Өздеріңнен айналайын, алтындарым!

Өздеріңнен айналайын, алтындарым!
жеке
блог

Бүгінгі күннің оқиғасы − ертеңгі күннің тарихы. Күні кеше біздің қаламызда Жұбаныш Жексенұлы мен Елена Әбдіқалықованың концерті өтті. Алғашында билет алар кезде Жұбанышты мақұл, әндері біздің Оңтүстік өңірде жақсы тараған, сүйікті әншіміз, ал, Елена деген кім деп таңқалыстық. Әрине бұл заңды сұрақ болатын. Өйткені бұл әпкемізді көгілдір экраннан көп көре беремейміз ғой. Қазіргі жастар алдыңғы буын апа-ағаларымызды біле бермейді емес пе?

Концерт барысында бірінші болып сахнаға Жұбаныш шығып халықпен түгел амандасып, мерекелерімен құтықтай келе өзінің біз сүйетін, жүректі тебірентетін, қоңыр ғана әдемі үнімен әнін бастап жіберді. Қанша дегенмен өзіміздің ерке ұл ғой.  Әуен бүкіл залды толқытып, біраз тебірентіп тасатады. Ең алғашқы ән менің сүйікті әнім болатын «Арқалықтың ақ таңы» деген. Басқаны білмеймін өз басым Жұбанышты ерекше жақсы көремін. Оның дауысында қазақилық үн бар. Кез келген әнін жатқа білемін. Концерке өңкей үлкен кісілер келетінін білсем де, келдім. Қазіргі жастардың мағынасыз келдім-кеттім сапасыз әндерінен гөрі қазақи иісі бар, қазақилық бояуы сіңген сонау Шәмшілердің әндеінен тыңдағанды жақсы көремін. Құрдастарым келеке етіп жатады. Мен оған мән де бермеймін.

Жұбаныш ағам бүкіл қазақтың даласын әнге қосып, біраз әуелетіп шырқап та тастады. Бастан аяқ әндерінің бәріне де қосылып отырдым. Әлден уақыттан соң Жұбаныш концеттің қонағы Елена Әбдіқалықованы сахнаға шақырды. Өте әдемі де, әдепті әйел екен. Қазақтың салтымен бүкіл елге қайта-қайта иіліп сәлем берді. Иілгеніңнен айналайын Елена әпке! Сахнадан тура  Лидия Каденова апамызды көргендей болдым шынымды айтсам. Сахна мәдениетін өте жоғары ұстайды екен әпкеміз. Сонысына разы болдым. Әзілмен сөйлейді екен. Сөйлегенде де жай сөйлемейді, жүрекпен сөйлейді (әнді жүрекпен айтатынын қоспағанда). Өзі ақын, композитор, өзі орындауышы. Әрине мұндай адамның ішінде бүкіл әлем жатыр емес пе? Сондай сөздері шынайы. Естіген жанды бірден баурай кетеді. Тыңдаған сайын тыңдай түссем дейсің. Дауысының сыйқыры бардай. Ең бастысы қазіргі қоғамға керек жастардың бойына патриоттық жігер беретін, рухты оятар әндері көп екен апамыздың. Музыканың құдіреті де осында шығар. Жұбаныш ән айтқанда қол шапалақтап, әнге қосылып, көңілденіп отыр едік, Елена әпкеміздің әнінің әрбір сөзіне ойланбасқа болмады. Ой тереңіне бізді алып кетіп, біраз аралатты.  Біз Еленаның "Есіңе мені алғайсың" әнінің авторы екенін енді ғана біліппіз. Басқаларды білмеймін өз басым Мәдина апамыздың орындауында тыңдап, осы күнге дейін кім айтса да қосылып айтамын. Ұлықбек Есдәулетовтің де кереметтей лирикасына ән жазған екен. Мұны естіп қатты қуанып қалдым. Енді мен Еленаны бұрын неге танымадым деп өзімді жазғырдым. Тіпті ұялдым. Әрине мені Елена танымаса да өзімнің ұятым маза бермеді. Қазақтың осындай алтынға бергісіз, ардақты әнші азаматын неге осы күнге дейін білмей келгенмін дедім. Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі деген атқа әбден лайықты бірден бр жан. Қазақта шынында да асыл азаматтың қадірін көзі тірісінде біле бермейді ғой. Кетіп қалғаннан соң кезінде бағалай алмаппыз деп өтірік жылайды. Елена әпкем де дәл осылай айтып, сәл  сахнада мұңайып қалған жайы бар. Оның жан дүниесі соншалықты бай екені соқырға да көрініп тұрды. Қайран әпкем-ай! Өзіңізден мың рет айналып кетер ме едім?!

