Өз тіліңді құрметте

 Әне-міне дегенше мектеп партасымен қоштасып, үлкен өмір жолына біз де қадам бастық. Қазірден бастап қоғамда болып жатқан ағыстарға өз білім-деңгейіміз тұрғысынан баға беріп, ойша есейген болып жүреміз. Әрине, студент атанбас бұрын біздің негізгі мақсатымыз мектептен соң жоғары білім алу болды.Өйткені, жалаң білім - құнарсыз жерде көктеген талшыбық секілді. Сондықтан елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттырудың арқасында сол талшыбықтың үлкен ағашқа айналуына жол ашуға тырысып жүрміз. Ол үшін біз қоғамда болып жатқан, болмақ өзгерістерге бүгіннен бастап өз көзқарасымызды қалыптастыруымыз керек. Осы ыңғайда Елбасы Н.Назарбаевтың "Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты"   атты Қазақстан халқына Жолдауына үн қосқанды жөн санадым.

   Әкем қазақ, шешем қазақ болғасын, өзім қазақ елінде, қазақ жерінде өмір сүріп жатқасын Қазақстанның қай түкпірі болмасын қазақша сөйлеуге тиістімін. Өкінішке орай, бұл әзірше мүмкін болмай тұр. Өз басым телеарналардың неге екі тілде сөйлейтінін, газет-журналдардың негеекі тілде жарық көретінін түсінбеймін. Тіпті қаладағы көше атаулары да екі тілде жазылады. Мекемелердегі маңдайшалар да солай. Ол аз болғандай ағылшын тіліндегі атаулар да таласа-тармасатөрімізге озып барады. Бізге мектептегі ұстаздарымыз ұлтты, Отанды сүю ұғымы қазақ тілінде еркін сөйлеп, еркін оқумен ұштасып жататындығын үнемі қайталап айтып отырады. Алайда сырттағы көрініс мүлде басқаша. тіпті кейбір қатарластарым басқа тілде сөйлегенді мақтан санайды. Біз кейде "Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" деп жырлаған Қадыр Мырза-Әлі атамыздың нақылға айналып кеткен өлең-жолдарындағы салмақты ойды мазаққа айналдырып бара жатқандаймыз. Өз тілімізге өзіміз құрметпен қарамасақ, өзгенің бізді жарылқай қоюы еш мүмкін емес қой.

   Елбасы Жолдауында 2020 жылы Қазақстан халқының 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейтін болады деген болжам бар екен.  Лайым солай болғай. Қазақ қазақпен ғана емес, басқалармен де қазақша сөйлейтін кезге жеті жыл қалды. Арманымыз орындалсын!  



Бөлісу: