Өзгелерге қырсығып!
блог
Тағы да ояттың...
Бозарып таң атып келеді,
Санамда сенделген сен едің.
Қалайша сезбейсің, Құдай-ау
Жырыма өзіңсің керегі.
Тағы да құр арбау өзді-өзім,
Көбейіп кетіпті сөз бүгін.
Өзгелер сезіп жүр, ал сенің
Ойыңда не бар деп кезді күн.
Сыйластық шығар-ау өлшемі,
Сан сұрақ тербейді теңселіп.
Ақылға тұсау сап, ұнаттым
Өзіндік тұлғаңды еңселі.
Бас изеп өтесің алдымнан,
Не деген жан едің зар қылған.
Одан соң оқуға дәрмен жоқ
Жұбату іздеймін жан жырдан.
Ғаламтор желісін ашамын,
Сан хаттар келіпті қанша мың.
Өзгені қайтейін, өзіңді
Жазар деп күтуден шаршадым.
Шаршадым сыйластық, ізеттен,
Шаршадым көздерден күзеткен.
Селт етіп оянған түн үшін
Өзіңе арналад(ы) күз өкпем.
Қашырдың неліктен ұйқымды,
Қанымда ұйыған жыр сынды.
Ұнатар бір күні деуменен
Деуменен кеудемде күй тынды.
Сабаққа келемін сыланып,
Жөнге сап,түзетіп сыртымды.
P.S. Айтшы, қай жерім ұнамайды?!
Пендемін!
Ақ қардың күзімді ұрлап ап,
Табанда тапталып жатқаны.
Секілді жүректік торда дақ
Орнаған сезімнің қатпары.
Сезімім сан-саққа тараған,
Бірақ ол ақ қардай пәк емес.
Шуағын шашса да бар адам
Бітпейтін қиялым бал елес.
Пенделік күнәмнің барлығын,
Кешірім сұраумен шертемін.
Ал бірақ ақындық күнәмді
Ақындық күнәмді қайтемін?
Аппақтың белгісі болсын деп,
«Ақниет» аталған есімім.
Атымды ақтаудан адассам
Я, Аллам, өзің бер кесімін.
Бес күндік жалғанның жарасы,
Бес минут болмай-ақ өшеді.
Бес уақыт намаздың арасын
Жалғамай, сорым да бес елі.
Білгенмен парыздың міндетін,
Нәпсіні тиюға жоқ шама.
Күнәһәр кеудемде жүр дертім
Пенделік күйім де тоқтамай.
Жалғанды жалғаған жол мына,
Әзірше көрінер тұнықтай.
Аллаһты ойлаудың орнына
Өзгені ойлайтын тынықпай.
Сезімге сан түрлы сыр шертіп,
Иманым әлсіздік танытад(ы).
Құлшылық жасамай жүрсем тік
Жұмаққа ауылым алыс-ақ.
Тәнім мен жаным да тек қана
Қара жер қойнында табысад(ы).
P.S. Сылтауым бір ғана...Пендемін!!!
Жек көрем!
Тағы отырмын терезеге телміріп,
Сөздеріңіз санама кеп орнықты.
Дәлелдепсіз жомарттықты кең қылып
Сіздік әлем сезінбейді кемдікті.
Гүл сыйлапсыз алдыменен күліп кеп,
Ақын қызды қалап алмақ барлық ой.
Кешірерсіз, гүлмен бірге құрып кет
Жан жүрегім жараланып қалды ғой.
Қайтейін мен сіз сыйлаған алтынды,
Бар қалауым, бар бақытым жалғыз жан.
Тоқтатыңыз! Қар көшкіндей қарқынды
Жоламаңыз, аулақ мендік тағдырдан.
Өзіңіздей өркөкірек жандар ғой
Көлгірсумен көр билікте қалықтар.
Мүләйімсіген сезіміңіз жалған ғой
Көзге түспей, сол қалада қалып қал!
P.S. Жек көрем!
Анашым, кешірші...
Анашым, кешірші, бойжеттім тым ерте,
Жырдағы сырыммен өзіңсіз күнелтем.
Жат жұрттық екенім тағы да білінді
Жабырқау сәттерім, төмендеп жүр еңсем.
Анашым, кешірші, өзгеде жүрегім,
Неліктен ұямнан асығыс түледім?
Өзіңнен алысқа кеткенім себеп пе?
Сезімге арбалу емес ед(і) тілегім.
Тағдырдың заңы ғой, солай ма, анашым?
Түбі сол өзгенің жанында қаласың.
Менде де қателік кеткен-ді дәл сендей
Таңдауым, қалауым сол ғана шамасы...
Қалайша бұл дертке байқамай ұрындым?
Сезімді билеген деймісің, "ұрың кім?".
Ол менің жанашыр, ары асыл ардағым
Алыста тек соның отынан жылындым.
Тек оның арқасы жалғыздық көрмедім.
Жанымның аршасы, өмірлік өрнегім.
Ақылды тоқтатып қойғанмын, кешірші,
Рұқсат бер анашым, сезімнен терледім.
Мәңгіге жанымнан сол бір жан табылсын,
"Ұлым" деп қабылда, уайымнан арылсын.
Бәлкім, бұл жастығым,сезімім ақылсыз
Алайда қайтейін, ол менің барым шын.
Түсінші...
Біз қайтадан бастаған ек барлығын,
Сені маған жолықтырды тағдырым.
Көктем шығып, күн күледі біздерге
Құп алғандай Жаратқанның жарлығын!
Мейлі, ол сөзін sms-пен жолдасын,
Үшіншінің айқын еді оңбасы.
Біз екеуміз бақытты боп жүргенде
Өзге арудың ағып жатты көз жасы.
Мені өзгенің ұнатқаны болған іс,
Жасырып қап іздемеймін қорғаныс.
Біз екеуміз бақытты боп жүргенде
Бір серіні өртеп жатты қызғаныш.
Өзгелердің көптігінен тұншығып,
Бірімізді жоғалтпауға құлшынып
Біз бақытты болайықшы, мәңгілік
Өзгелерге қырсығып!