне қойып, телефонымдағы нөмерлерді көрдім. Міне , қараңыз, қандай сәйкестік. Телефондағы Шанжархан ағаның нөмері. Сол кездегі анам екеуміздің қуанғанымыз-ай!