Өзгеде жоқ, өзіңдегі ертегі
блог
Қадірлі, оқырманым! Ешкімге айтпай, сыр шертісеміз бе? Онда сізге де кітабыңызға жүгінуге тура келеді. Жо-жоқ, сөредегі шаң басқан кітабыңызға емес, жүрегіңіздегі құлыпталған кітапқа үңіліңіз. Бір сәт үн қойыңыз. Үнсіз жүрегіңіздің сол жанға келгенде, атын әлемге жар салардай айқайлап, кеудеңізді жарып шығардай дүрсілдеп тұрғаны маған да сезіліп тұр ғой. Ал сіз сол кейіпкердің сыйлаған ертегісі жайлы ойлап көрдіңіз бе? Тілсіз жүрекке әсем әуен сыйлап, өз симфониясын ойнатқан сиқыршыңыз бар емес пе? Дәл сол жайлы сыр шертісейік...
Ол - ерекше. Бір қарағанынан-ақ бойыңды электр тоғы "дызылдатып", тілің жұтылуға шақ қалады ғой,шіркін! Қасыңа өте бере сәлемдессе болды, өзіңнен өзің ыржиып, энергияңның тасығаны сонша, тау қопарған Таусоғардың күшіне бір-ақ жетеді дерсің. Ал сіздің қасыңызда бөгеліп қалған сәтіндегі, өз әрекеттеріңізді сырттай елестетіңізші. Қайта-қайта қасынып, көзіңіз шарасына сыймай, онымен қоймай кірпігіңіз автоматты түрде ашылып- жабылу операциясын "мінсіз" орындап кетеді.Сыртқы аудиторияға циркте өнер көрсеткен сайықмазақтай көрінетініңізге келісесіз ғой,иә? Алайда, басыңыз айналып, жүрек қағысыңыз дүрсілдеп, кілеммен ұшқан Алладиннен де биік, асқақ жүргеніңізді адамдар қайдан білсін? Айдай тұнық сұлулығына келгенде, жан біткеннен қызғанып, 3 басты айтаһардай, Альпінің адам аяғы баспаған шыңына жасырып-ақ қояр едіңіз ғой.Шабытыңыз жетсе, Пушкин мен Моцарттай, ол жайлы том-том етіп кітап жазып, ноталатып әуендер арнайтын едіңіз ғой.
Андерсеннің қиялынан өте арбайтын сиқыршыңызды бағалаңыз,ертекшім!