Мен 1991 жылы 16 қазанда Байқоңыр қаласында дүние есігін ашқан қазақпын. Туылған соң 3 айдай анамның ақ сүтін еміп, одан кейін мені ешкінің сүтіне үйретіп тастапты. Ешкінің сүті де пайдалы, мақалалардан оқысаңыздар. Туылған кезімде сәбилердің арасында ұйықтай беретін болыппын. Басқалары жылап жатса, мен ұйықтап жатады екенмін, анамның айтуы бойынша. 3 жасқа жетпей балабақшаға бардым. 4 жастан асқанда-ау шамасы, орыс балабақшасына берді, үйдің қасындағы. Орыс қыздарының шаштарын тартып, мазалай береді екенмін. Кешке таман ата-аналар балаларын алып қайтады ғой, мен сол кезде апайдан қағаз сұрайтын едім, есімде әлі. Сол қағазға өзімнің қаламдарыммен сурет салғыштап отыратынмын. Бірінші класқа 98-де бардым. Екінші класта басқа мектепке ауыстырды, яғни өзіміздің райондағы мектепке, бірақ ол алыстұғын. Біріншіні бітіре салып, ойнап жүрсем, безім ісіп кетіпті. Қызылордада тубдиспансерде 2 ай 10 күннен аса жатып емделдім. Сол үш мезгіл витамин укол, дәрі-дәрмек, т.б. Кілең үлкендердің арасында жаттым. Төбеде бесінші қабатта туберкулездер жататын. Әйтеуір, не керек, аман-есен елге оралдым. Ол заманда ата-анамның қаражаты аз, үйдегі кондерды сатып, маған Қызылордаға келген. Сонда 1 жарым айда бір рет келетін. Сол кондер қалай сатылды, 2009-ға дейін әрбір жаз сайын ыстықтап өлетінбіз. Қазір шүкір, үйде сплит тұр. Білмейтін шығарсыздар, Байқоңырда әрбір үйде сплит бар. Өте жаман ыстық жазы, қысы суық, аяз. Бесінші класымда тақпақ шығара бастадым, болашақта аудармашы боламын деп. Төртінші кластан бастап футбол ойнай бастадым. 11-12 жасымда ауладағы үздік ойыншы болдым. Сол кездің ермегі сол болатын. Ол кезде Мексиканың сериалдары қаптаған заман ғой. Бір күні үй жақта жарыс болған. Кім көп гол салса, соған грамота береді бомбардир деген. Мен сол финал болатын күні далаға шықпай, үйде сериал көргем. Азамат деген бала менен 2-3 гол көбірек жинап, грамотаны алды. Мектеп бітіремін дегенше футбол ойнадым. Бақытжан мен Әдөк - үлкен болатын. Екеуі кейін оқуға кетті, кейбір жігіттер көшті, сөйтіп, 4-5 жігіт қана қалдық. Олар да тоғызыншы класқа келгенде, қыздарға бара бастады, футболды қойып. Ал мен футбол ойнап жүре бердім. Көрші Рауанмен ойнайтынмын. Бір күні жаңбыр қатты жауды. Мен болсам, шошқа болғанша ойнағам Рауанмен. Ертеңіне соқырішек боп операцияға түскем. Допты үнемі мен сатып алатынмын аулада. Резеңке доп. Тез жарылып қалатын. Бірақ қырық тесік болса да, үстінен мыжбасаң, ойнауға келетін. Суды да менің үйімнен ішетін. Сол соқырішек болған кезімде кластан бір адам да келген жоқ. Сөйтіп, тоғыздан бері далаға шықпадым. 10-11 класс үйде жаттым. Тек мусор төгуге шығам, нан алып келуге сосын. Туыстардың да үйіне барғанда ғана шығатынмын. Тоғызда кафелеріне бармадым кластың. Сөйтіп, 2008-де Сәпөннен наушник сұрап алғам, кішкене микросы бар. Сонымен орыс тілінде рэп айтып бастадым. Комптағы диктофон сияқты бағдарламада. Сосын 2009-да қазақша айта бастадым. "Қош бол, мектебім" дегенім сәтті шықты. Мектепте біраз тарады. Мектептің алғашқы рэпері болдым. Бәрі осы кездегі Қайрат Нұртасты көргендей болатын мені сол кезде. ҰБТ-дан өттік, көп қорқытса да. Оқуға да түстік, ҚазҰПУ-ға. Мінеки, оны да бітірдім. Енді жұмыс іздеп жүрмін. 3-курсқа дейін сабақ оқымағам жөнді. 3-курстың екінші семестрында Серік Асылбекұлы әдебиеттен сабақ берді, сол кезде ғана әдебиетті түсіне бастадым. Сөйтіп, әрбір лекциясында дәл алдына отырып алатынмын. Ақыры, драматургиямен ауырып қалдым. Емі жоқ екен. Дәрі-дәрмегі де жоқ болды бұл аурудың. Ем болатыны тек - пьесаң театрларда сахналанып жатса ғана, халық көріп жүрсе ғана. Ал оған дейін ауыра береді екенсің. Сөйтіп, Серік Асылбекұлы ақылын айтты. Айтпақшы, оған өзімнің драматургияға деген қабілетімнің бар екенін сол семестрда соңғы лекцияда "ЖОО" деген бір актілі драмамды көрсету арқылы дәлелдегем. Группаластарым ойнап берді. Сөйтіп жүргенде, Шымкенттегі жас драматургтер конкурсы басталды. Пошта арқылы жібересің шығармаңды. Енді-енді ғана аяқ басып аттап едім десем де, "Желсіз түнде жарық ай" деген драмамды жазып жібердім. Бұл пьеса - құрастырма пьеса. Ол пьесаны да Шымкентке өйтіп-бүйтіп беріп жібердім. Ол жағын кейінгі жазбаларымда айтармын, күнделігімнен үзінділер келтіре отырып. Сөйтіп, осы көктемде пьесамның ие болған 30 мың теңгесі келді. Айтпақшы, "Исабеков әлемі" фестиваліне де қатысқам, бір күн қалмай. Оған да байланысты жазған күнделігім бар. Алдағы күндері жазармын. Қазір енді жүрмін жұмыс іздеп. Болашақта драматургия саласында қызмет еткім келеді. Соған жақындау жұмыста қызмет еткім келеді. Мектепке мұғалім боларлықтай ниет те, махаббат та жоқ.
ПіСіП: Жалпылама ойға келгенін жаздым. Сұрақтарыңыз болса, жауап беруге дайынмын. Сұрақтан аянбаңыздар!