Бұрын біраз жарқылдап, кейін жоқ болып кеткен әпкемізді кешеуілдетіп болсада қолынан сүйреп сахнаға қайта алып шыққан адам Жұбаныш екенін айтып, оған шексіз алғысын жауғызды. Оңтүстіктің халқы Жұбаныштай ұлды тудырғанын ерекше мақтан тұтып, кеудесін бір керіп алғандай. Бір өкініштісі осындай кереметтей, шын мәнісінде де халыққа айтары бар кісілерді жастар онша жақтырта бермейді. Олар алып ұшып шетелдің өздері түсінбейтін әндерін тыңдауға құмартып тұрады. Кейбіреулері тіпті қазақша әндер тыңдамаймыз деп өздерінше болады. Өзге елдің де музыкасының құдіретін түсіну үшін алдымен өз жауһарларымызды тыңдап, бойына сіңіру керектігін кейде ұмытып, адасып жатады. Осыдан кейін қазақстандық патриотизм қайдан болысын. Не де болса қазақ елім деп жүректері дүрсіл қақпайтын жандар дүбәраға айналып, көбейіп бара жатыр.

Қаншама шетелдің жұлдыздарын тыңдап жүрміз ғой, құдайға шүкір. Оларды мойындаймын да. Дегенмен өзіміздің Елена әпкемізді, Жұбаныш ағаларымызды бәрібір олардан биік қоямын. Олардың қашан да шоқтығы биік.

Жұбаныш пен Елена әпкеміз дуэт айтқанда, кереметтің кереметі сонда болды. Екеуі  де мықты әншілер ғой. Залда отырған көрермен қауым еріксізден шапалақтарын жаудыра берді. Міне, халықтың сүйіспеншілігі деген осы. Жарты сағаттай уақыт ішінде Жұбаныш сахнаға гитарасымен шығып халыққа ән шырқатқызды. Елена қостап отырды. Бәріміз қосылып ән айтып арқа-жарқа болып қалдық. Залдағы көрермендер концерттің аяқталмағанын қалап отырды. Әр әнді аяқтаса келесі әнді сұрап үлгерді. Үш сағатқа жуық уақыт болды концерт. "Тағы-тағы" деп шуылдап әрең қайтыстық. Алдыңғы қатарда отырған жігіттер концерт аяқталып жатқан шағында Арыс туралы өлең деп қайта-қайта сұрады. Бірақ та Жұбаныштар жиналып ішке кіріп кете барды. Осындай оқиғаның куәсі болып қана қоймай, естелікке суретке түспек болып едік, рұхсат етілмеді. Әттең ай, Елена әпкемнің  бір батасын алып кеткім келіп еді. Бұлай деуім менің де бойымда құдай берген талантым бар. Аты шулы ақын болмасақ та.  Өлең шығарамын. Саханаға шықпасам да ыңылдап ән айтып жүрем жүрген жерімде. Осы әпкемнің мүмкін Алла жолын беріп жатса деген ниет қой біздікі.

Айналайын Елена әпке, Жұбаныш аға, Сіздер барда қазақ әнінің мерейі үстем. Өздеріңізбен мақтанамыз әрқашан. Бізге көбірек келіп тұрыңыздар!