Өзгеден үлгі алғанша, өзгеге үлгі болсайшы ...
блог
Әрбір отбасыны кішігірім мемлекет деп алсақ, осы мемлекеттің ошағының ұйытқысы, берекесі мен бірлігінің негізі - әйел адам. Бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен Ана көрінісі мен "болашақ аналардың" тәрбиесі - ұлттың адаспай ұлт болып қалуына, қоғамның ырғақты дамуы мен мемлекеттің өркендеуіне тікелей байланысы бар екенін аңғару қиын емес. Материалдық байлықтың құны өршіп тұрған бұл заманда ұлтымыздың асқақ рухы, ата-бабамыздан қалған салтымыз бен дәстүріміз аяқ асты қалмауы тиіс. Діні мен Ділі берік ел - алынбас қамал! Жарқын болашағымыз бен кемел келешегіміз жастардың қолында. Сондықтан өзге ұлттың өркениетті жетістігі деп бағаланған арзанқол мәдениет үлгісі ата салт-дәстүріміздің тұнығын лайлатпасын, жастардың санасын уламасын десек, бүгінгі жас ұрпаққа, әсіресе қыз балаға дұрыс тәрбие беру, сіз бен біздің ортақ парызымыз. Кезінде фашистік Германияның идеолгтарының бірі Гитлерге жолдаған хатында: " Орыстарды жеңу мүмкін емес, олардың рухы асқақ. Өйткені, оған дәлел тұтқынға түскен славян қыздарының бәрі дерлік абыройы аман, арлары берік" деген екен. Яғни қызының арын қорғаған, болашақ анасын аялаған ұлт, рухы асқақ ұлт. Ондай ұлт ешқашан жеңілмейді. Сондықтан да бақайшағына дейін қаруланған фашистер, жұпыны ғана совет әскерінен ойсырай жеңілді.
Қазақ қыздары көк айдында кербездене жүзген аққудай нәзік боп өскен. Ержүрек атанған халқымыздың батырларын жігерлендіріп отырған , осы бір нәзік жандыларды қорғау ниеті. Осы көзқарасқа қарама-қарсы Батыс өркениетінің үлгісі, атап айтқанда қыз баланы ер жігіттен жоғары қойып, ерлерге тән қылықтарды насихаттауы бүгінгі қоғамға әйел киімін киетін еркектерді, еш именбестен өзін еркектерше ұстайтын еркекшора қыздарды әкеліп отыр.
Біз кімге еліктейміз, кімнен үлгі аламыз? Қайтсек еліміз өркендемек? Не қылсақ ұлтымыздың ұлттылығын қаймағын бұзбай сақтаймыз? Ерлеріміз ержүрек, батыл да батыр, қыздарымыз ибалы, нәзік те талдырмаш болуы үшін не істемек керек? Бәріміз жанталаса еліктеп, үлгі алып жүрген Батыс мәдениетінің Қазақ менталитетіне сай келмесі тайға таңба басқандай ап-анық. Дұрысы, үлгі алу мен еліктеушілікті доғарып, болашақ аналарымыз бен ел қорғар азаматтарымызға тәрбиенің асылы, ата-баба салтымен, адами құндылықты дәріптеуші қастерлі дінімізбен сусындатар кез келді. Қызымызды қырық үйден тыя отырып, әспеттеп еркелетіп, оны қашан да жат жұрттық деп, жас күнінен отбасының сенімді серігі, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде ұзатқанға дейін тәрбие берсек, ол қыз барған жерін нұрға бөлеп, ертеңгі батырлар мен сұлуларды жарық дүниеге алып келеді. Мұхтарша айтсақ: " ... Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейін десең, әйелдің халін түзе!"
ХХІ ғасырдың нағыз жаужүрек батыры мен талдырмаш сұлудың образын қалыптастырар болсақ, біз өзгеге емес, өзгелер бізге еліктейтін шақтың аулы алыс емес. Олай болған жағдайда еліміздің керегесі кең, рухы асқақ, болашағы жарқын болары хақ!